АТЫРАУ КӨКПАР МЕН АЛАМАНҒА ШАҚЫРАДЫ

 

 9-мамырда Атырау облысының Махамбет ауданында көкпар сайысы мен аламан бәйге өтеді. Қомақты жүлде қоры бар осы дүбірлі додаға қатысам деушілер қапы қалмасын деп атыраулықтар алты алашқа сауын айтуда.

     Атырау облысының Махамбет аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен Жеңіс мерекесіне орай өткізілмекші бұл бәсекенің өтетін орны мен бәйгелері атап айтқанда төмендегідей. Өткізілетін жері – Атырау-Орал тас жолының бойындағы Ақтоғай ауылының іргесі.  Аламан бәйгенің қашықтығы – 24 шақырым. Бас бәйгесі – «Уаз-Патриот» көлігі. Екінші орынға – 700 000 (жеті жүз мың) теңге, үшінші орынға – 400 000 (төрт жүз мың) теңге. Төртінші, бесінші орын иеленген жүйріктердің әрқайсысына елу мың теңгеден бәйге тігілген.  

      Көкпар сайысының бас жүлдесі – 400 000 теңге. Екінші орын иеленген командаға – 300 000 мың теңге. Ал, үшінші орын алған командаға – 100 000 теңге сыйлық берілмекші. Қосымша сұрақтар мен анықтама үшін мына телефондарға хабарласуларыңыз керек: 2-13-75; 3-02-12.

     
Ұлттық спортымыздың мәртебесін көтерем деп құлшынған азаматтарға Атырау дегеніңіз соншалық алыс жер емес. Аламан бәйге үшін баптаған дәмелі жүйріктеріңіз болса Маханбет ауданының топырағында бауырын бір жаздыртып қайтыңыздар.  Атырауда өткен аламанға берісі Ақмола мен Қарағанды, Керекудің, арысы Семей, Өскеменнің, бір шеті Шымкент пен Қызылорда, Жамбыл мен Алматының жүйріктері тұс-тұстан ағылып келіп қатысып жатса қандай жарасымды. Ауданның көкпар сайысына өңір-өңірдің білекті азаматтары жеке-жеке команда жасақтап барып,  бақ сынасса бір ғанибет қой. Ұлттық спорттың мәртебесін көтеруге үлес қосу дегеніңіз де осы емес пе. Ендеше, әлі де уақыт бар, дүрмекті додадан қапы қалмаңыз, ағайын!

Баспасөз қызметі         

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*