СЕНАТОР ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҢ ЖАҢҒЫРТЫЛУЫН ТАЛАП ЕТТІ  

 

Жуырда  «Дене тәрбиесі және спорт мәселелері бойынша ҚР-ның бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасы туралы ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде талқылау өткен. Осы жиында сенатор Жабал Ерғалиев Ұлттық спорт жеңімпаздарының бұқаралық ақпарат құралдарында  аз насихатталуын сынап, алдағы уақытта дәстүрлі спорт ойындары түрлерінің жаңғыртылуы қажеттігін баса айтты.

              Сенатор Ерғалиев Жабал ағамыздың Мәдениет және спорт министрлігі басшыларына арнап айтқанын сөзбе-сөз келтірейік. 

           «Ұлттық спорт ол біздің ұлтымыздың коды екендігін естен шығармауға тиіспіз. Мына бір мәселе мені қатты алаңдатады. Өткен жылғы Қазақстанның тоғызқұмалақтан балалар, жасөсіпірімдер, ересектер арасындағы чемпионы кім екендігін білмеймін. Жарнама жоқ. Аударыспақтың чемпионы кім? Білмеймін. Көкпардан қай облыстың командасы чемпион? Оны тағы да білмейміз. Телевизордан көретініміз Тен, Головкин.  Болды, соларды ғана насихаттау. Елімізде шығып жатқан чемпиондарды неге насихаттамаймыз?  Мысалы, ауылдың қара домалақ баласы тоғызқұмалақтан Республика чемпионы болып келеді. Онымен  ешкімнің шаруасы жоқ. Ата-анасы ұялғаннан бір шәугім шай береді де сонымен ол чемпион ауылда қалады. Неге оны насихаттамаймыз?

        Әрине, олимпиадалық көрсеткіштеріміз жақсы болғаны дұрыс. Бірақ ұлттық спорт ойындарымыздың түрінен Қазақстанның өзінің олимпиадасы болуы керек. Елбасының ұлттық жаңғыру бағдарламасына сәйкес ұлттық спорт түрлерін жаңғыртудың Республика бойынша жаңа бағдарламасын әзірлеуге көңіл бөлулеріңіз керек!» 

           Міне, ұлтымыздың дәстүрлі спортына шын жанашырлық танытқан Жабал ағамыз осылай деп ұлттық спорт саласында тер төгіп жүрген  азаматтардың көкейіндегісін дөп басып айтып, еңселерін бір көтеріп тастады. Ендігі жерде Сенатордың айтқан сыны мен «Ұлттық спорт ойындарымыздың түрінен Қазақстанның өзінің олимпиадасы болуы керек» деген ұсынысы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тауып, оң нәтиже шығып жатса, төл спортымыздың өрісі тіпті кеңейе түсер еді деген үміттеміз.

Баспасөз қызметі 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.