АУДАРЫСПАҚ БАСТАЛДЫ!!!

Бүгін аударыспақтан ашық халықаралық турнир басталды. 80 келі, 90 келі және 90 келіден жоғары салмақтардың бас жүлдесін қазақ балуандары жеңіп алып, қалың жанкүйер бөркін аспанға атып қуанып жатыр. Біржан, Сырым, Есімхан ел намысын қолдан бермей, қарсыластарын кілең айқын басымдылықпен ұтты. Жеңіс құтты болсын, ағайын!

 

           Елімізде алғаш ұйымдастырылған халықаралық турнирдің салтанатты ашылуынан соң жарыс бірден басталды. Жекпе-жектің майданын көзбен көрмей болмайды. Халықаралық турнирге балуанның барлығы ширығып-ақ келгендей. Бес минуттық белдесулер бірнеше секундта аяқталып жатты. 80 келіде ел намысын қорғаған Есімхан Рахматілла әп дегенде Ресейдің Алтай республикасы атынан келген Ахметов Жантілеу бауырымызды 30 секундта аттан жұлып алды. Таза жеңіс!  Қырғызстанның осы салмақтағы мықтысы Бузурманқұлұлы Қалыбек пен өзбекстандық Нарботаев Мұса 5 минут бойы алысып, ақыры 2:1 есебімен жеңіс Мұсаға берілді. Қытай елінің бас балуаны Мұқат Қуанышұлын Монғолияның Баян-Өлгей аймағында аты дүркіреп  тұрған Жеңісбек Серікұлы 3 минутта таза ұтты.

 

Суретте: 80 келі салмақта бас жүлде алған Есімхан РАХМАТІЛЛА!

            Бұл салмақта әсіресе Есімханның жекпе-жегіне сүйсінбеген жанкүйер қалмады. Ол өзбекстандық   Мұсаны 1 минутта, ал, Баян-өлгейлік Жеңісбекті 18 секундта емін-еркін жеңе салды. Сөйтіп, 80 келі салмақта бас жүлде Есімхан Рахматіллаға бұйырды. Екінші орынды Жеңісбек Серікұлы, үшінші орынды Мұхат Қуанышұлы иеленді.

 

Суретте: 80 келі салмақтың күміс жүлдегері Жеңісбек Серікұлы.

Суретте: 80 келі салмақтың қола жүлдегері Мұқат Қуанышұлы.            

90 келі салмақтағы белдесулердің көрінісі  тіпті алғашқысынан асып түскендей. Біздің Сырым балуан алғашқы қарсыласы Жандос Окашевті (Ресей) бар-жоғы 6 секундта аттан түсіріп тастады. Турнир барысындағы ең қысқа жекпе-жек осы болды.

Бұл салмақта ұстасқанын ұтпай қоймайтын Бақытбек Ақбидің екпіні де жанкүйердің қошаметіне бөленді. Сырым Ізбасаров пен   Бақытбек Ақби өздеріне қарсылас болған Сардар Қаһармановты (Түркия), Бабаназар Жураевты (Өзбекстан), Серф Амбурсты (Мажарстан), Думан Жұмабайұлын (Қытай), Маратбек Алтымышевты (Қырғызстан) аса қиналмастан ұтып, ақтық сынға екеуі шықты. Бірақ, біздің балуан Бақытбектің аңысын аңдап, барлап жатпады. Ысқырық шалынысымен   белбеуден бас  салды да, жалғыз оң қолымен-ақ ырғай тартып Бақытбекті аттан жұлып алды.  Осыған небары 10 секунд жұмсалыпты. Таза жеңіс! Бас жүлде Сырымда!  

 

Суретте: 90 келі салмақта бас жүлде алған Сырым Ізбасаров!

           

    Қола жүлде үшін белдескен Алтымышев Маратбек пен Думан Жұмабайұлы 5 митнутта бір-бірін ала алмай, қосымша уақыттағы белбеуден ұстасып тартысқанда Думанның қолы белбеуден бірінші шығып кетіп, қапыда қалды. Сөйтіп, қола жүлде Алтымышев Маратбекке бұйырды.

            90 келіден жоғары салмақтағы балуандар белдесуіне қарап отырып, біздің Біржан балуанның нағыз бабында екеніне көзіміз анық жетті. Біржан бүгінгі аударыспақтың алыбы екенін жанкүйерге тағы бір айқын  дәлелдеп берді. Ол бір жекпе-жекте Досжан Байысты 7 секундтан асырмай жеңсе, ақтық сайыста Серік Үсенді 30 секундта атынан аударып тастады. Мұнда Біржанмен 2 минут бойы тіресуге жараған мажарстандық Чемез Фаркаш қана болды. Сірә, біздің жігіт қанына сіңген меймандостыққа тартып, алыстан келген бауырын әп дегенде атынан жыға салуға қимады-ау дедік. Біржанның Фаркашпен асықпай ұстасуынан біз осыны аңғардық.

 

Суретте: 90 келіден жоғары салмақта бас жүлде алған Біржан Қосалиев!

            Сөйтіп, бұл салмақта да бас жүлде қазақ балуанына бұйырды. Біржан Қосалиев 90 келіден жоғары салмақтың жеңімпазы атанды. Күміс жүлдені Серік Үсен, қола жүлдені Досжан Байыс алды.

Суретте: (оң жақта) 90 келіден жоғары салмақтың қола жүлдегері Досжан Байыс.

            Ертең дәл осы «Қазанат» атшабарында аударыспақтан абсолютті салмақтың бас жүлдесі сарапқа салынады. 9 мемлекеттің қырыққа жуық таңдаулы балуаны жекпе-жекке шығады. Басталуы сағат 11:00-де. Аударыспақтың қызықты белдесулерін көруге асығыңыз, ағайын!

Төлеген Жәкітайұлы

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.