«Алтын тұлпарда»  «Жаннұр» озды

    %d0%b1%d0%b0%d0%b9%d0%b3%d0%b5 Алты алашқа айлар бұрын сауын айтқан «Алтын тұлпар» бәйгесі  11 қыркүйек күні Астананың іргесіндегі Қабанбай батыр ауылының маңын дүбірге бөледі. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 51 шақырымдық аламанға еліміздің барлық аймағынан дәмелі жүйріктер қатысты. Биылғы «Алтын тұлпардың» бас бәйгесі Жетісу өңірінің сәйгүлігіне бұйырды. Аламанға қосылған 66 атты артқа тастап, баршасына шаң қаптырған   «Жаннұр» есімді  жүйрік  болды..

     «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы биыл үшінші мәрте «Алтын тұлпар» атты аламан бәйгесін ұйымдастырды. Бәйгенің ашылу салтанатында  ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан дәстүрге айналған осы  жарыстың мән-мағынасы туралы былай деп толғады. «Ассалаумағалейкум, қадірлі ағайын! Қазақ халқы қашаннан қуанышқа қуана білген халық. Біздің халық қуанса ат шаптырып, көкпар беріп той жасайды. Биылғы аламан бәйге ел тәуелсіздігінің  25 жылдығына арналды. Қазақ үшін тәуелсіздіктен тәтті, азаттықтан асыл ештеңе жоқ. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерекесі бұл – нағыз шын мереке.  Жан жүрегімізбен жадырап қуанатын мереке. Тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз жанды. Ел болып, етегімізді жауып, өзге елдермен иық теңестірдік. Қаншама асыл дәстүрлеріміз жаңғырды. Соның бірі – ұлттық спорттың түрлері, соның бірі мына өздеріңіз тамашалағалы тұрған кәдімгі қазақы бәйге. Бұл бірер шақырымдық  ұшқыр аттар бәйгесі емес. Бұл нағыз бапкердің бапкері жүйрік қосатын, нағыз тұлпарлардың тұлпарлығына сын болатын аламан бәйге.

          Қадірлі ағайын! Шын алтын тұлпарды айқындайтын «Алтын тұлпар» бәйгесіне міне биыл үшінші рет  куә болғалы отырсыздар. Дана бабаларымыз «Тыңдамаса сөз жетім» деген. Сол сияқты өздеріңіз қолдап, қуаттап, қызықтап жүрмесеңіздер қазақтың дәстүрлері де жетімсіреп қалары сөзсіз. Егер сіздер болмасаңыздар мына «Алтын тұлпардың» да еш сәні келмес еді. Қазақ үшін ат бәйгесінен қызық не бар? Бәйгені тамашалаған адамның жаны жадырап, бір серпіліп дем алып қалады. Демалыстың төресі осы ат шаптырып, аламанға ұран қосу. Сонау алыстан ат сабылтып «Алтын тұлпардың» сәнін кіргізе келген сіздерге мың да рахмет, ағайын. Сіздер осы жанкүйерліктеріңізбен дәстүрімізді дамытасыздар, осы қолдауларыңызбен талай қазақ баласының атқа деген, жүйрікке деген махаббатын оятасыздар. Сондықтан Осындай аламан бәйгенің өтуіне қолдау көрсеткен «Нұр-Отан» партиясына, «Самұрық-қазына» әл-ауқат қорына сіздердің атыңыздан шексіз алғысымызды айтамыз. Тойларыңыз тойға ұлассын!»  деп ақжарыла тілек айтты.

         Содан соң атбегілер ортасында есімі әйгілі Нәркен ақсақалдың ақ батасынан соң  51 шақырымдық Аламан бәйгеден басталды. Алтын тұлпардың бапкері  атанбаққа талап қылғандар саны  алпыс жеті болды.  Бабы келіскен кіл жүйрік 12,7 шақырымдық айналымды алғашқыда 22 минутта шауып өтті. 4 айналымнан тұратын бәйгеде қара үзіп шыққан  9 жүйрікке бәйге берілді. Бас жүлде 10 миллион теңге.

       «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деген. Алпыс жеті жүйрік қатысқан 51 шақырымдық аламан бәйгеде төмендегі тоғыз сәйгүлікке жүлде бұйырды.

Бірінші орын: Алматы облысынан келген Ұлан Омаровтың «Жаннұр» атты 5 жасар  бедеуі. Шабандозы – Әміржан Әділбек. Бапкері – Досжан Әділбек.

Екінші орын: Қарағанды облыстық Гинаяддин Қожахметовтің «Көкбастау» атты 5 жасар қазақы көк жүйрігі. Шабандозы – Нұрмұхамет Қайролла. Бапкері – Думан Қожахметов.

Үшінші орын: Жамбыл облысының азаматы Нұржан Еселбаевтың «Көгершін» атты 6 жасар арабы көк бедеуі. Шабандозы – Нұрболат Айдаралы. Бапкері Мұрат Құдайбергенов.

Төртінші орын: Алматы облысынан келген Дәурен Серіковтің «Алмас» атты 10 жасар арабы торы айғыры. Шабандозы – Азат Абир. Бапкері – Дударай Дәуітбаев.

Бесінші орын: Маңғыстау облыстық Иса Бимырзаевтың «Көкбастау» атты 7 жасар ағылшын тұқымды көк арғымағы. Шабандозы – Олжас Дыбысбаев. Бапкері  — Хамза Бимырзаев.

Алтыншы орын: Алматы облысынан келген Абдырахман Күлгінбаевтың «Лашын» атты 3 жасар қарагер байталы. Шабандозы – Айдын Күлгінбаев. Бапкері – Абдырахман Күлгінбаев.

Жетінші орын: Қарағандылық Сейсенов Нұрсұлтанның «Бекторы» атты жүйрігі. Шабандозы – Еркебұлан Ермағамбетов. Бапкері – Бексұлтан Сейсенов.

Сегізінші орын: Ақмола облысынан келген Талап Жомартұлының «Ақанқара» атты 9 жасар Қостанай тұқымды айғыр. Шабандозы – Арсен Қаһарман. Бапкері – Нұғман Нұрбол.

Тоғызыншы орын: Ақмола облысының азаматы Қуан Әкімжановтың «Дос» атты 5 жасар қазақы жирен аты. Шабандозы – Елшат Баймұханов. Бапкері – Мақсат Төкенов.

Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.