БАСТАЛДЫ!!!

Cонымен бүгін «Алтын жебе» халықаралық турнирі басталды. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысқан жарыстың салтанатты ашылуында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор  Қайрат Сатыбалдыұлы сөз сөйлеп, жұртшылықты «Алтын жебе» турнирінің ашылуымен құттықтады. Ашылу салтанатынан соң ұлттық садақ атудың сайысы басталды. Ат үстінен садақ атудан аты шыққан әлемнің айтулы мергендері бақ сынаған сайыстың алғашқы күнгі нәтижесінде біздің Айтбек Сарыбайдан асқан садақшы болмады. Отыз ұпайды олжалаған Айтбек мерген жарыстың «Шапшаң ату» мен «Қалқан ату» кезеңінде топ жарып шықты.

     

Суретте: «Қалқан ату» сайысында жебесі жерге түспеген біздің Сарыбай Айтбек мерген «Алтын жебе» турнирінің алғашқы күнгі сайысында 30 ұпайды еншіледі.  «Жарайсың Айтбек!»

 

          Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Алтын жебе» турнирінде жапонның «Ябусамэ» атты дәстүрлі садақ ату шеберлігін насихаттап жүрген мергендердің өнері тамашаланды. Қағаз, ағаш, соңынан шыны нысананы ат үстінен кезек-кезек атқан сегіз жапондық садақшының өнері жанкүйерді бей-жай қалдырған жоқ. Әскери садақ ату өнерін діни жоралғымен астастырып көрсеткен «Ябусамэ» көрсетілімі шынында да сүйсініп тамашалайтын қойылым болып шықты. Ат үстінен құйғыта шапқан бетте ең соңында алақандай шыны нысанаға жебесін дарытқан жетпістегі жапондық мергеннің шеберлігіне сүйсінбеген көрермен кем де кем. 

       Сөйтіп, «Ябусамэнің» көрінісінен соң  «Алтын жебенің» алғашқы кезеңі басталды. Алғашқы кезең — «Шапшаң ату». Он қадам жердегі нысананы ат үстінен бір орында тұрып атуда  біздің жігіттердің сылбыр қимылынан алғашқыда іш жиып қалғанымыз рас. Жылдамдыққа атуда моңғол мергені Дунчиг Отгонбямба 7 ұпай, малай мергені Мұхаммед Акмал бин Мұхаммед Дакалан 7 ұпай, мажарстанның мергені Немоти Кристоф Арпад 8 ұпай, румын мергені Михай Кузми 8 ұпай алғанда қазақ мергендерінің арасынан Айтбек Сарыбай ғана 6 ұпайға зорға жетіп жанкүйерді бір қобалжытты.

            Екінші кезең — «Қалқан ату». Тағы да моңғол мергені топ бастап кетті. 15 секунд арасында үш нысанаға едел-жедел алты оқтан атып, Михай Кузми екі мүмкіндікте  ұпай санын 27-ге жеткізіп бір-ақ тоқтады.  Польшаның тарланы Радослав Козуч пен Мажарстанның мақтаулы мергені Немоти Кристоф Арпадтың  да екпіні  сұмдық. Шапшаңдықтары Михайдан кем соғар емес. Біздің үміт артқан бес мергенімізге келсек,  Елдос Бадашев, Бекқали Өзденбаев пен Абзал Тулыбектің  бар ұпайы  оннан аспай қалды.  Ералхан Айкөздің ұпайы 16-ға зорға жетті.

          Әйтеуір, бүгінгі күні жанкүйердің көңілін жадыратқан Айтбек Сарыбай болды. Алғашқы кезеңде 6 ұпайды қанжығаға байлаған Айтбектің оңтайына шауып садақ ату дөп келіп тұр екен.   Екі мүмкіндікте бір жебесін далаға жібермеді. Алғашқыда ағыза шауып 17 секундта үш оқпен 13 ұпайды уыстап алса, екінші мүмкіндікті 19 секундта өтіп, үш нысанадағы ұпайын 11-ге жеткізді. Айтбек аз атты, аз атса да саз атты. Сөйтіп, 30 ұпаймен қарсыластарын шаңға көміп кеткен Айтбек мерген алғашқы күннің жеңімпазы деп жарияланды. Қалың жанкүйер жеңімпаз ұлына   «Жарайсың Айтбек!» деп қошаметін жаудырып жатты. Айтбек нағыз мерген екен!

           Екінші орынға  27 ұпаймен румындық Михай Кузми табан тіреді. Үшінші орынды 19 ұпайды олжалаған мажарстан мергені  Немоти Кристоф Арпад еншіледі.

          Бірақ, бұл алғашқы күннің қорытындысы ғана. Нағыз жеңімпаз ертең танылады. 

          Ертең «Алтын жебе» турнирінің ең шешуші күні. Қиын да, қызықты болатын «Жамбы ату» сайысында ұпай саны да мол. Сондықтан, жебесімен үш жамбының қылын қиып түсіп, алға озуға әркімнің де мүмкіндігі бар. Басталуы сағат 12-де! «Алтын жебенің» ақтық сайысын бірге тамашалайық, ағайын!  

Төлеген Жәкітайұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.