«ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ» АЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНІҢ БӘСЕКЕСІ АЯҚТАЛДЫ

 

«Ұлы дала ойындары» аясында ұйымдастырылған биылғы елішілік бәсекелер бүгін аяқталды. Алматының орталық атшабарында өткен «Ұлы дала ойындарының» салтанатты жиынына ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, фестивальға келушілерді ұлттық рухты асқақтатқан спорт мерекесімен құттықтады. Фестивальдің  салтанатты  шеруін кезіндегі атақты балуан,  Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бастап шықты.

«Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасын­ың аясында биыл екінші мәрте жалау көтерген «Ұлы дала ойындары» республ­икалық фестивалі апта бойы Алматы төсін дүбірге бөледі. Бұл дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен келген  600-ге жуық спортшы қатысып, ұлттық спорттың он екі түрінен бәсекеге түсті. Ұлттық спорт фестивалін ұйымдастырушылардың қапысыз дайындығына көпшілік дән риза. Алматының «Құлагер» ықшамау­данындағы ипподромының босағасынан бастап төріне дейін ұлттық рух асқақтап тұрды. Бағдарламадағы ойындармен қатар, фестиваль қонақтары бүркіттердің,  тазы иттердің, ұлттық қолөнер бұйымдарының, аңшылық көрмелерін тамашалап, ұлттық асханалардан дәм татты.

«Ұлы дала ойындарының» екінші фестивалінде ерекшелік аз болмады. Алғашқы жолы жалғыз күнде аяқталған фестивалді бұл жолы бес мың жанкүйер бір апта тамашалады. Тұңғыш рет осы бәсекеде  бәйге жарыстары Қазақстан  чемпионатына қосылды. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен жеке кәсіпкерлер қолдауымен фестивальдың жүлде қоры 24 млн. теңгені құрады. Қатысушылардың ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттыра түскен бұл жүлде қоры да  ұлттық спорттың тарихында жиі бола бермеген жайт.

  Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында мәдениет пен жеке ұлттық кодты сақтауға үлкен назар аударғанын айтты. 

– Мемлекет басшысы еліміз Тәуелсіз­дікке қол жеткізген күннен бастап төл құндылықтарымызды насихаттау арқылы ұл ттық сананы жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындап берді. Соның арқасында халқымыз ұмыт бола бастаған тілімен, өзіндік мәдениетімен, салт-дәстүрімен қайта қауышты. Мемлекет тарапынан Ұлттық спорт түрлеріне, оның ішінде көкпар, аламан бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сынды айшықты іс-шараларға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Биылғы жылдың аяғына дейін Алматы ипподромында  жүлделік қоры 80 миллион теңге болатын 89 бәйге өтеді.  Біздің қалада қазақ  күресінен «Алматы Барысы» мен «Әлем Барысы»  сайыстарының өтуі де  спорт  әуесқойлары үшін ерекше сыйлық болмақ, – деді Б.Байбек.  Өз кезегінде ҚР Ұлттық спорт түрлері ассоциациясының президенті Бекболат Тлеухан  бүгінгі күні  Алматының ұлттық спорт түрлері бойынша  сайыстар жиі  өтетін еліміздің спорттық және рухани орталығына айналғанын  атап өтті.  «Ұлттық спорт – ата-бабаларымыздан қалған әрі барша әлемге мақтанышпен көрсете алатын біздің  асыл мұрамыз. Соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері тек Қазақстанда ғана емес, тіпті, шет елде де қарқынды дамып, еліміздің абырой-беделін арттыра түсуде. Оның жарқын мысалы – «ЭКСПО-2017» аясында  көкпардан өтетін  әлем чемпионаты», – деді Бекболат Тілеухан. 

Ұлы дала ұландарының ұлттық спортқа деген құлшынысын арттыра түскен  «Ұлы дала ойын­дары» ІІ республикалық фестивалі Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрме аясында ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдік бәсекелерге іріктеу болғанын да айтып өтуге тиіспіз. Атап айтқанда, осы фестиваль бәйгесінде Қазақстан чемпионатының жүлдесіне қол жеткізген  сәйгүліктер 11 маусымда басталатын бәйгеден Президент жүлдесіне арналған «ЭКСПО-2017» кубогына  қатысады. Садақ атудың сұрмергендері 11-13 күндері – Жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турниріне; аударыспақшылардың жеңімпаздары тамыз айының 16-18 күндері – Аударыспақ спортынан өтетін І Әлем кубогына, ал, көкпаршылар тамыз айының 20-28  күндері тұңғыш рет көкпардан ұйымдастырылған І Әлем чемпионатына іріктелeді.        

Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*