ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ТАЛАБЫ

 

Бүгін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен көкпардан  І Әлем чемпионаты мандат комиссиясының отырысы өтті.

                Мандат комиссиясы отырысын басқарып, жүргізген ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті, Әлем чемпионатының  бас төрешісі  Ерлен Оспанов барлық елдің көкпар командалары басшыларына жарысқа келгендері үшін ризалығын білдіріп, көкпар ойынының әлемдік деңгейде дамуы осындай ынтымақтастыққа байланысты екеніне тоқталды. Жарыстың әділетті өткізілуі  үшін қажетті барлық шаралардың ескерілгенін, сол мақсатта әр елден бір өкілдің төрешілер құрамына енгізілгенін жария етті. Сондай-ақ, бас төреші өткен жылы өзгерген көкпар ережесі туралы айтып, Азия елдері ұлттық спорт федерациялары өкілдерінің ұсынысымен алынып тасталған көкпар қазандығы жөнінде қысқаша түсініктеме берді. Оның басты себебі, қазандықпен ойналған 15 жылдың ішінде серкені қазандыққа тастауды меңгерген тек Қазақстан мен Қырғызстан командалары болыпты. Басқасы басқа, көкпарды ең қызыға тартатын Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдерінің өзі қазандықпен ойнауға еш бейімделе алмай қойған. Енді міне, тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған І Әлем чемпионатында серке шеңберге тасталып ойналады. Серке демекші, бұрынғы шын серкенің орнына бұл жарыста «муляж», яғни, жасанды серке тартылмақшы.

            Жиын барысында бас төрешінің орынбасары Нүркен Байбөриев жарыс ережесінің маңызды тұстарын еске сала келіп, аттардың тағалану тәртібін тағы бір қайталап айтты. Әлем чемпионатына өз аттарымен келген тек Қырғызстан командасы ғана. Бұл елдің аттарының төрт аяғы да тағаланған. Көкпар ережесі бойынша қауіпсіздік үшін  аттардың алдыңғы аяқтары ғана спорттық тағалармен тағалануы тиіс екен. Осы талаптың орындалуы ескертілді.  

           Мандат комиссиясының отырысы соңында бірқатар мемлекеттің команда басшылары қысқаша сөз сөйлеп, көкпардан ұйымдастырылған тұңғыш Әлем чемпионатына шақырту алып, осы жарысқа келгендеріне ризашылықтарын білдірді. Көпшілігінің сөз түйіні, енді осы Әлем чемпионатында төрешілердің шешімі әділетті шығып, көкпаршылардың ойыны барынша адал болып, жеңіс жалауы шын мықтылар жақта ғана желбіресе екен деген тілекпен аяқталды.

Баспасөз қызметі  

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*