Көкпардың қазандығы келмеске кетті

dsc_5365

     Көкпар ойынын әлемдік деңгейде дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңес болып өтті. Венгрия, Ресей, Монғолия, Өзбекстан сынды бірнеше шетелдерден келген ұлттық спорт мамандарының және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру комитеті Ұлттық спорт басқармасының келісімімен  Көкпар спорты ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Нақтырақ айтқанда, біріншіден, көкпар серкесі бұдан былай қазандыққа емес, шеңберге салынып ойналатын болды.Екіншіден, көкпар ойналатын алаңға өзгеріс енгізілді. Үшіншіден, көкпар серкесін ойыншылар бұрынғыдай қарсыластарының шеңберіне емес, өз шеңберлеріне салып ұпай алады. Бұл өзгерістердің себебін білгіңіз келсе, төмендегі ұсыныс-пікірлерге назар салыңыз. 

    Халықаралық семинар-кеңесті Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан жүргізді. Кіріспе сөзінде жиынға қатысушыларға ризашылығын білдірген Бекболат Қанайұлы: «Өздеріңізге белгілі, осы бас қосудың өзі көкпар ойынын әлемдік деңгейде дамыту мәселелеріне арналған. Оған қоса, кешелі-бүгін еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұйғарымымен алдағы жылы басталатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында көкпардан Әлем чемпионатының өткізілетіні анық болды. Негізінде, біздер келер жылы ашық Еуразия чемпионатын ұйымдастыруға даярлық жүргізгенбіз. Ендеше біздің бүгінгі сөзіміз бүтін түркі жұртына ортақ көкпар ойынын қалай дамытамыз, Әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізуге қалай қамданамыз деген сауалдар төңірегінде қозғалмақ. Қордаланған проблемалар өте көп. Мұнда кеңесіп-келісу үшін жиналдық. Ойларыңызды ортаға салыңыздар» деген ұсыныс айтты. Осы орайда, Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай көкпар спортының күрделі мәселелеріне тоқтала келіп, әсіресе, бәсеке барысында көбінесе қазандық төңірегінде мертігу, жарақат алудың өте жиі болатынын баса айтты.

Қазандықтың зардабы қандай?

 

      Көпшілік назарына бұған дейін орын алған қатерлі сәттердің бірнеше бейне-сюжеті ұсынылды. Тамашалап, сүйсініп қарайтын көрініс емес. Расында бейне-сюжеттерге көз салсаңыз, ойын алаңын емес, майдан даласындағы қан-жоса айқасты көргендей боласыз. Құйғытып келіп қазандыққа соғылып, ат-матымен мұрттай ұшқан, қазандық іргесінде айғырлардың тұяғында тапталған, қазандыққа омыраулап құлаған жылқыларың астында бастырылған  көкпаршылардың өлмесе де өлімші болған жағдайларына қарап денеңіз түршігеді. Айдың-күннің амандығында қаншама батыр жүрек, балуан азаматтарымыз талай жыл ойын тартысында осы қазандық кесірінен зардап шеккен. Сонда, мұндай мертігіп, жарақат алған жігіттеріміздің одан кейінгі тағдыры қандай болып жатыр? Түптің-түбінде жоғарыдағыдай жарақаттар мүгедектік, кемтарлықтың бейнетін тарттырмай қоймайтыны тағы анық қой. Олай болса, көкпар қазандығын неге  шеңберге ауыстырмасқа?  Шеңберге ат сүрініп құламайтыны анық. Шабуылдаушылар бұрынғыдай жете сала омақасып жығылмайды.  Салым салар сәттегі айқастың қатері азаяды. Шетелдік ат спорты мамандарының негізгі пікірі осы төңіректе болды.

      Бұл туралы Монғолияның «Көкпар, аударыспақ, теңге ілу» федерациясының президенті Ром Әуесхан, Ресейдің Алтай Республикасындағы «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының» президенті Ербол Еділбаев,  Өзбекстанның «Улак-Купкари» федерациясының төрағасы Ильхам Хазракулов пен  федерациясының бас хатшысы Рахимжон Ходжиматов өз ойларын ортаға салды. Алыстан ат арытып келген Венгрия «Аударыспақ Хунгари» федерациясының президенті Иштван Бенцзе мырзаның пікірі тыңдалды. Сондай-ақ, көкпардан ҚР құрама командасының бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев, Астана қалалық көкпар федерациясының басшысы Аманжол Хасенов, Жамбыл облыстық көкпар клубының директоры Нұрдәулет Момынов сынды осы саланың білікті мамандары осы кезге дейін қазандыққа қатысты туындаған проблемалар төңірегінде сөз қозғады. Байыптай қарағанда, қазандық тек қатер-қауіп қана емес, қазандықты орнатудың өзі бірнеше күн уақыт алатын, көп жұмыс күшін, мол қаражатты талап ететін артық шығын да екен.  Осындай ой-пікірлерді қорытып, түйіндей келгенде көпшілік бір ортақ шешімге келді. Ол – көкпар қазандығының бұдан былай ойыннан алынып тасталуы еді. Осы шешім жиналған мамандардың қолдауымен бірауыздан қабылданды. Сөйтіп, алдағы уақытта Қазақстан чемпионаты мен көкпардан өткізілетін барлық халықаралық бәсекелерде көкпар серкесі тек шеңберге  тасталып ойналатын болды.

dsc_5504

Ойынның байырғы идеясы қалпына келді

      Семинар-кеңесте үлкен талқыға түскен тағы бір мәселе – көкпар серкесінің қай жақтың шеңберіне тасталғаны дұрыс? Қарсыластар шеңберіне ме, әлде өз шеңберіне ме? ҰСТҚ президенті Бекболат Тілеухан бұл туралы: «Біздің қазіргі көкпар ойыны байырғы шыққан идеясынан мүлде алыстап кеткен. Серке қашаннан құнды дүние. Ал, ешкім де құнды затын басқаға күштеп апарып бермейді. Ал, мына көкпарға қарасаңыз, бірінің қазанына бірі жүлде салып берейін деп шабуылдайды, ал, қарсыластары болса, әкеліп берген құнды дүниені алмаймыз деп жанталасып жатады. Күлкілі көрініс. Әрі осы әрекет көкпардың әу бастағы шыққан иедеясына да мүлде қайшы. Ежелден бері көкпар қалай тартылды? Алдымен серке үшін дода-талас болады. Сол додадан серкені суырып шыққан жігіт оны міндетті түрде өз ауылына, өз еліне ала қашады. Ал, өзге көкпаршы серкені бермейміз, басқаға жібермейміз деп айқас салады.

       Міне, біз ендігі жерде көкпардың ежелден қалыптасқан сол идеясына жүгінуіміз керек. Серке қарсыластар шеңберіне емес, әр команданың өз шеңберіне тасталуы керек. Әр команда серкені өз алаңына алып қашуы керек. Осы ойын шартына алып-қосарларыңыз болса, ортаға салыңыздар» деген ұсынысын жеткізді.

     Бірнеше мамандардың ойы-пікірі тыңдала келе, бұл ұсыныс та көпшілік дауыспен қабылданып, халықаралық  көкпар ойыны ережесіне енгізілді. Сонымен, алдағы көкпар бәскелерінде серкені әр команда өз алаңына апарып, өз шеңберіне салып ойнайтын болды.

      Шындығында, серке дегеніңіз кәдімгі жүлде ғой. Ендеше, жүлдені қарсыластарға талас-тартыспен апарып беру ақылға қаншалықты қонымды? Әрине, футбол, волейбол, баскетбол сияқты доппен ойнайтын ойындарға бой үйреткен   адамдарға көкпардың  бұл ойыны алғашқыда мүлде тосын болып көрінуі әбден ықтимал. Бірақ, көкпардың осындай өзіне тән ұлттық ерекшелігінің болғаны ақиқат қой. Жаңа ойын шартын енгізудің түпкі мақсаты – көшпелі елдердің байырғы ойын ережесін қалпына келтіру.

Қырғыздардың «ойынына» ескерту

      Көкпар спортының шырайын кіргізіп ойнайтын елдің бірі – қазақ болса, екіншісі қырғыздар екенін әлем жұрты болмаса да, Азия жұрты анық біледі. Сол қырғыз мамандары аталмыш семинар-кеңесте төбе көрсеткен жоқ. Себебі, соңынан мәлімделді. Қыркүйек айында Қырғызстанда «Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының» өткені белгілі. Сол дүбірлі бәсекенің көкпарындағы  ақтық сайыс Қазақстан мен Қырғызстан командалары арасында болған. Сонда қалай да қазақ көкпаршыларын жеңуді көздеген қырғыз командасы ойын ережесін көпе-көрнеу белден басқан. Жарыстың бейне-ролигі назарға ұсынылды. Расында, қырғыз көкпаршыларының әрекеттерінен бейбіт ойын емес, кәдімгі дұшпандық пен өшпенділік көзге ұрып тұр. Көпе-көрнеу ереже бұзу былай тұрсын, ашық қатігездікке ойланбай барады. Әсіресе, қарсыласты атпен шауып келіп соғу сияқты қатаң тыйым салынған қимылдарға төрешілер тегіс көз жұмып қараған.

      Ең сорақысы, мына көрініс. Есеп әлі ашылмаған. Экран 0:0 есепті көрсетеді. Алғашқы ойынның орта тұсы. Алаңда бірнеше ойыншы серке тартысып тұр. Осы сәтте алаң шетінен ойынға қосылған қырғыз жігіті  құйғыта шапқан қалпы көлденең тұрған біздің ең үздік ойыншыны аяусыздықпен келіп соғып, мұрттай ұшырады. Әккі қырғыз да, аты да дін аман. Ал, аңдаусыз тұрған біздің спортшы да, ат та сұлап түскен.  Қан-жоса болған қазақ спортшысын, орнынан зордың күшімен тұрған аттың көрінісі сұмдық. Анық мақсатты түрде жасалған қиянат. Адам өміріне қауіп төндірген нағыз қылмыстық әрекет. Егер әділіне жүгінсе, мұндай оқиғадан соң біздің команда ойынды жалғастырудан бірден бас таруы керек еді. Семинар-кеңеске қатысушылар осы жайтқа таң-тамаша. Ойын қалайша тоқтатылмаған? Өкінішке қарай, жарыс қайта жалғасқан. Бұл, біздің көкпаршыларды бастап барған жетекшілер тарапынан кеткен зор қателік.

     Қырғыз көкпаршылары мен төрешілерінің аталмыш ойын барысындағы осындай өрескелдіктері үшін семинар-кеңеске қатысушылар жуырда Қырғызстан Республикасының Президентінің атына және сол елдегі барлық құзырлы орындарға «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт  түрлері халықаралық қауымдастығы» атынан наразылық хаттарын жіберуді ұйғарды. Өйткені, бұған дейінгі басқосуларда айтылған талай ескертулерді қырғыз спорт мамандары мүлде елеусіз қалдырған. Егер мұндай тәртіпсіздік белең алған ойындар алдағы уақытта қайталанса нәтижесі адам өлімімен аяқталуы әбден мүмкін. Сондықтан, бейбіт өмірдің, татулықтың жаршысы болған спорт жарысының беделін болашақта төмендетіп алмау үшін   осындай кесімді шешім қабылданды.

dsc_5416

Алаң аумағы мен өзге де өзгерістер

       Көкпар спортын әлемдік деңгейде дамыту мақсатында көкпар ережесіне тағы қандай өзгерістер енгізілді? Аса көп емес, бірақ, жаңартылған ережелер бар. Атап айтқанда, ойын алаңы аздап өзгерді. Бұрынғы 200х80 метрлік ойын алаңы бұдан былай 220х70 метрлік қалыпқа келтірілді.

       Ұлттық спорт түрлері мамандары кеңесе келе көкпар серкесінің салмағы –  жасөспірімдерде – 20-25 келі, жастарда – 25-30 келі, ересектерде  33-35 келі болсын деген шешімге келді.

       Көкпар ойынын әлемдік деңгейге алып шығудың тағы бір талабы —  стандартты серке тұлыбын өндіруді қолға алу. Яғни, әлем чемпионатында көкпарды қан-жыны сорғалаған ешкімен емес, қолдан жасалған жасанды тұлыппен тарту. Мамандардың айтуынша, біздің елде тәжірибе ретінде бірнеше рет жасанды серкемен жарыстар өткен. Бірақ, сапасыз жасалғандықтан жарамсыз деп табылған. Семинар-кеңеске арнайы шақырылған спорттық бұйымдар жасау шебері, алматылық Тоқтарбек Кәкімге осы серке тұлыбының сапалы түрлерін жасау жүктелді.

Қазақтар америкалықтарға көкпар тартуды үйретпек

    Сонымен,  «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт  түрлері халықаралық қауымдастығы» құрылтайшыларының қатысуымен өткен семинар-кеңес аяқталды. Әлемнің спорттық ойындарына бейімделген көкпар ойыны ережесіне жаңарту, толықтырулар енгізілді. Ендігі басты мақсат – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында өтетін Көкпардан Әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қамдану. Ол үшін көкпар өрісін кеңейту қажет. Еуропа елдері мен  Америка спортшыларын тарту керек. Бір қызығы, америкалықтар көкпар тартуды бірер жыл бұрын өздері бастап кеткен. Интернеттің қалың қойнауында көкпарды америкашылап тартып жатқан бейне-көріністер бар болып шықты. Оларда да қазандық жоқ. Серкені шеңберге тастайды. Алаң аумағы да шамалас көрінді. Тақымға басып тарпады демесеңіз, кәдімгі біздің көкпар. Тіпті, осы күні аргентиналықтар да көкпарға белсене ден қойды деген дерек бар. Біздің көкпар мамандарына  осы елдердің көкпаршыларын іздестіріп тауып, алдағы уақытта сол мемлекеттерге көкпаршылар дайындау мен көкпар аттарын баптаудың қыр-сырын үйретуге бару қажеттігі тапсырылды.

     Себебі, Қазақ елінде Көкпардан өтетін тұңғыш Әлем чемпионатының уақыты  таяу қалды. Нақтырақ айтқанда, көкпардан Әлем чемпионаты Астана қаласында тамыз айының 20-28 жұлдыздары аралығында өтеді. Айтулы көкпар додасына әлемнің жиырмаға жуық мемлекетінің командасы қатысады деп күтілуде.

Баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.