АУДАРЫСПАҚТЫҢ  МАЙДАНЫ

17-18 тамызда басталатын Аударыспақтан халықаралық ашық турнирге келетін шетелдік спортшылар туралы дерек-мәліметтер ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының хат-қоржынына  аз да болса жинақтала бастады. Оқырмандарымыз жүзтаныс бола берсін деген ниетпен сол мәліметтерді қазірден назарға ұсына беруді  жөн көрдік. Сонымен бірге, аударыспақтың өткенін еске түсіре келе, қазақтың саңлақ аударыспақшылары туралы деректерді және бір жарияға шығардық.

         …2014 жылғы аударыспақтан алғаш ұйымдастырылған Азия чемпионатындағы жекпе-жектерді әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Сол жолы кіл мықты бірінің жолын бірі кесті. Әсіресе, 90 келі салмақта өз тұрғыластарын аттарынан қайта-қайта аударған моңғолиялық бауырымыз Нұрболат Ережеп пен қырғызстандық Кумушбек Қыдырәлиевтің екпіні сұмдық болды. Аса ауыр салмақта бақ сынағандар арасында қырғыз елінің және бір балуаны Молдақұлов Нұрлан атойлап көзге түсті. Нұрланның әдісқойлығы мен шапшаңдығы, астындағы атын тақымымен шыркөбелек айналдырған ептілігі қандай еді. Сол ептілігінің арқасында жанкүйер біткен «осы жүлдегер болады-ау» деген  моңғолиялық алып балуан Ыдырыш Бағланды, іле-шала тәжікстандық Машробов Хуршадтарды қапыда қалдырып кетті.

 

Суретте: Сол жақта аударыспақтан І Азия чемпионатында 90 келі салмақта екінші орынды иеленген, Моңғолия біріншілігінің 5 дүркін чемпионы Ережеп Нұрболат.    

          Сондағы біз көрген  жекпе-жектің  қай-қайсы да қып-қызыл айқас еді ғой. Астындағы арғымағын ор қояндай орғытып ортаға шыққан сайыскерлер шеңберлі алаңның төсін тесіп жіберердей шайқасты. Қос балуан сіресе тартысқанда белі жуан аттардың шашаларынан шаңға көміліп, тізелері дірілдеп тұрғанын көзіміз көрді. Алып жігіттер арыстандай айқаса кеткенде азбан айғырлардың  омақасып жығылғаны әлі есімізде. Омақаса жығылғанға қарап «Мертікті-ау» деп ойлап үлгергеніңізше, әлгі құлаған балуанның атына іле қарғып мініп, қарсыласымен қайта арпалысып  жатқанына сенер-сенбесімізді білмей талай таңданғанбыз. Нағыз аударыспақ дегеніңіз сол екен.

          Мұндай сайыстан бойында сескену, жасқану, қорқу сияқты жасықтығы бар жігіттер  күншілік жерден жүрсе керек. Аударыспақ – білегінен күш саулаған, қажыры қара тастай, жүрегінің түгі бар, «сен тұр, мен атайын» сойқан сабаздардың сайысы екендігін мойындап,  сонда  бір тәнті болғанбыз.

           Ал, абсолютті салмақтың жекпе-жегі қандай болды? Бас бәйгеге тігілген алтын белбеуді сарапқа салмақ үшін сегіз елдің сайыпқырандары сайланып шықты. Ә, дегенде ауғанстандық әккі балуан Абдул Рауоуфиді  тәжікстандық Фархад Холов айналасы 2 минутта айналдырып түсіріп кетті. Екінші болып ортаға шыққан қырғыз сайыскері Нұрлан Молдақұлов біздің Біржанмен жолбарыстай жұлқысты. Алдыңғы кеткен есесін  қайтармаққа бекінген Нұрлан қанша атойлап көргенімен жекпе-жек Біржанның пайдасына шешілді.

Суретте: 2014 жылы Қазақстанда өткен І Азия чемпионатына қатысушы, Мажарстанның мықты аударыспақшысы Раджзингер Роберт Ласло.

             Өзбектің бас балуаны Зохид Букобоевқа қарсы сонау Венгриядан ат арытып жеткен Раджзингер Роберт Ласло шықты. Мадиярлық балуанның тұлғасы таудай болғанымен әдіс-айлаға келгенде Зохидтан осал соғып, әп-сәтте ат сауырына сыпырылып түсті. 

Суретте: Ресейдің Алтай Республикасына қарасты Қосағаш өңірінде туған бауырымыз, ауыр салмақта Алтай республикасында  және Моңғолияның Баян-өлгей аймағында өткен жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Азамат Бақытов.

Екінші айналымда тәжік Фархад Холовты біздің  Біржан жалғыз-ақ жұлқып, атынан аударып түсірді. Келер сәтте моңғолиялық Ыдырыш Бағланды Зохид Букобоев айқын басымдылықпен ұтып, ақтық айқаста біздің Біржан балуанмен жекпе-жекке шықты. Біржан нағыз балуан екен. Жанкүйердің дегбірін қашырып, Зохид  ұзақ ұстасып, тайталаса тіресіп жатпады. Шаппа-шапқа келгенде Зохидтің белбеуінен бас салып жұлқа тартқанда, қарсыласын қол-аяғын сереңдеткен қалпы, ат үстінен жұлып түсірді. Таза жеңіс! Сөйтіп,  Біржан Қосалиев тұңғыш Азия чемпионатының алтын белдігін айқын басымдылықпен иеленген!

      Атқа отырысы құйған қорғасындай, алыса кетсе тақымы тастай біздің Біржан, Сырымдар балуаным-ақ қой!

           Сырым демекші, ауыр салмақтағы Сырым Ізбасаров та сол тұңғыш Азия чемпионатының 90 келідегі бас жүлдесін жеңіп алған-ды. Арада екі жыл өткенде Қытай елінде аударыспақтан ұйымдастырылған ІІ Азия чемпионатында Сырым балуан абсолютті салмақта чемпион атанды. 

Егер ұмыта бастағандар болса, естеріне  сала отырайық, аударыспақтың өткен тарихында төмендегідей дерек жазылған.

 

 

 

І Азия ашық чемпионатының нәтижесі (Қазақстан.2014 жыл):

70 келі салмақта:

1-орын Ермек Жәпішев (Қазақстан).
2-орын Ақат Қуаныш (Қытай).
3-орын Қалыбек Бұзырманқұлұлы (Қырғызстан).

 

90 келі салмақта:

1-орын Сырым Ізбасаров (Қазақстан).
2-орын Нұрболат Ережеп (Моңғолия).
3-орын Кумушбек Қыдырәлиев (Қырғызстан).

 

+90 келі салмақта:

1-орын Біржан Қосалиев (Қазақстан).
2-орын Нұрлан Молдақұлов (Қырғызстан).
3-орын Зохид Букобоев (Өзбекстан).

Абсолютті  салмақ чемпионы Біржан Қосалиев!!!

 

*****

ІІ Азия ашық чемпионатының нәтижесі (Қытай.2016  жыл):

70 келі салмақта:

1-орын Ермек Жәпішев (Қазақстан).

 

80 келі салмақта:

1-орын Түймебек Жұмалиев (Қазақстан).

 

90 келі салмақта:

1-орын Сырым Ізбасаров (Қазақстан).

 

+90 келі салмақта:

1-орын Біржан Қосалиев (Қазақстан).

Абсолютті  салмақ чемпионы Сырым Ізбасаров!!!

 

           Алдағы аударыспақ сайысында жоғарыда аты аталған бірнеше шетелдік балуандар тағы да бақтарын сынап көрмекші. Солардың ішінде өзбекстандық алып балуан Зохид Букобоев, Мажарстанның мықтысы Раджзингер Роберт Ласло, Моңғолиядан Нұрболат Ережеп, Қырғызстаннан  Кумушбек Қыдырәлиевтың белдесулерін тамашалайтын боламыз. Алғашқы халықаралық турнирдің алтын белдігі кімге бұйырар екен?

 

 

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*