Көкпардан Азия чемпионаты өтеді

 

Азия

Қазіргі таңда ұлттық ойындарымызды халық арасында кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ойынның техникасы мен шеберлігін игеруге жастарымыздың қызығушылығын ояту аса маңызды болып отыр. Осы орайда ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы елімізде республикалық, халықаралық жарыстарды ұйымдастырып келеді. Қауымдастық биылғы жылы қыркүйек айының 10-15 аралығында елімізде тұңғыш рет Көкпардан I-Ашық Азия чемпионатын өткізеді.

Көкпар ойыны түрік халықтарына ортақ болғандықтан, оны бірлесіп дамыту, халықаралық спорт дәрежесіне жеткізу мақсатында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы биылғы жылы қыркүйектің 10-15 аралығында Көкпардан I-Ашық Азия чемпионатын өткізуді өз қолына алды. Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған чемпионатқа Азияның 8 мемлекеттері: Ауғаныстан, Қырғызстан, Монғолия, Түркия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері қатысып, 4 күн бойы өзара бақ сынасады.

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті:
— Ұлттық спорттың ішіндегі ең танымалы және ең қымбаты осы көкпар. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен бұл қиыншылықтар шешімін табуда. Қаржылық қиындықтармен қатар, ұйымдастырудың өзі үлкен жұмыс. Қатысушыларға ортақ етіп, Азия чемпионатының ережесін бекіттік. Бірақ, алдағы уақытта толықтырыла түседі. Ұсыныстар мен пікірлерді ескереміз. Ауғанстан мен Түркиядан келетін көкпаршылар жергілікті тұлпарларды пайдаланады. Ал, Қырғызстан мен Өзбекстан көкпаршылары өздерінің аттарын алып келеді. Азия чемпионаты 2 жылда 1 рет өтетін болады. 2015 жылы Түркияда өткізуді жоспарлап отырмыз. 2017 жылы Қазақстанда өтеді. Ойынға қатысушы түркі халықтары мекен еткен барлық елдерде осы тәртіппен 2 жыл сайын өтіп отырады. Біздегі көкпарда бір мәселе бар. Ол көрермен жинау мәселесі. Солтүстік өңірде көрермен аз. Егер осы ойын Шымкент пен Қызылордада өтетін болса бір стадион толатын еді. Ал, жүлде қоры жайлы айтатын болсақ, І орынға 10 000 000 теңге, ІІ орынға 6 000 000 теңге, ІІІ орынға 4 000 000 теңге тігіп отырмыз. Сонымен қатар, Азия чемпионатының кубогы мен алтын, күміс, қола медальдар тапсырылатын болады.
Қауымдастық ұйымдастырып отырған чемпионаттың ашылу салтанаты үлкен мерекелік іс-шара ретінде ұйымдастырылып, оған еліміздің лауазымды тұлғалары мен зиялы қауымы қатысады. Ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер ұйымдастырылып, қазақтың спорт шеберлерінен шеру өтетін болады.

«Baq.kz»

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*