ӘЛЕМ КӨКПАРШЫЛАРЫНЫҢ АЯҒЫ ҮЗЕҢГІДЕ ТҰР

Көкпардан тұңғыш ұйымдастырылған Әлем чемпитонатына әзірге оннан астам команда өтінім түсірді. Әлемдік көкпар додасының басталуына санаулы апталар ғана қалды. Осы күні Қазақстанға төрткүл дүние көкпаршылары көз тігіп, аяқтарын үзеңгіге салып тұр. Сонда тамыз айының 20-28 күндері Астанадағы «Қазанат» атшабарында көкпардан өтетін І Әлем чемпионатында қандай мемлекет командалары бақ сынайды? Оқырмандарымыз осы бастан таныс бола берсін деген оймен, Әлем чемпионатына қатысатын командалар жайлы қолда бар ақпараттарды назарға ұсына беруді жөн көрдік.

 

                 «…Жоғары жетістіктері бар ұлттық спорт түрлерін саралау нәтижесі бойынша спорттың басым түрі деп айқындауға болады. Қазір америкалықтар көкпар тартып жатыр, бір жарым миллиард қытайлар біздің аударыспақты мойындады. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылғанын білесіздер. Ресей, Қытай, АҚШ қазақтың ұлттық спорт түрлерін мойындап жатыр» деген ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның  жуырдағы мәлімдемесін биылғы жаздан қара күзге дейін жалғасатын халықаралық жарыстар жандандыра түсетіндей. Бұйыртса, енді аздаған уақыттан соң Ұлттық спорт түрлерінен әлемдік жарыс бірінен-соң бірі басталады. Тамыздың алғашқы күндері өтетін «Алтын жебе» І халықаралық турниріне бұрын-соңды алаш топырағында сайысып көрмеген Жапония садақшылары қатты қызығушылық танытып, өкілдері жақында ғана Астанаға келіп қайтты. Бұл мергендік бәсекеге қатысуға енді Корей  садақшылары да ынта білдіруде. Олардан өзге осы жарысқа Қытай, Ресей, Венгрия,  Моңғолия сияқты мемлекеттердің мергендері тас-түйін даярлануда.

               Көкпардан 2013 жылы алғаш ұйымдастырылған   Ашық Азия чемпионатында 11 мемлекеттің командасы бақ сынағаны есімізде. Чемпионаттың бас жүлдесін біздің көкпаршылар жеңіп алып, екінші орын Қырғызстан  командасына, үшінші орын Тәжікстанның командасына бұйырған-ды. Ал, биылғы көкпардан тұңғыш өтетін Әлем чемпионатының жүлдесіне басқасын былай қойғанда мұхиттың арғы жағындағы Америка көкпаршылары  да таласып көрмекші. Тамыздың 20-нда басталатын жарыс алдында Қазақстанда оқу-жаттығу жиынын жасамақ үшін АҚШ көкпаршылар командасы тамыздың 14 күні Астанаға ұшып келмекші. Бұйыртса, сол кезде жаттықтырушы Garret Edington бастаған 12 америкалық көкпаршылардың өнерін жаттығу ойындарынан-ақ байқайтын боламыз. Америка көкпаршылары бас жүлдені жеңіп алмаса да жүлделі орыннан көрінуді мақсат тұтуда. Кезінде Азияның үшінші орынын қанжығаларына байлап қайтқан, Махмад Хакимов баптайтын  Тәжікстан «Бузкашилар» командадасы  да жүлделі орыннан дәмелі. ҚХР-дағы көп көкпар командасын шеніне келтірмей тұрған, биылғы жылғы А.Асқаров халықаралық турнирінде үшінші орынға қол жеткізген Ермек Тоқтар бауырымыз жаттықтыратын Қытайдың «Қазанат» көкпар командасы да ешкімге осал қарсылас болмасы анық. Сондай-ақ, Ресейге қарасты Алтай республикасының, Моңғолияның, Әзербайжанның, Түркияның, Венгрияның, Ауғанстанның, Өзбекстанның және Қырғызстан командаларының толық құраммен І Әлем чемпионатына қатысатыны анық болды. Мұнда әзірге команда мүшелерінің толық анықталмағаны аргентиналықтар ғана болып тұр. Бұл мемлекеттер ішінде тек Қырғызстан мен Өзбекстан командалары ғана сайысқа өз аттарымен келуді жоспарлап отыр. Қалған командалардың барлығын атпен және ат әбзелдерімен қамсыздандыруды ұйымдастырушы жақ өз міндетіне алады. Қазіргі кезде қандай шет мемлекеттің командасын жабдықтауға қай облыстың жауапты болатыны айқындалып қойылды.

              Сонымен бірге, еліміздегі ұлттық спорттың тағы бір ірі додасы, Аударыспақтан І Әлем кубогының өтетінен де дүниежүзілік ат спорты саласының спортшылары былтырдан құлағдар. Бұл спорт түрінен алғашқыда Астанада 2014 жылы, екінші мәрте Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ облысында 2016 жылы ашық Азия чемпионаты өтті. Екі бәсекеде де бас жүлде қазақ спортшыларының қанжығасына байланған. Біздің тақымы құрыштай аударыспақшыларымыз аса ауыр салмақтағы Біржан Қосалиев, ауыр салмақтағы Сырым Ізбасаров, орта салмақтағы Ермек Жәпішевтерді атынан аударған шетелдіктер әлі шыға қойған жоқ-тын. Дегенмен, аударыспақтан тұңғыш ұйымдастырылған Әлем кубогына шет мемлекеттер осал спортшыларын әкелмейтіні анық. Әсіресе, осы жолы ат спорты түрлерінен Венгрияда ірі жарыстарды жиі ұйымдастырып, соның ішінде аударыспақтан бүтін Еуропаны қидай сыпырып ұтып жүрген мадиярдың кіл мықтылары Астанаға келеді деп күтілуде.

              Міне, сөйтіп осы күні шетелдің тек көкпаршылары ғана емес, аударыспақшылары мен садақшы-мергендерінің  де көпшігі көтеріліп отыр.  Өйткені, ұлттық спорт түрінен Қазақстанда бір айдың ішінде үш әлемдік доданың туы көтеріледі. Сол бәсекелер Сіздердің де жадыңызда жүрсін дегеніміз ғой….

Баспасөз қызметі  

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*