«ЖАННҰР» мен «ҚЫРАННЫҢ» бапкері бір

img_0107

Биылғы жылы Елорда төрінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай республикалық деңгейде өткен екі ірі бәйгені тамашаладық. Бірі – тұңғыш рет ұйымдастырылған «Астана жұлдызы» турнирі, екіншісі – үшінші мәрте өткізілген «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі. Ат жарысы десе, елеңдемес қазақ аз. Екі бәйгені де атқұмар көпшілік еліміздің түкпір-түкпірінен келіп қызықтады. 51 шақырымдық «Алтын тұлпарда» «Жаннұр» атты жүйрік, ал, «Астана жұлдызында» «Қыран» атты   сәйгүлік бас бәйгені алды. Бір қызығы, осы екі тұлпардың иесі де, бапкері де бір екен. Біз жуырда Алматы облысының Ұзынағаш ауылына жолымыз түсіп, екі ірі жарыста жүйріктері топ жарған жас атбегі Әділет Ноқатаймен сұхбаттасқан едік. Қазақтың байырғы атбегілік өнерін меңгерген азаматпен әңгімеміз төмендегідей өрбіді.

   – Әділет, атбегілікпен айналысқаныңызға қанша жыл болды?

     – Мен атбегілікке бала кезден құштар болдым. Өзім Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасымын. Бесінші сынып оқып жүрген кезімнен атқа қатты құмарттым. Бұл қызығушылығымды байқаған Мақсұт Несіпбаев есімді атбегі кісі мені өзіне шабандоз етіп алды. Шабандоз бола жүріп сол кісіден атты баптауды үйрендім, тәжірибе жинадым. Уақыт өте келе бәйгеге қосатын тұлпарларды баптауды қолға алдым. Мақсұт ағаммен бірге 10 жылдай жұмыс жасап, біраз жетістіктерге жеттім.

    Ал, мына Омаров Ыбырайақын атаның қоластына келіп, жүйріктерін баптай бастағаныма үш жылдай уақыт болды. Үш жыл деген аз ғана уақыт болғанымен, Омаровтар әулетімен бірге үлкен асуларды бағындырып келеміз.

     – Атбегінің жұмыс күні қалай басталады?

      Біздің жұмыс күніміз таңғы сағат алтыдан басталады. Жұмысқа келгеннен соң ең алдымен аттарға жем-шөбі мен суын береміз. Сағат 9-ға таяу жеген тамағы қорытылып, кейін аяғына салмақ түсірмеуі үшін аттарды біршама аядатып қайтамыз. Түс кезінде аттарды тағы да суғарып, қаңтарамыз. Одан кейін сағат 3-тердің кезінде шабандоздарымыз сабақтарынан келіп, аттарды жаттықтыруды бастаймыз. Жаттығу әдетте 3-4 сағатқа созылады. Одан кейін сағат 8-де кешкі жем-шөбін, суын береміз. Сонымен жұмыс күні аяқталады.

       – Қазіргі кезде сіз баптап жүрген қанша жүйрік бар?

       – Біздің атқорадағы жылқылар негізінен республика бойынша тарихы да,  атағы да мол  «Дегерес» жылқы зауытының тұқымдары. Қан жаңарту үшін шетелден ағылшын тұқымды айғырларды алып келіп, осындағы биелерге  қосамыз. Содан туған құлындарды күтіп өсіріп, кейін түрлі бәйгелерде сынап көреміз. Әрине, бәрі бірдей жүйрік шыға бермейді ғой. Қазіргі уақытта жаттықтырып жүрген 20 тұлпарымыз бар. Олардың барлығын да бәйгеге қатыстырдық. Автокөлік ұтып бергені бар, қомақты қаржылай жүлделерге ие болғаны бар.

       – Жақында қос бірдей үлкен бәйгенің бас жүлдесін еншіледіңіздер. Осы екі тұлпарыңыз туралы айтып беріңізші?

      Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Астана жұлдызы» және «Алтын тұлпар» бәйгелеріне екі сәйгүлігімізді қостық. Қыркүйектің 10 жұлдызында өткен «Астана жұлдызы» республикалық турниріне қосқанымыз 5 жасар асыл тұқымды «Қыран» атты тұлпар. Бұл қысқа қашықтықтағы жарыс еді. «Қыранды» біз құнан кезінде Польшадан алып келген болатынбыз. Шабандозы Диас Жеңіс есімді бала болды. Диастың тәжірибесінің арқасында аталмыш бәйгеде «Қыран»  30 атты артта қалдырып, дара келді. Сөйтіп, бас жүлдеге тігілген автокөлікке ие болдық.

       Ал, ертеңінде, яғни, қыркүйектің 11 жұлдызында өткен 51 шақырымдық «Алтын тұлпар»  аламан бәйгесіне «Жаннұр» атты сәйгүлігімізді қостық. «Жаннұр» Алматы облысында туған, 5 жасар байтал. Шабандозы Асхат Әлімжан. Олар былтырғы «Алтын тұлпардан» үшінші орынды иеленген еді, биыл 70-ке жуық жүйріктерді шаң қаптырып,  бас бәйгені алды. «Жаннұр» жылына тек бір бәйгеге ғана қатысады да, сосын демалады. Оны «Алтын тұлпарға» ғана дайындаймыз. Бізде «Жаннұр» мен «Қыраннан» өзге де мықты-мықты аттар көп. Мысалы, «Дайр» есімді сәйгүлік былтырғы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған бәйгеден бас жүлдені ұтты.

    – Өзіңіздің атбегілік тәсіліңіз бар ма, атты қалай жаратып, қалай баптайсыз?

      – Ат баптаудың қыр-сыры көп. Алайда, ең бастысы ақылың мен төзімділігіңді ұштастырып, талмай еңбек ете білу керек. Сонда үлкен жетістіктерге жетесің. Жалпы, атбегілердің барлығының баптау тәсілі бірдей болмайды. Әрқайсысымыздың өзімізге тән түрлі-түрлі тәсілдеріміз бар. Мен бұрыңғы ата-бабамыздан жеткен атсейістік дәстүр бойынша баптаймын. Ал, шетелден алып келінетін аттарға керемет баптың керегі жоқ. Тек күтімі дұрыс болса болды.

      – Ал шабандоздарды қалай таңдайсыз? Қалай жаттықтырасыз?

Мықты шабандоз болу үшін ең алдымен баланың қазақылығы керек. Қазіргі таңда ұлттық дәстүрлеріміздің ұмытылып бара жатқандығы өтірік емес. Одан кейін жүйрік атқа міну үшін намыс пен жүрек керек. Себебі, бала аттан қорықпайтын, тақымды болуы керек. Үшіншісі, жарыс барысында өз жоспарын ақылмен іске асыра алуы керек. Өйткені, бәйгеге шабу деген оңай шаруа емес. 70-80 аттың арасында шабу бала үшін өте қиын және жауапты іс. Бәйгеде тартыс болады, талас болады. Сонымен қатар, шабандозға физикалық тұрғыдан да күш керек. Біз шабандоздарымызды 5 жасынан бастап тәрбиелейміз. Ең алдымен баланың атпен қарым-қатынас орнатуына ықпал етеміз. Біз шабандозды тек шабуға ғана емес, қайсарлыққа, өжеттілікке үйретеміз. Сонда ғана олардан мықты шабандоз шығады. Қазіргі уақытта Асхат және Диас есімді екі баланы жаттықтырып жүрмін. Талаптары зор, ақылды балалар. Екеуінің атқұмарлықтары қатты ұнайды. Мінген жүйріктерін ақылмен басқара біледі.  Осы күнге дейін еңбекқорлықтарымен көзге түсіп,  жүлделі орындарды иеленіп жүр.

      – Шәкірттеріңіз бар ма?

Дайындап жатқан шәкірттерім бар. Олар Еламан Жақиянов, Ислам Жақиянов, Ислам Рахымғали есімді бауырларым. Олардан да келешекте жақсы атбегі шығады деген нық сенімдемін. Үшеуі де қазіргі уақытта өзімнің қолымның астында жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта олардың да жетістіктерін көреміз деген үміттеміз.

Сұхбаттасқан

 Айнұр МАРАТ,

журналист

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*