Тұңғыш Көкпардан I-Ашық Азия чемпионаты басталды

IMG_6402 IMG_6423

Бүгін елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Көкпардан I-Ашық Азия чемпионатының шымылдығы ашылды. 11 қыркүйек, Астана қаласы, «Қазанат» атшабарында басталған чемпионатты ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастының Президенті Қайрат Сатыбалдыұлы салтанатты түрде ашып, жарыстың қонақтарына алғыс білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Бұл ұлттық құндылығымызды дәріптейтін, ұлттық рухымызды көтеретін іс-шараны ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Чемпионаттың ашылу салтанатына «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Б. Бәйбек, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры  Д. Қалетаев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері Агенттігінің төрағасы Е. Қожағапанов, ҚР Ұлттық Спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Б. Тілеухан қатысты.

IMG_6460  IMG_6452

 Көкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі және бірегейі. Қазіргі таңда осы ұлттық ойындарымызды халық арасында кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ойынның техникасы мен шеберлігін игеруге жастарымыздың қызығушылығын ояту аса маңызды болып отыр. Осы орайда ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы елімізде республикалық, халықаралық жарыстарды ұйымдастырып келеді. Ұлттық спорт түрлерінен мұндай халықаралық жарыстар өткізудің басты мақсаты – қазақтың бай рухани мұрасын жаңғырту және насихаттау.

Көкпар ойыны түрік халықтарына ортақ болғандықтан, оны бірлесіп дамыту, халықаралық спорт дәрежесіне жеткізу мақсатында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы биылғы жылы қыркүйектің 10-15 аралығында Көкпардан I-Ашық Азия чемпионатын өткізуді өз қолына алды. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған чемпионатқа Азияның 8 мемлекеттері: Ауғаныстан, Қырғызстан, Монғолия, Түркия, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері қатысады.

IMG_6453  IMG_6399

Азияның 9 елінен құралған тартысты бәсекеге жалпы саны 108 көкпаршы қатысып отыр. Олар 4 күн бойы өзара бақ сынасатын болады. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. 1-ші орынға 10 млн. теңге, 2-ші орынға 6 млн. теңге, 3-ші орынға 4 млн. теңге бөлініп отыр.

IMG_6474IMG_6461

«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының хатшысы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті Қайрат Сатыбалдыұлы Көкпардан I-Ашық Азия чемпионатының ашылу салтанатында: «Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап атадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, көненің көзіндей болған салт дәстүрлеріміздің қайта жанданып жатқаны баршамызға мәлім. Бүгін елімізде тұңғыш рет көкпардан Азия чемпионатының өткелі отырғаны осының айқын дәлелі деп білеміз. Ат құлағында ойнаған ата- бабаларымыздың кез келген ас жиыны мен той думаны аламан бәйгесіз және көкпарсыз өтпегені анық. Жылқы мінезді халқымыздың тұлпар дүбірін естігенде қаны қызбайтыны кемде кем. «Біз мәдениетті қоғамдық өмірдің аса маңызды салаларының бірі ретінде санаймыз. Оның деңгейі қоғамдық маңызы жөнінен саясат пен экономика салаларынан кем түспейді. Мәдениетке сан-алуан өнер атаулының жиынтығы ғана деп қарамау керек. Ол біздің ана тілімізде, ата дәстүрімізде, тарихи мұрамызда, біздің белгі-таңбаларымызда тұнып тұр» — деп «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жаңа Доктринасында көрсетілген.   Көкпар осы орайда, рухани және ел бірлігінің негізгі факторларының бірі болуы тиіс», дей келе чемпиоантты ашық деп жариялады.

Қауымдастық ұйымдастырып отырған чемпионаттың ашылу салтанаты үлкен мерекелік іс-шара ретінде ұйымдастырылып, оған еліміздің лауазымды тұлғалары мен зиялы қауымы қатысты. Ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер ұйымдастырылып, қазақтың спорт шеберлерінен шеру өтті.

         Көкпардан I-Ашық Азия чемпионатының демеушісі «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы.

 ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*