ТҰҢҒЫШ БЕССАЙЫС

img_7515

 

Жуырда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орай Ұлттық  спорт түрлері бойынша тұңғыш рет ауданаралық бессайыс  ұйымдастырылды

 

     Ұлттық спорт түрлерінен көпсайыс ұйымдастырып, осы бастаманы елімізде кеңінен тарату туралы көп жылдан бері айтылып келгенімен күні бүгінге дейін оған  құлшына кіріскендер қара көрсете қоймап еді.  Жақында Қарқаралы өңірінің елімжан азаматтары ұлттық спорттың сол бір олқы тұсының орнын толтырмаққа   бел буыпты. Қарқаралы ауданы әкімдігінің қолдауымен ұлттық спорт түрлерінің жамбы ату, аударыспақ, асық ату, теңге ілу және қазақ күресі сынды бес түрін таңдап алып, ауданаралық бесайыс өткізген. Сөйтіп, республика бойынша ұлттық спорттан бессайысты тұңғыш ұйымдастырушы ретінде Қарқаралы өңірінің аты спорт тарихына жазылды.

img_7559

img_7611

Қарқаралы ауданына қарасты Н.Әбдіров ауылдық округі әкімдігінің аппарат жетекшісі, аталмыш жарыстың негізгі ұйымдастырушысы, әрі бас төрешісі Баймақанов Асхат біздің сауалымызға орай, бессайыстың жай-жапсары туралы төмендегідей әңгімелеп берді.

     – Ұлттық спорттан бессайыс өткізуді біздер көптен бері қолға алғанбыз. Сәті түскені биылғы жыл болды. Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орай өткен бұл жарысқа бас-аяғы 12 команда қатысты. Тек Қарқаралы ауданының ғана емес, Қарағанды қаласы, Бұқар жырау ауданы мен Шет  ауданының командалары бақ сынап, алғашқы өткен бессайыстың думанын қыздырды. Бірақ, алдын-ала жасалған даярлықтың жақсы болуынан шығар, жүлденің денін біздің ауданның жігіттері  иеленді. Командалық бірінші орынды Қарқаралы ауданы М.Мамыраев ауылының спортшылары жеңіп алды. Екінші орын Қарқаралы қаласының, үшінші орын Қарқаралы ауданы Қырғыз ауылының командаларына бұйырды.

      Негізінде, сайыс 60 келі, 70 келі және ауыр салмақтылар арасында өтті. Осы жекелей салмақта  60 келі салмақ дәрежесі бойынша бас жүлдені Қырғыз ауылының өрені Қайрат Сүлейменов жеңіп алды. Екінші орынды Бұқар Жырау ауданынан келген Серғазиев Төлеген, үшінші орынды Қарқаралы қаласынан қатысқан Молдабек Азат иеленді. Ал, 70 келі салмақ дәрежесінде  бас жүлде М.Мамыраев ауылының ұланы Рахымбек Қанатқа бұйырды.  Көктас ауылынан келген Селей Жиенхан екінші орынға, қарқаралылық Искаков Нұрлан үшінші орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, М.Мамыраев ауылынан келген Омарбаев Болат аса ауыр салмақтың жеңімпазы атанды. Бұл салмақ бәсекесінде қарағандылық Жиенбеков Азамат екінші, Көктас ауылының спортшысы Бейбітхан Бауыржан үшінші орынның жүлдегері болды. Барлық жүлде алған бессайысшыларға Қарқаралы ауданы әкімдігі тағайындаған ақшалай сыйлық,  кубок, медаль және аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.

      Бессайыстың алғашқы бәсекесі өте тартысты өтті. Осы кезде біздер «Бессайыс» федерациясын құрып, ұлттық ойын түрлерін жандандыруға күш салудамыз. Бұйыртса, келер жылғы бессайысты облыстық деңгейде өткізсек деген талабымыз бар.

      Міне, жуырда Қарқаралы өңірінде осындай бір дүбірлі дода өткен. Деңгейі ауданаралық болғанымен  бұл бәсеке еліміз бойынша алғаш рет  ұйымдастырылуымен құнды. Қарақаралылықтар өткізген осы тұңғыш бессайыс  енді өзге өңір азаматтарына да үлгі болып, ұлттық спорт түрлері жаңа қырынан жандана түссе дейміз.  

Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*