БӘЙГЕДЕН «ЭКСПО-2017» КУБОГЫ ӨТЕДІ

 

Салтанатты ашылуына санаулы күндер қалған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында ұлттық спорттың бірнеше  түрінен халықаралық бәсеке ұйымдастырылатыны бұған дейін де аз айтылған жоқ. Сол дүбірлі бәсекелердің бірі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жүлдесіне арналған «ЭКСПО-2017»  Кубогының 11-маусым күні өткізілетіні белгілі болды.

 

            11-маусым күні Астанадағы «Қазанат» атшабарына жиналған жанкүйер қауым бәйгенің бірнеше түрін тамашалайтын болады. Атап айтар болсақ, алдымен 25 шақырымдық қашықтықта аламан бәйгенің сәйгүліктері бақ сынайды. 2,4 және 1,8 шақырымда ұшқыр аттардың жарысы болады. Одан соң 15 шақырым қашықтыққа топ бәйгенің тұлпарлары сынға түспек.  Құнан бәйгенің бәсекесі – 7 шақырым. Ең соңында тайпалған жүрісінен су төгілмес жорға жарыс тамашаланады. Жорға жарыстың қашықтығы – 7 шақырым.

             Міне, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жүлдесіне арналған «ЭКСПО-2017»  Кубогында талай жарыста маңдайы жарқыраған таңдаулы жүйріктер бәйгенің алты түрінен сынға түседі. Бәйге қызығын Елбасының өзі тамашалайды деп жоспарланған бұл айтулы жарыстарға бес шет мемлекет пен еліміздің барлық өңірлерінің сәйгүліктері қатысады деп күтілуде.

            Негізінде, аталмыш көрме аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті және «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығының» басшылығымен маусым-тамыз айлары аралығында әлемдік деңгейдегі бірнеше ұлттық спорт түрлері жарыстары өткізілмекші. Маусымдағы бәйге түрлерінен өзге ұлттық спорт бәсекелері тамыз айының басынан басталады. Қазіргі кездегі қолымызда бар мәліметтерге сүйенсек,  тамыз айының 11-13 күндері – Жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі; тамыз айының 16-18 күндері – Аударыспақ спортынан  І Әлем кубогы; тамыз айының 20-28  күндері – Көкпар спортынан І Әлем чемпионаты өтеді.

                 Биылғы жылы төртінші мәрте ұйымдастырылатын ұзақ қашықтықтағы «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің өткізілетін уақыты – 3 қыркүйек.

                    Сондай-ақ, бұл спорттық бәсекелер қарсаңында  көрмеге келген қалың көпшілік асау үйрету, теңге ілу, қыз қуу, тазы жарыстыру ойындарын да тамашалайды.   Ұлттық спорт түрлерінен өтетін осы әлемдік жарыстардың бірнешеуіне  АҚШ, Аргентина, Франция, Германия, Швейцария, Венгрия, Түркия, Қытай, Жапония, Ресей, Монғолия,  Ауғанстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды  шет ел командалары қатысады.

Баспасөз қызметі

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*