ЕРТЕҢ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ДОДАСЫ БАСТАЛАДЫ

Ұлттық спорт түрлерінен мамырдың 12-19 күндері өткізіледі деп белгіленген ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты ертең Алматы қаласының атшабарында ту көтермекші. Биылғы чемпионаттың бұрыңғы жарыстардан өзгешелігі — 2017 жылғы Қазақстан чемпионаты «Ұлы дала ойындары» республикалық фестивалі аясында  өтедіКөкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату түрлерімен бірге  он екі ұлттық спорт түрінен өтетін  бұл  бәсекеге барлық облыстың командалары қатысады деп күтілуде.

           Еске салу үшін айтып өтелік, бұған дейін ұлттық спорттан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты болып өткен. Енді міне, ересектер арасындағы дүбірлі доданың да басталар кезі келді. Аталмыш чемпионатқа жоғарыдағы төрт спорттың түрлерінен Астана, Алматы қалалары мен он төрт облыстың командалары Жетісу төсін дүбірге бөлей жетіп,  ертеңгі сайысқа тас-түйін даяр тұр.

             Ұлттық спорт түрлерінен өтетін чемпионаттың  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына енгізіліп, ресми түрде ұйымдастырыла бастағанына әлденеше жылдың жүзі болды. Атап айтсақ, көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы ҚР чемпионаты биыл XVІI рет жалауын көтерсе, теңге ілуден ҚР чемпионаты ХІ рет, жамбы атудан ҚР чемпионаты ІІІ рет ұйымдастырылып отыр.

            Елішілік чемпионаттың ең қызықты бәсекесі саналатын көкпар сайысы былтырғы жылы тым тартысты өткен-ді. Алматы облысының Талдықорған қаласында өткен чемпионатта бас жүлдені жамбылдықтар алса, екінші орынды Атырау облысының командасы еншілеп, үшінші орын Алматы облысының командасына бұйырған болатын. Көп жыл бірінші, екінші орыннан жылжып көрмеген оңтүстікқазақстандық көкпаршылар өткен жылы алғаш рет қапы қалып, маңғыстаулықтардан кейінгі  бесінші орынға сырғып түскен еді.  

                Бұл жолғы республикалық чемпионатта оңтүстіктің оғландары былтырғы кеткен есенің орнын толтырып, көкпардың бас жүлдесін қанжығаларына қайта байлай ала ма? Теңге ілудің шебері, жамбы атудың сұрмергені, аударыспақтың алыбы кімдер болмақ? Бұйыртса, алдағы күндердегі чемпионат барысы осы сауалдарымыздың нақты жауабын айғақтайтын болады.

Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*