ЕРТЕҢ «АЛТЫН ЖЕБЕ» БАСТАЛАДЫ!

 

Бүгін «Алтын жебе» турниріне қатысатын Румыния, Финляндия, Польша, Түркия, Моңғолия мергендері Астанаға жетіп, барлық спортшылар ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған мандат комиссиясының отырысына қатысты.

         

Суретте: Түркияның айтулы мергендерінің бірі Мұрат Бонжукқа жеребеде 9 нөмір тап келді. «Алтын жебе» турнирінің Бас төрешісі Нүркен Байбөриев.  

         Турнирдің бас төрешісі Нүркен Байбөриев басқарып, жүргізген бұл жиында жарысқа қатысатын  барлық спортшылар таныстырылды.

Суретте: Шетелдік ұлттық садақ мергендерінің бір тобы.

U

Суретте: Румыниялық мерген Михай Кузми.

Суретте: Қазақстан құрама командасының бас мергені Елдос Бадашевқа бұйырғаны 12 нөмір.

 

Ертеңгі бәсекеде кім-кімнен кейін жарыс жолына шығатынын нақтылау мақсатында жеребе тартылып, әрбір спортшы өзінің реттік нөмірін айқындап алды. Соңынан бас төреші шетелдік мергендерге ертеңгі турнирдегі ойын шартының ерекшелігін және бір қайталап айтып берді. Сонда «Алтын жебенің» ойын шарты қандай?

           «Алтын жебе» турнирінің ерекшелігі – садақшылардың барлығы нысананы ат үстінен атады. Екі күнге созылатын садақшылар сайысы үш кезеңнен тұрады.

            Алғашқы күнгі екі кезеңнің бірі «Шапшаң ату». Мұнда садақшылар нысана тұсына атпен келіп тоқтап, төрешінің «атыңдар!» деген бұйрығы бойынша шапшаңдықпен оқ атады. Уақыт мерзімі – 10 секунд. Осы 10 секундта спортшы жебені үлгергенінше атуға тиіс. Нысана он қадам жерде тұрады. Оқ нысананың ортасындағы қызыл шеңберге тисе 3 ұпай,  сары шеңберге тисе 2 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай беріледі.

                  Ал, екінші кезең «Қалқан ату» деп аталады. Мұнда спортшылар жолақты арқанмен көрсетілген, ені үш метрлік дәліз жолдан  10 метр қашықтықтағы, арасы 35 метрден,  1 метр биіктікке орналастырылған, диаметрі 60 сантиметр болатын қалқан пішіндес үш нысананы атпен шауып келе жатып кезекпен атып өтеді. Оқ  нысана ортасындағы қызыл шеңберге тисе 5 ұпай, сары шеңберге тисе 3 ұпай, көк шеңберге тисе 1 ұпай есептеледі.  Спортшыға 2 мүмкіндік және әр мүмкіндікті орындауға  25 секунд уақыт беріледі. Ол осы уақытта  үлгергенінше оқ ата алады. Атпен шауып өтетін дәліз-жолдың ұзындығы 200 метр. Егер осы жолды спортшы 25 секундтан ұзақ уақытта шауып өтсе оның ұпайлары есепке алынбайды.

                Үшінші кезең – «Жамбы ату» жарыстың екінші күні, яғни, 13 тамызда тамашаланбақшы. Спортшылар дәліз-жол бойымен әр түрлі қашықтықтағы 2,4 метр биіктікке ілінген, диаметрі 20 сантиметр 3 нысанаға шауып келе жатып үлгергенінше оқ атып өтеді.  1-ші нысана «қола жамбы» жолдан 8 метр қашықтықта,  2-ші нысана «күміс жамбы» жолдан 10 метр қашықтыққа,   3-ші нысана «алтын жамбы» жолдан 12 метр қашықтыққа орналастырылған. Нысаналардың өзара қашықтығы – 30 метр. Жебе «қола жамбыға» қадалса  – 5 ұпай, «күміс жамбыға»  қадалса – 10 ұпай, «алтын жамбыға» қадалса – 15 ұпай беріледі. Ал, егер жебе жамбы  ілініп тұрған қылды қиып өтсе 20 ұпай  есептеледі. Бұл тұста анықтап айтарымыз, жебенің жамбыға қадалғаны ғана есепке алынады. Спортшыға 2 мүмкіндік беріледі. Бұл кезеңде де садақшының атпен шауып өткен уақыты 25 секунд.    

              «Алтын жебе» ережесі бойынша мергендер бәсекеге өз ұлттық садақтарымен қатысса да, жебе біркелкі ағаштан жасалған болуы тиіс. Осы ережеге сәйкес бас төреші барлық мергендердің садақтары мен қорамсақ толы жебелерін жеке-жеке тексеруден өткізді.

            «Алтын жебе» турнирінде 11 мемлекеттің 19 мергені бақ сынайды. Қырғызстан командасы түрлі себептерге байланысты турнирге қатыспайтын болды. Ал, Венгрия, Малайзия, Қытай, Өзбекстан және Ресейдің Алтай республикасы спортшылары бүгін түнделетіп Елордаға жетпекші.

           Сонымен, бұйыртса ертең «Қазанат» атшабарында қазақтың жамбы ату тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық турнирдің туы көтеріледі. Ұлттық садақ атудан өтетін алғашқы әлемдік жарыстың қызығын тамашалаудан қапы қалмайық, ағайын! Төмендегі турнир кестесіне көз сала отырыңыз.

12 тамыз

14.30-15.20           Жапон садақшыларының шеберлік дәрісі

15.20-16.45         Ойын-жаттығу көрсетілімдері

17.00 -17.20        Турнирдің салтанатты ашылуы

17.20 -18.00          «Ябусамэ» – жапондық дәстүрлі садақ ату көрсетілімі

18.00-19.00         Турнирдің І кезеңі

19.00-19.30         Турнирдің ІI кезеңі

 

13 тамыз

 

14.00-15.00            Спортшылардың дайындалу уақыты

15.00-16.00                 Турнирдің IІI кезеңі

 

Баспасөз қызметі

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*