АСТАНАДА ӘЛЕМ МЕРГЕНДЕРІ

 «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы тағы бір халықаралық бәсекенің ту көтерер мезгілі таяу қалды. Тамыздың 12-13 күндері Астанадағы «Қазанат» атшабарында өтетін Жамбы  атудан «Алтын жебе» атты І халықаралық турнирге әлемнің оннан астам мемлекетінің мергендері келеді деп күтілуде.

 

            Қазіргі кезде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті және «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығының» басшылығымен елімізде Жамбы атудан тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл жарысқа қатысатын мергендердің аты-жөні де анықталып қойған. Сонда төрткүл дүние түкпірінен садақтарын сайлап, жебелерін ұштап келер сол мергендер арасында кімде бар да, кімдер жоқ?

            Ұлттық садақ атудан әлемге аты әйгілі Кашшай Лайош сынды мергені бар Мажар елінен  Чемез Фаркас баптаған венгр сұрмергені Намети Кристоф алғаш рет жамбы сайысында бақ сынамақ. Ұлттық садақтарын ұлықтап, садақ атудың халықаралық сайысын ең жиі ұйымдастыратын елдің бірі – Түркия. Бұл елден атағы жер жарған бапкер Левент Талха мен шәкірті Мұрат Бонжук келмекші. Сондай-ақ, Малайзиядан Ахма Дакалан, Польшадан Радослав Козуч, Румыниядан Mihai Cozmei, Финляндиядан Anna Kataviina Aibvecht, Катардан Walid Khawajkyc, Германиядан Giulia Josefine Salts, сынды көздегенін мүлт жібермес қолмерген садақшылар Елордаға ат басын тірейді.  Сонымен қатар, іргедегі көршілеріміз Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінің мергендері де Жамбы атудан тұңғыш өтетін халықаралық жарыстан тыс қалмақшы емес.

           Ал, енді әлемнің мұнша қалың садақшыларынан үздік шығады деп үміттеніп отырған Қазақ елінің хас мергендері кімдер? Біздің елден «Алтын жебеде» бес спортшы бақ сынамақ.   Бұйыртса,  Қазақстанның «Жамбы ату» ересектер құрама командасының капитаны, Жамбы атудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық мергендер сайысына қатысушы, 2016 жылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» иегері  атанған Елдос Бадашев және елішілік чемпионатта топ жарып жүрген саңлақтарымыз Сарыбай Айтбек, Айкөз Ералхан, Тулыбеков Абзал, Үзденбаев Бекқали ел намысын қорғайды.

             Қазақ елінде тұңғыш ұйымдастырылған       «Алтын жебе» турнирінің жүлде қоры да қомақты. Бес орынға дейін бәйге бар. Бас жүлде – 5 мың доллар. Екінші орын – 3 мың доллар. Үшінші – 2 мың доллар. Төртінші орын –  1 мың доллар. Бесінші орын – 500 доллар.

 

 

Баспасөз қызметі

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.