КОВБОЙ-КӨКПАРШЫЛАР КЕЗДЕСТІ

U

Бүгін «Қазанат» атшабарында Қазақстандағы АҚШ елшілігі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен көкпардан І Әлем чемпионатына қатысатын америкалық ковбой-көкпаршылар қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесті.

             Баспасөз конференциясында Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайм журналистерге көкпардан өтетін Әлем чемпионатына америкалық команданың да қатысуы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың арта түсуіне ықпал ететінін айта келіп жарысқа қатысушылардың бәріне «Ақ жол» тіледі. Ұлттық спорттың осындай әлемдік бәсекесін ұйымдастырып, оған америкалық ойыншыларды арнайы шақырғанына  ризалық білдірді.  Сонымен бірге, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының   президенті Бекболат Тілеухан, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов сөз сөйлеп, әлемдік көкпар чемпионаты туралы айтып өтті.

               БАҚ өкілдерін қызықтырған көп сауалға  АҚШ көкпар құрама командасының капитаны Крид Гарник жауап берді. Өз отанында режиссер-продюссер ретінде де есімі танымал Крид Гарник  америкалықтардың көкпар ойынын жаңа ғана меңгере бастағанын айтып, бұл чемпионатқа қатысып, жақсы ойын көрсете алса, соның өзін үлкен мәртебе санайтынын жасырмай айтты. Америка командасы арасында Қырғызстандағы көшпелілер ойындарына қатысқан бірер ойыншылар болғанымен олардың көбі көкпар додасының әліппесін енді-енді бастапты. Қазір америкалық команданы Ақмола өңіріне аты әйгілі ардагер көкпаршы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерғали Тоқабаев Астана іргесіндегі Қараөткел ауылында жаттықтыруда екен.

Кездесу соңында америкалық ковбойлар алаңда ат ойнатып, өздерінің ат үстіндегі өнерлерін көрсетті. Шалма тастаудың шеберлігін аңдатып, бишік шартылдатудың алуан тәсілін тамашалады.

Суретте: Америка көкпар командасының капитаны, аударыспақта да бақ сынайтын Крид Гарник осы. 

       Еске сала кетейік, ертең «Қазанат» атшабарында Аударыспақтан халықаралық ашық турнир сағат 11-де басталады. 9 мемлекеттің туы көтерілетін бұл бәсекеде де америкалық ковбойлар бақ сынамақшы. Атап айтқанда, америкалық көкпар командасының капитаны Крид Гарник, Брайан Минтон және Чандлер Минтон ертең әлем аударыспағының мықтыларының білек күшін байқап көрмек.

Баспасөз қызметі

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.