«Босмойын» дара келді

Кеше Астанадағы «Қазанат» атшабарында өткен Ақмола облысының ұлттық спорт жарыстары аяқталды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында ұйымдастырылған бұл дүрмекті бәсекеде ақмолалық спортшылар бәйге, көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ және қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Топ бәйгеде Алматы облысының «Босмойын» атты жүйрігі дара келді.

 

Көкшетау, Степногроск қалалары мен облыстың 17 ауданының таңдаулы саңлақтары екі күн қатарынан «Қазанат» атшабарына жиналған жанкүйердің айызын қандырар өнер көрсетті. Жарысқа жалпы саны бес жүзге жуық спортшы мен жүзден астам ат қатысты. Саят құстары мен қазақы тазы-төбеттер көрсетілімі тамашаланды. Негізінде, Ақмола облысының мәдени күндері 22-23 маусым және 24-25 маусым болып, екі кезеңмен өткізілген-ді. Қорытынды нәтижелерімен таныспақ болсаңыз, төмендегі мәліметтерге көз жүгіртіңіз.

Жанкүйер біткеннің делебесін қоздырып, жарыстың көркін кіргізген 15 шақырымдық ат бәйгесі десек, жаңылмаспыз. Еліміздің әр өңірінен қатысқан 35 сәйгүліктің сегіз айналымдағы сұлу шабысы көрерменнің көкейінде көпке дейін ұмытылмасы анық. 1800 метрлік айналымды екі минуттың төңірегінде артқа тастап отырған жүйріктердің  соңғы айналымдарда шабысты үдеткені сонша көп ат өкпесін соғып, болдырып қалды. Санаулы сәйгүлік қана ақырғы айналымға жетті.

Жүлде қоры 15 миллионды құраған бәйгенің бас жүлдесі – 7 миллион теңге Алматы облысының «Босмойын» атты жүйрігінің қанжығасына байланды. Шабандозы – Ақжол Жұматай.

Екінші орынға тігілген 4 миллион теңге Шығыс Қазақстан облысының үкілеп қосқан «Ғашық» атты жүйрігіне бұйырды. Шабандозы – Сабырхан Ерасыл.

2 миллион теңге жүлдесі бар үшінші орынды Ақмола облысының «Варпед» атты жүйрігі алды. Шабандозы – Даниял Ризаев.

Мәреден төртінші болып өткен Шығыс Қазақстан облысының тағы бір сәйгүлігі «Айтұмардың» қанжығасына 1 жарым миллион теңге байланды. Шабандозы – Нұрболат Айдаралы.

Ал, бесінші орынға ілінген Қостанай облысының «Саве» атты жүйрігіне 500 мың теңге жүлде берілді. Шабандозы – Застежко Кирилл.

Теңге ілу бәсекесінде бірінші кезеңде Аршалы ауданының шебері Мұсабек Мерген жеңімпаз атанса, екінші кезеңде Целиноград ауданының шебері Макулов Рүстем бас жүлдені жеңіп алды.

Жамбы ату сайысында Атбасар ауданының өкілі Руслан Білалов (1 кезең) пен ерейментаулық Ризахан Бауыржан  (2 кезең) облыс сұрмергені атанды.

Аударыспақ жекпе-жегінде әр салмақ дәрежесі бойынша Босов Нарбота мен Амангелдинов Абылайхан (Ерейментау ауданы), Сағидолла Жандос пен Күреңбаев Жандос (Ақкөл ауданы) бас жүлделерді жеңіп алды.

Көкпарға қатысқан төрт команда арасынан Аршалы ауданының «Иманжүсіп» командасы (1 кезең) мен Ерейментау командасы (2 кезең) жеңімпаз атанды.

«Этноауылдың» боз кілемінде балуандар қазақ күресінен үш салмақ дәрежесінде бақ сынады. 60 келі салмақта (1 кезең) Бақытхан Жанат (Есіл ауданы) пен  ақкөлдік Темірхан Сарымсақов (2 кезең);

  74 келі салмақта (1 кезең) Азат Гасанов (Көкшетау қаласы) және Ержан Гилмеденов (Ақкөл ауданы);

74 келіден жоғары салмақта (1 кезең) Рустам Зынданұлы (Көкшетау қаласы) мен Данияр Темірханов (Сандықтау ауданы) жеңімпаз атанды.   

Баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*