ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН БАС МҮФТИ ЖҮЛДЕСІ

Кеше Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде қазақ күресінен  астаналық мешіттер атынан сайысқа түскен балуандар белдесуі болып өтті. Бұл Қазақ күресінен биыл  төртінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесіне арналған республикалық турнирдің Астана қаласы бойынша іріктеу бәсекесі еді.

 

             Іріктеу сайысының ашылу салтанатында ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы шараның маңызы мен мақсаты жайында айтып өтті. «Құрметті бауырлар, салауатты өмір салты адамзат қоғамы үшін қашанда үлкен маңызға ие. Мемлекет тарапынан бұл салаға көп көңіл бөлініп келеді. Ұлт саулығы кемел келешегіміздің кепілі. Дініміз, әлбетте, денсаулықты шыңдап, күш-қуатты болуды құптайды. Қасиетті Құранның 42 жерінде «қуат» сөзі кездеседі. Ал пайғамбар хадисінде қуатты мұсылманның әлсіз мұсылманнан қайырлы екені, дегенмен екеуінде де қайыр бары айтылған. Сондай-ақ, атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру шариғатымызда құп көрілген. Күрес халқымызда ежелден қалыптасқан спорт. Ұлттық өнерімізді өрлетіп, жеңіске жетелей берулеріңізге тілектеспін» деп наиб мүфти Н.Тағанұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнирге қатысқан Астана қаласы әкімдігі Дін істері басқарма басшысы Данияр Есин спорттың қоғамдағы маңызы жайында айтып, жастарды салауатты өмір салтына баулу қажеттігін жеткізді.

            Аталмыш бәсекенің бір ерекшелігі, белдескен балуандардың бәрі Астана қаласындағы мешіттер атынан боз кілемде шықты. Турнир талаптарына сәйкес жарысқа 18 жастан асқан, салмағы 74 кг-нан жоғары, кәсіпқой спорт саласынан тыс әуесқой балуандар күш сынасты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласындағы өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен спорт додасында  Елорда  мешіттерінің жамағатынан іріктелген  балуандардың ешқайсысы намысты қолдан берген жоқ.

             Астаналық білекті балуандар арасында өткен осы аламан сайыстың  нәтижесімен таныс болыңыздар. Бас жүлдені  «Әс-Сәлам» мешітінің балуаны Нариман Адамбек еншілеп,  50 мың теңге сыйақы және дипломмен мараптаталды. Екінші орынды «С.Ғылмани» мешітінің балуаны Аманжол Төле иеленіп, 30 мың теңге сыйақыны олжалады.   Үшінші орынға «Әс-Сәлам» мешітінің тағы бір балуаны Теңелбай Абдуллаев қол жеткізіп, оған 20 мың теңге қаржылай сыйлық пен диплом табыс етілді. Сонымен қатар, турнирде ерекше өнер көрсеткен басқа да балуандарға сертификаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

Баспасөз қызметі

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.