ТӘРТІПТІК КЕҢЕС ШЕШІМ ШЫҒАРДЫ

U

Биылғы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында Алматы облысы командасының көкпаршылары ойын үстінде алаңдағы төрешіні сабады. Шындығына келсек, кейбір ойындарда көкпаршылардың анда-санда бір-біріне қамшы жұмсап қалғанын талай көргенбіз. Ал, ойыншылардың ортадағы төрешіні соққыға жығуы бұрын-соңды болмаған жайт.

        Қашан да тәртіпсіздік жазасыз қалмайды. Мұндай басбұзарлыққа дер кезінде тиісті шара қолданылмаса күні ертең мүлде өршіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы шұғыл түрде Тәртіптік кеңес мүшелерін шақырып, 29-мамыр күні аталмыш оқиғаны күн тәртібіне қойды.  Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің басқарма төрағасы Мақсат Қойшыбаев  және  көптеген облыстың ұлттық спорт түрлері клубтарының Тәртіптік кеңеске мүше басшылары қатысты. Кеңес мәжілісін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов жүргізді. Модератор алдымен көкпар чемпионатында орын алған оқиғаны егежей-тегжейлі айтып шықты.

Оқырманға түсінікті болуы үшін қысқаша мәлімет беріп өтсек, 12-19 мамыр күндері Алматы қаласының атшабарында 12 облыс пен 2 қала командаларының қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан чемпионаты  өткізілген. Жарыс  белгіленген уақытында басталып, бағдарламаға сәйкес өтіп жатқан.

Осы чемпионат барысында, дәлірек айтсақ, 15 мамыр күні Жамбыл облысы мен Алматы облысы командаларының кездесуі үстінде  Алматы облыстық көкпар командасының белді ойыншылары Болат Айбек пен Нұрсұлтан Әбесов жарыс төрешісі Бақытжан Төлегеновті қамшымен сабаған. Сөйтіп, ойынның шырқы бұзылып, спортшылар, төрешілер, жанкүйерлер арасында келеңсіздік туындаған. Төрешіні әділетсіздік жасады деп кіналаған әдепсіз көкпаршылар   сәлден соң дөрекіліктерін тағы да қайталаған. Сөйтіп, төреші бір емес, екі рет соққыға жығылған.

Жиында кінәлі команданың іргетасын қалаушы, Алматы облыстық ұлттық ат спорты клубының директоры Орынтай Әмірғалиев өз сөзінде шәкірттерінің қызбалыққа тым берілгенін мойындай келіп, кеңес мүшелерінің ойыншыларға тым қатты жаза қолданбауын  өтінді.  Өз кезегінде жарыстың бас төрешісі болған Қуанышбек Құрамаев пен аға жаттықтырушы Нүркен Байбөриевтің  және бірнеше тәжірибелі, білікті мамандардың пікірлері тыңдалды.

Ұзаққа созылған кеңес соңында айтылған ұсыныстарды қорытындылай келе ең алғашқыда мынадай шешім шығарылмақ болды. Барлық көкпаршыларға сабақ болуы үшін Болат Айбек пен Нұрсұлтан Әбесовты ұлттық спортқа өмір бойы  жолатпау, ал, команданы және команда жетекшісі Берік Деңгелбаевты үш жылға дейін жарыстан шеттету. Сондай-ақ, ойын барысында өрескел тәртіп бұзушылықты көре тұра тұтас команданы жарыстан шығару орнына екі спортшыны ғана ойыннан шеттетіп, жұмсақтық танытқан Бас төреші мен аға жаттықтырушыға жазбаша түрде ескерту жариялау.

Бірақ, бұл жазаның жаңадан қалыптаса бастаған ұлттық спорт үшін тым қатаң болатыны ескеріліп, кеңес мүшелері тағы да түрлі пікірлерді ортаға салды. Жарыс соңында көкпаршылардың төрешінің алдына барып кешірім сұрағаны, оның үстіне төреші Бақытжан Төлегеновтің жазбаша арызданудан бас тартқаны айтылды. Бұл тұрғыда, Хасенов Аманжол, Ахметбаев Ғани, Аймағамбетов Абат, Бектияров Манарбек, Қазтаев Шаризат,  Жанбалаев Асланбек сынды ұлттық спорттың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген азаматтардың кінәлі жаққа жанашырлық танытқан ойлары тыңдалды.  

Сөйтіп, шырқ бұзғыш спортшылар мен командаға берілмек жаза біршама жеңілдеді. Түптеп келгенде, тәртіптік кеңес мүшелері шығарған ШЕШІМ төмендегідей болды:            

         «2017 жылға арналған  жарыстардың күнтізбелік жоспарына» сәйкес Алматы қаласында  мамыр айының 12-19 аралығында  Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы көкпардан  XVII рет ұйымдастырылған чемпионатта Көкпар ойынының ережесі   мен чемпионаттағы ойын ережесінің бұзылып, тәртіпсіздіктің болуына жол бергені үшін:

  1. РГКП «Ұлттық штаттық командалар және спорт резервінің» аға жаттықтырушысы Байбөриев Нұркен мен  ҚР  көкпар командасының бас жаттықтырушысы Құрамаев Қуанышбек Мәшірұлына  ауызша ескерту берілсін;
  2. Алматы облыстық «Ат спорты клубы» директорының орынбасары, Көкпар командасының жетекшісі Деңгелбаев Берік 1 жылға көкпар ойынының команда жетекшілігінен шеттетілсін;
  3. Чемпионаттың барысында Көкпар ойынының ережесін бұзып, төрешіге қол жұмсап ойынның шырқын бұзғаны үшін Алматы облыстық Көкпар командасының ойыншылары Әбесов Нұрсұлтан мен Болат Айбек көкпар ойынына қатысудан 1 жылға шеттетілсін.
  4. Алматы облысының «Ат спорты клубына» бір миллион теңге айыпұл салынсын. Бұл шешімді Тәртіптік кеңес мүшелері бірауыздан қолдап, дауыс берді. Әрине, бір қарағанда енді-енді жанданып келе жатқан ұлттық спорт үшін осы шешімнің өзі қатаңдау көрінуі мүмкін.   Бірақ, алдағы уақытта осындай келеңсіз істердің қайталанбауы үшін қатаңдыққа баруға да тура келеді екен.  Тәртіптік кеңесте бұл ой да айтылды. Ұлттық ойындарымызды қарқынды дамыту үшін, жарыстарды жоғары деңгейде өткізу үшін жоғарыдағыдай бейбастақтыққа жол берілмеуі тиіс. Сондықтан тәртіпсіздіктің  жолын кесу мақсатында мұндай шешімдер де қабылданады. Тәртіпсіздікке, дөрекілікке қашан да тиісті жаза бар. Ұлттық спорттың ойыншылары мен өкілдері осыны жадынан шығармаса екен дейміз.

Баспасөз қызметі

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*