БАС ЖҮЛДЕНІ «НАРЫН» АЛДЫ

Кеше Атырау қаласында өткен «Қансонар-2017» атты құсбегілердің республикалық турнирі аяқталды. Бүркітшілер арасындағы бәсекенің бас жүлдесі жас та болса Атыраудың атақты бүркітшісі атана бастаған Арман Қошқаровтың «Нарын» есімді қыранына бұйырды.

 

         Бұл бүркітшілер бәсекесінің Атырау өңірінде екінші мәрте ту көтеруі. Алғаш рет құсбегілер жарысы бұл өлкеде бұдан тоғыз жыл бұрын ұйымдастырылыпты. Аталмыш турнирге Атырау, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облысынан және Көкшетау, Павлодар, Алматы, Астана қалаларынан әкелінген жиырма бүркіт пен бес қаршыға бақ сынаған.           «Қансонар-2017» турнирінің бас жүлдесі Атырау облысының өзінде қалды.  Жеңімпаз атанып, атыраулықтардың мерейін аспандатқан Арман Қошқаровтың «Нарын» атты бүркітінің бұл жолғы жеңісі кездейсоқтық емес. «Нарын» –  көп жылдардан бері талай дүрмекті додада топ жарып келе жатқан әйгілі қыран. Атап айтсақ, «Нарын» қыран 2014 жылы өткен халықаралық турнирде Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Чехословакия елдерінен келген 64 бүркіттің арасынан бас бәйгені жеңіп алған. Ол аз десеңіз, Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанғаны тағы бар.  

     «Қансонар-2017» турнирінде де «Нарынның» нағыз бабында екені айқын аңғарылды.  Ақтық сайысқа «Нарын» мен Ақмола облысынан келген Бергенбай Тастанбекұлының бүркіті өтіп, қасқыр аулаудан сынға түскен. Бұл сында қос бүркіт те қасқырдан қаймыққан жоқ. Алайда, төрешілердің сараптауы нәтижесінде алдыңғы кезеңдерде жоғары ұпайы жинаған «Нарынға» бас жүлде талассыз берілді. Ал, ақмолалық Бергенбай Ақтамбекұлының бүркіті екінші орынды жеңіп алды. Ал, Астана қаласынан келген Руслан Мағзомов үшінші орынды қанағат тұтты. 

Сондай-ақ, қаршығашылар сайысында Жамбыл облысынан келген 15 жасар Серікболсын Жалғасұлы қаршыға салудан «Ең жас саятшы» жүлдесімен марапатталды. Бұл сайыста қаршығасы барлық кезеңдерден жоғары ұпаймен өткен Жамбыл облысының тумасы Бауыржан Шерниязға бірінші орын бұйырды. Ал, Алматы облысының қаршығашысы Аян Сейітжан екінші орынды, атыраулық Ақберен Құрманғалиев үшінші орынды иеленді.

Қаршыға баптауда биыл Аян Сейітжанның жұлдызы жанып тұрғанын осы тұста атап өтуге тиіспіз. Бұған дейін Аянның баптаған құсы Аягөзде өткен ересектер арасындағы ХІ республикалық чемпионатта да, Алматыда өткен турнирде де жүлделі орыннан көрінген-тін.    

 

 

 

 

Бүркітшілер сайысының жүлдегерлері:

І орын – Арман Қошқаров (Атырау облысы)

ІІ орын –  Бергенбай Тастанбекұлы (Ақмола облысы)

ІІІ орын – Руслан Мағзұмов (Астана қаласы)

 

Қаршыға сайысының жүлдегерлері:

 

 

І орын –  Бауыржан Шернияз (Жамбыл облысы)

ІІ орын – Аян Сейітжан (Алматы облысы);

ІІІ орын – Ақберен Құрманғалиев (Ақтөбе облысы)

 

Баспасөз қызметі

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.