«АЛТЫН ЖЕБЕ» ТУРНИРІНДЕ ҮЗЕҢГІСІ ӨЗГЕШЕ ЕЛДІҢ ӨНЕРІН КӨРЕМІЗ

U

Бүгін «Қазанат» атшабарында жаттығып жатқан жапондық мергендерге арнайы бардық. Мың жылдан астам тарихы бар «Ябусамэ» атты жапонның дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттап жүрген мергендер жетекшісі Тоиодо Сигэюкимен аудармашы арқылы аз-кем тілдесудің сәті түсті.

            Тоиодо Сигэюки мергеннің айтуынша әзірге Астанаға төрт «Ябусамэ» садақшысы мен бір кеңесші келіпті. Күні ертең Жапониядан тағы сегіз садақшы ұшып келмек. Сонда тамыздың 12-13 күні өтетін «Алтын жебе» І халықаралық турнирі барысында барлығы 13 садақшы «Ябусамэ» өнерін көрсетпекші екен.

Суретте: (оңнан солға қарай) «Ябусамэ» мергендер тобының жетекшісі, 70 жастағы Тоиодо Сигэюки мен Мясаки мерген. 

                      Біз барғанда жапон мергендері «Қазанат» атшабарының қорасында төрт атты ерттеуге кірісіпті. Ертоқымды өмілдірік-құйысқанымен, жүгенімен бірге өздері алып келген. Көрер көзге сүйкімді, жеп-жеңіл жапондық ердің тұрпаты да өзгеше. Жапон елінде өсетін сирек тұқымды ағаштан ойылып жасалған көрінеді. Әсіресе, бізді қатты таңдандырғаны да, қызықтырғаны да – үзеңгі (Суретте). «Көрмегенге көсеу таң» дегендей, пішіні етіктің жарты басына ұқсайтын темір үзеңгіні қайта-қайта айналдырып қараймыз. Ортасына аяқтың бақайы мен башпайлары арасына кіретін кедергісі бар жапон үзеңгісіне арнайы аяқ киімсіз табан тірей алу қиын-сынды. «Көне жапон үзеңгісі осы» дейді  жымиып Тоиодо мерген.

            Жапондықтардың садақтары да ерекше. Өте ұзын, шамамен екі метрден астам. Оқтарының жебесі орнында сәбидің жұдырығындай жұмыр ағаш. Моңғол халқының доғал оқтарына өте ұқсас екен.

              Біз жолыққан «Ябусамэ» мергендерінің жасы егде көрінген соң аудармашы Рэйко қыздан сұрағанбыз. Шынында да топ жетекшісі Тоиодо Сигэюки мен Такахасидің жасы —  70-те екен. Ал, Хасимото 60 жаста. Тек Мясаки мергеннің ғана жасы 45-те екен. Ширақ қимылдаған сергек жүріс-тұрыстарына, әжім торламаған жүздеріне қарап оларды алпыс-жетпіс жастағы адамдар деп ешкім де айта алмастай. Ал, атпен құйғыта шапқанда ту сыртынан қарасаңыз жас жігіттерден айырмашылығы аз.

Суретте: жасы жетпістен асқан Такахаси мерген жаттығу үстінде дәл осылай құйғыта шапты.

                  Тоиодо Сигэюкидің айтуынша Жапонияда ат үстінен дәстүрлі садақ атушыларды тәрбиелейтін «Такэда» және «Огасавара» атты қос мектеп бар. Бұлардан өзге садақ атумен «хобби» ретінде айналысатындар қатары да аз емес. Мысалы, Тоиодоның өзі «Ябусамэ» өнерімен 18 жасынан бастап айналысыпты. Елу жылдан астам ат үстінде өнер көрсетумен келеді. Ұстазы – Канэко Иурин.  Бұрын мектеп Токионың іргесіндегі Камакура атты көне қалада болған. Қазір Токионың өзінде жаттығады.   Бірталай шәкірттері бар. Негізінде, «Ябусамэ» спорттық ойын түрі емес, жапонның ежелгі садақ ату өнерін насихаттайды. Жапонияда жылына екі мәрте ірі көрсетілім және шеберлік дәрістерін жұртшылық назарына ұсыну дәстүрге айналған. Кейінгі жылдары осылай шет мемлекеттерде де өнер көрсету қолға алына бастаған.

            Міне, қысқаша айтқанда жапонның «Ябусамэ» дәстүрлі садақ атушылары туралы білгеніміз осы. Асылы, «Жүз рет айтқаннан, бір рет көрген артық» деген нақылға жүгінген жөн.  Ендеше, «Алтын жебе» турнирінің төмендегі бағдарламасын жадыңызға тұта жүріңіз, қадірлі жанкүйер!

Жамбы атудан «Алтын жебе» І Халықаралық турнирінің

БАҒДАРЛАМАСЫ

 

 

      12 тамыз

14.30-15.20           Жапон садақшыларының шеберлік дәрісі

15.20-16.45         Ойын-жаттығу көрсетілімдері

17.00 -17.20        Турнирдің салтанатты ашылуы

17.20 -18.00          «Ябусамэ» – жапондық дәстүрлі садақ ату көрсетілімі

18.00-19.00         Турнирдің І кезеңі

19.00-19.30         Турнирдің ІI кезеңі

 

       13 тамыз

 

14.00-15.00            Спортшылардың дайындалу уақыты

15.00-16.00                 Турнирдің IІI кезеңі

16.00-16.30                Жеңімпаздарды марапаттау, жарыстың жабылу   

                                салтанаты

Төлеген Жәкітайұлы

 

      

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*