І ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ТӘЖІК «БУЗКАШИЛАРЫ» КЕЛЕДІ

Бүгін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кеңсесіне Тәжікстан көкпаршыларының өкілдері келді. Қауымдастықтың бірінші вице-президенті Ерлен Оспановтың қабылдауында болған меймандардың бұл сапардағы басты мақсаттары – көкпардан өтетін І Әлем чемпионатына алып келетін командаларының даярлықтарын күшейту екен.

            Тәжікстандағы «Бузкаши» федерациясының вице-президенті Махмад Хакимов пен Тәжікстан ат спортының бас дәрігері Иброим Шодмоновтың айтуларынша қазіргі кезде тәжік көкпаршылары Қазақстанда ұйымдастырылатын тұңғыш Әлем чемпионатына қызу даярлық үстінде. Бірақ, сол даярлықты одан әрі жетілдіру қажет. Білікті маман арқылы      көкпаршылардың шеберлігін шыңдағысы келеді. Осы сапарда сол мәселені келісіп, қазақтың тәжірибелі жаттықтырушыларын Тәжікстанға шақырмақ. Жуырда көкпардан Тәжікстанның республикалық чемпионаты басталады. Сәуірдің 29-30 күндері Душанбе қаласында өтетін осы чемпионатқа қазақтың білікті бапкерлері қатысса, кемшілігімізді түзеп, көкпаршыларымызды шыңдап берсе дейді.

                    «Бузкаши» федерациясының вице-президенті Махмад Сайдұлы айтады: «Шындығына келсек, тәжік көкпары – далалық көкпар. Сіздердегі «жаппай көкпар» сияқты. Ерекшелігі – бізде серкенің артқы сирақтарын кеспейді, тіпті, кей аймақтарда серкенің төрт сирағын да бүтін қалдырып көкпар тартады. Бұл енді өте көп «чапандоздар» қатысатын, күні бойы тоқтаусыз тартысатын жабайы көкпар.

              Тәжік көкпарында «жоғарғы мәре» және «төменгі мәре» деген болады. Жоғарғы мәреге тек мықты «чапандоз» ғана салым салады. Ал, «төменгі мәрені» көкпарды жаңа тартып жүрген жастар жағалайды. Серке тасталған жер мен мәренің қашықтығы екі жүз метрден бір шақырымға дейін болады. Бұл ойынды тәжіктер – «Буз-каши» деп атаймыз. «Буз» — ешкі деген сөз. Ал, «каши» — қазақша айтқанда қашу, алып қашу деген мағынаны білдіреді. Сонда «бузкашидің» толық мағынасы – ешкі алып қашу ғой.

                   Тәжікстанда сондай-ақ, тана тартатын көкпар ойыны бар. Бірақ, бұл қауіп-қатері өте көп ойын. Тана көкпарда ат та, адамдар да жиі мертігіп жатады. Салмағы кемінде жүз жиырма, жүз елу келі тартатын тананы қалың көкпаршының арасынан суырып алып кету оңай шаруа емес.

                  Расында, бұл ойындар көкпаршылардың өздеріне ғана қызық. Ойын қызығын былайғы жұрт тамашалап көре алмайды. Әрі бұл ойындарды теледидарға ұсыну да өте қиын. Ұлттық ойын болған соң үзілмей жалғасып жатыр.

                Ал, қазіргі кезде мемлекетіміз мына команда-командаға бөлініп, белгілі бір ережемен ойнайтын спорттық көкпарды дамытуға көп көңіл бөлуде. Жақында өтетін Тәжікстанның республикалық чемпионатына он команда қатысса, солардың ішінен біз үздік көкпаршыларды таңдап, І Әлем чемпионатына баратын ұлттық құрама команданы жасақтаймыз. Көп жыл елімізде  осы спорттық көкпардың дамуына еңбек сіңірген, Қазақстан да өткен жарысқа командасын бастап келген Хуршет Машрапов   есімді азаматымыз бар. Оның командасы осы Астанада 2013 жылы өткен І Азия чемпионатында үшінші орынды иеленген. Ол бұрын елішілік жарыстардың көп дүркін жеңімпазы атанған «Рудаки» командасының капитаны болатын. Биылғы жылы Хуршет Машрапов   көкпардан мемлекеттік жаттықтырушы болып тағайындалды.  Көкпар бәсекелерінде «Рудакиден» басқа  «Гисар»,  «Хатлон» сияқты бірнеше үздік командаларымыз бар.

               Біздің елде аударыспақ спорты да жақсы дамып келеді. 2016 жылы Қытайда аударыспақтан өткен Азия чемпионатында біздің бір спортшымыз қола жүлдені жеңіп алған.  

             Әрине, біздің спортшыларымыздың қазақ көкпаршыларынан үйренері көп. Сіздерде жақсы ойыншы да, білікті жаттықтырушы да мол. Сондықтан, қазақ бауырларымызға жақсы жаттықтырушыларыңызды Тәжікстанға іссапарға жіберіп, біздің ұлттық командамыздың шеберлігін жетілдіріп беріңіздер деген өтініш айта келдік».

            Міне, тәжікстандық көкпар мамандары ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына осылайша өз бұйымтайларын жеткізді.  Енді бұйыртса, жуырда біздің бір-екі тәжірибелі көкпар маманы Тәжікстанның көкпардан ұлттық командасын жаттықтыруға аттанбақшы. Меймандардың айтуынша, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме кезіндегі ұлттық ойындарға  Тәжікстаннан тек көкпар командасы ғана емес, аударыспақ балуандары мен бәйгеге қосатын тәжік сәйгүліктері де қатысатын көрінеді.

Баспасөз қызметі    

      

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.