МАДИЯР БАУЫРЛАР АСТАНАҒА АТПЕН КЕЛМЕКШІ

U

 

Венргия мен Қазақстанның арасын жол қылып, ұлттық дәстүрлер арқылы екі ел арасындағы ынтымақтастық, татулыққа өз әлінше үлес қосып жүрген Иштван Бенце есімді азамат бар. Біздер Иштван мырзаны Венгрияның «Аударыспақ   Хунгари» федерациясының президенті ретінде жақсы танимыз. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған халықаралық шаралардың ешбірінен тыс қалмай, аударыспаққа да, көкпар мен жамбы атуға да мадияр бауырларымызды ертіп жетіп келетін Иштван Бенце енді «Жібек жолы» аталатын салт атты экспедиция ұйымдастырып, Астанада  өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне салт атпен келіп қатыспақшы.

              Иштван Бенценің салт атпен ұзақ сапарға аттануы бір бұл емес. Өзін іштей қазақ, қыпшақ ұрпағы санайтын Иштван бұған дейін де бірнеше мыңдаған шақырымдарды салт атпен ерінбей-жалықпай жүріп өткен. 2009 жылы «Алтын адамнан Атиллаға дейін» атты экспедицияны басқарып (6500 км), Қазақстанға бір келіп қайтқан. Одан соңғы «Еуразия» сапарында  (6000 км) Иштван бастаған үш салт атты мадияр бауырымыз 2012 жылдың   1 наурызында Будапешттен шығып  Румыния жері мен Қара теңізді басып өтіп, Әзірбайжан, Кавказ, Грузия елдерін аралаумен Астана қаласының мерекесіне орайластырып, 6  шілде күні Елордаға ат басын тіреген болатын.

              Бағзы заманда Ғұн тайпасы жүріп өткен жолмен қайталап жүруге құмар Иштванның бар көздегені – Қазақ Елімен тығыз байланыс орнату, қала берді, Венгрияның бір бөлігін құрайтын мажарлардың көк түрік ұрпағынан таралғанын тағы бір дәлелдеу.

               Иштванның бұл жолғы «Жібек  жолы» сапары үш кезеңнен тұратын, 2016-2018 жылдарға арналған өте ауқымды сапар екен. Венгриядан бастап салт атпен Сербия, Болгария, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корей мемлекеттерін аралап, ежелгі Жібек жолының даңқын бір жаңғырту. Бас-аяғы он бес мың шақырымды құрайтын бұл сапардың басы 2016 жылы Венгрияның О-Сайла қаласынан басталып, Сербия, Болгария елдерін аралап,  Қара теңізді кемемен өтіп,  содан соң атпен Грузия арқылы Әзербайжанның тарихи ауданы саналатын Оғыз өлкесімен тәмамдалыпты. Бұл сапардың қашықтығы 3500 шақырымға созылыпты.  

         Енді биылғы жылдың 15-мамырында жалғасатын «Жібек жолы» сапарының екінші кезеңі сол Әзірбайжаннан басталып Каспий теңізі арқылы кемемен Ақтауға беттемекші. Сөйтіп, мажарлықтар Маңғыстау даласын салт атпен көктей өтіп Өзбекстан өңірінің тарихи орындарын тамашаламақшы.

Атажұртына атпен келуден жалықпайтын Иштван Бенце өзінің ілгерідегі сұхбатында: «Біздің арғы тегіміз қыпшақ. Қазақта бар кейбір дәстүрлер бізде де бар. Мысалы, орта Венгрияда бүгінгі күнге дейін ең құрметті деген қонаққа қойдың басын ұсынады. Көрдіңіз бе, бұдан артық қандай дәлел керек? Мәселен, мен өзімнің досымның торғайлық қыпшақ руынан екенін білемін. Менің қызметтесім, этнограф Фаркаш Чемез де қыпшақ. Әрине, Торғайдан Венгрияға дейін үлкен арақашықтық бар, бірақ бұл бізге кедергі емес. Өйткені, біз көшпенділерміз. Атқа қонып, ата-бабаларымыздың отанына келу біз үшін түк те емес» деген екен.        

         Мадияр бауырлардың бұл «Жібек жолы» тарихи экспедициясы тамыздың аяғына таман, дәл көкпардан І Әлем чемпионаты басталар қарсаңда ғана Астанаға ат басын тіремекші. Сол тамыз айында Астанаға Венгрия көкпар құрама командасы мен аударыспақшылары да келіп жетеді деп жоспарлауда.

Баспасөз қызметі

          

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*