АУДАРЫСПАҚТЫҢ АРЫСТАНДАРЫ

 

Ұлттық спорт түрінен «EXPО-2017» халықаралық көрме аясында өтетін және бір дүбірлі доданың басталар уақыты таяу қалды. 16-18 тамыз күндері аударыспақтан  І халықаралық ашық турнирдің туы көтерілмекші. Бұл сайысқа осы уақытқа дейін Венгрия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан  мемлекеттері  балуандарының қатысатыны анықталды. Сондай-ақ, аударыспақ сайысында АҚШ, Түркия, Ауғанстан, Тәжікстан спортшылары да бақ сынауы  мүмкін. Осы байрақты бәсекеде ұлт намысын қорғайтын Қазақстан құрама командасының мүшелері анықталды. Олар кімдер?

            Еске салып өтсек, бұған дейін аударыспақтан екі мәрте Азия чемпионаты ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 2014 жылы Астана қаласында, ал, 2016 жылы Қытай елінде аударыспақтан Ашық Азия чемпионаты өткізілді. Екі чемпионатта да ауыр және абсолютті салмақта Қазақстан спортшылары  жеңімпаз атанған-ды. 2014 жылғы дүрмекті додада елішілік бәсекенің 6 дүркін жеңімпазы Біржан Қосалиев І Ашық Азия чемпионатының аса ауыр және абсолютті салмақтағы чемпионы болды. Сондай-ақ, Біржан Қосалиев Қырғызстанда 2016 жылы өткен ІІ дүниежүзілік көшпелілер ойындарында да бас жүлдені иеленген.

           Ал, 2016 жылы  Қытай елінде өткен, оннан астам мемлекет балуандары қатысқан ІІ Ашық Азия   чемпионатының ауыр салмақтағы және абсолютті салмақтағы жеңімпазы Сырым Ізбасаров болды. Сырым Ізбасаров елішілік чемпионаттың ауыр салмақтағы жекпе-жегінде 9 дүркін чемпион атанған.

            Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров Қазақстанның аударыспақ құрама командасында ауыр салмақтағы нөмірі бірінші спортшылар. Бұлардың қатарында 80 келі салмақта жастар арасындағы ҚР чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Рахматілла Есімхан бар. Есімхан балуан 2016 жылы ересектер арасында өткен «Ұлы дала ойындары» фестивалінің абсолютті салмақтағы жеңімпазы, 2017 жылы 80 келі салмақта ересектер арасында ҚР чемпионы атанған.  Азия құрылығында қарсылас шақ келтірмей, көп жыл бойы кілең жеңіс тұғырына табан тіреумен келген құрыш білекті, түкті жүректі осы аударыспақшыларымызға  І Халықаралық ашық турнирде ел үмітін ақтайды деген сенім білдірілуде.

           І Халықаралық ашық турнир бәсекесінде балуандар 80 келі, 90 келі, 90 келіден жоғары салмақтарда және абсолютті салмақта бақ сынайды.

 

* * * 

80 келі салмақта сынға түсетін балуанымыз

– ЕСІМХАН РАХМАТІЛЛӘ 

 

 

 

            Есімхан РАХМАТІЛЛӘ – 1994 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Сарағаш ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылы.

              Аударыспақ спортына 2012 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – Жастар арасындағы ҚР чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, 2016 жылы ересектер арасында өткен «Ұлы дала ойындары» фестивалінің абсолютті салмақтағы жеңімпазы, 2017 жылы 80 келі салмақта ересектер арасындағы ҚР чемпионатының чемпионы.

* * * 

90 келі салмақта сынға түсетін балуанымыз

– СЫРЫМ ІЗБАСАРОВ

 

 

                   Сырым ІЗБАСАРОВ – 1989 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Қаратөбе ауылы.

               Аударыспақ спортына 2008 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – ҚР чемпионатының 9 дүркін жеңімпазы. Ауыр салмақта екі дүркін Азия чемпионы атанған (2014, 2016 ж.ж). 2016 жылы Қытай елінде өткен ІІ Ашық Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы жеңімпазы.

 

 * * * 

+ 90 келі салмақта сынға түсетін балуанымыз

– БІРЖАН ҚОСАЛИЕВ

 

            Біржан ҚОСАЛИЕВ – 1985 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Майбұлақ ауылы.

            Аударыспақ спортына 2011 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – ҚР чемпионатының 6 дүркін жеңімпазы. Аса ауыр салмақта екі дүркін Азия чемпионатының жеңімпазы (2014, 2016 ж.ж). 2014 жылы Астанада  өткен І Ашық Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы.

 

 

Баспасөз қызметі

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*