КӨКПАРДЫҢ ТАРИХИ СӘТІ

21 тамыз. Көкпар тарихындағы айтулы күн. Көкпардан Әлем чемпионатының басталған күні. Сонымен, І Әлем чемпионаты басталды. Келеді деген командалардың ішінен тек Әзербайжанның көкпаршылары ғана жарысқа қатыспады. Сөйтіп, Әлем чемпионатының бас жүлдесін сарапқа салу  11 мемлекет көкпаршылары арасында өтетін болды.

 

 Суретте: (солдан оңға қарай) ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов және АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Джорж Крол.

 

        Таңғы тоғыздан басталуға тиіс бәсеке қыңыр мінезді қырғыз көкпар басшыларының өнбейтін дау туғызуына байланысты біршама кешірек басталды. Сонда қырғыз дауы  неден туды? Чемпионат ережесіне сәйкес көкпар аттарының тек алдыңғы аяқтары ғана жалпақ тағамен тағалануға тиіс. Ал,  қырғыз аттарының төрт аяғы да тағаланулы. Жарыс төрешілері сол тағаларды суырып тастауды талап етті. Бұл талап қауіпсіздік үшін орындалуға тиісті. Бірақ, қырғыз ағайын сол талапты орындаудан бас тартты. Нәтижесінде, ең алдымен басталуға тиісті Моңғолия мен Қырғызстан командалары арасындағы ойын уақыты кейінге шегерілді.

       Айналып келгенде, көкпар тарихындағы тұңғыш Әлем чемпионатының алғашқы ойынын бастау Тәжікстан мен Өзбекстан командаларына бұйырып тұр екен.

Қос елдің көкпаршылары да бәсекені тым қызу бастады. Әсіресе, 2013 жылы көкпардан өткен І Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленген тәжіктердің қарқыны тым қатты. Ақыры алғашқы салымды да солар салды. Ойынның 1 минут 45 секунды өткенде Дилшот Шодмонов өз шеңберінің шаңын бұрқ еткізді. Коментатор «Салым!» деп саңқ етті. Сөйтіп, көкпардың тарихына Дилшот Шодмонов есімі тұңғыш Әлем чемпионатының ең бірінші салымын салған көкпаршы ретінде тіркелді. Тарихи сәт дегеніңіз осы. Әрине, бұл әлем чемпионаты аяқталған соң ең көп салым салған көкпаршы, ең көп ұпай жинаған команда, тағы басқалары айқындала жатады ғой. Осы тұрғыда, Әлем чемпионатының ең алғашқы салымын салған көкпаршы атану тәжік азаматына бұйырып тұр екен.

      Түптеп келгенде чемпионаттың алғашқы жеңімпазы атанған да осы тәжікстандықтар болды. Кілең жал-құйрығы төгілген, көкпардың додасына жабағысынан жаттыққан Жамбыл облысының  азбан айғырларын мінген Тәжікстан командасы өзбек көкпаршыларын 3:1 есебімен ұтып кетті. Тақымдарына Өскемен өңірінің қарабайыр мектеп аттары тиген өзбекстандықтар амалсыз жеңілістің ащы дәмін татты. Әйтпесе, өз-ағалардың ойыны осал болған жоқ.

     Екінші ойын АҚШ пен Түркия командалары арасында өтті. Тағы да қырғыз ағайындардың кесірінен ойын шырқы бұзылды. Ақиқаты керек, америкалықтар бұл кездесуде аянып қалған жоқ. Команда капитаны Крид Гарник өзі ілгіш, өзі қорғаушы болып жүріп ақырында алғашқы салымды да өзі салды. Әрине, команда мүшелерінің көкпар додасына төселмегені ойын барысында көзге ұрып тұрды.

Бірақ, олардың қарсыластары Түркия командасы да көкпардың майын ішкен майталман сияқты емес еді. Керісінше, олардың екпіні тым басым. Байқаймыз, араларында командалық көкпардың тісқаққандары тым көп. Киіп-жарып салымды салып жатыр. Әне-міне дегенше есепті  7:1-ге жеткізді. Жанкүйер біткен аң-таң. Сөйтсек, ойын соңында белгілі болды, түркиялықтар арасына қырғыз ойыншылары қосылып кеткен. Америкалықтардың наразылығы бойынша төрешілер дереу тексере қалып еді, команданың үш ойыншысы жолдан қосылған қырғыз жігіттері болып шықты. Сөйтіп, бұл командалар арасындағы есеп қорытындысы 2:1-ге тоқталды.

     

Үшінші болып алаңға шыққан Қазақстан-Ауғанстан арасындағы ойын көкпар додасының көрігі қыздырып, жанкүйердің бір серпілтті. Өз елдерінде көкпарға тана тартып жүрген ауғаныстандықтар біздің жігіттерге осал қарсылас болған жоқ. Бірақ, Бағлан Шырынбаев, Темірхан Айтбаев, Асланбек Сайдулла, Александр Пупенко сынды саңлақ көкпаршылары бар команданың екпіні өте қарқынды шықты. Ойын 9:2 есебімен аяқталды.

      Сондай-ақ, қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңген команданың бірі – Ресейдің Алтай республикасынан келген команда болды. Алтайлықтар қарсыластары Мажарстан жігіттерін 7:1 есебімен ұтып кетті.

       Әзірбайжан командасының жарысқа қатыспауына байланысты олардың қарсыласы Қытай елінің көкпаршыларына ережеге сәйкес жеңіс жарияланды.

    Жоғарыдағы бес кездесуден соң чемпионаттың ресми ашылу салтанаты өткізілді. Доданы тамашалауға жиналған нөпір жұртқа жамбы ату, теңге ілу, тазы жарыстыру сияқты ойындар көрсетіліп, соңында алыс-жақыннан ат арылтып келген көкпаршылар шеруі өтті. Шеруді бастаған ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті, чемпионаттың бас төрешісі Ерлен Оспанов баянат жасады.

      Алғашқы болып сөз алған Мəдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов бұған дейін халқымыздың асыл мұрасы – ұлттық ойын түрлерінен тек қана тоғыз құмалақтан əлемдік деңгейде жарыс өткізіліп келген болса, енді міне, қатарға көкпар қосылды дегенді атап өтіп, жиналған жұрт пен қазақ еліне ат басын бұрған сайыскерлерге алғысын білдірді. Мəртебелі меймандар атынан пікір айту бақыты АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Джорж Крол мырзаға бұйырып, елші өз тілегін көпшілікке қазақ тілінде жеткізді. «ЭКСПО көрмесі аясында өткізіліп отырған бұл жарысқа америкалықтардың шақырылуы екі мемлекет арасындағы жақсы байланыстың нəтижесі», деді елші мырза. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан өз сөзінде көкпардан өткізілген Әлем чемпионатының маңыздылығына тоқала келіп, жұртшылықты жарыстың ашылу салтанатымен құттықтады. Салтанатты рəсімнің соңы концерттік бағдарламаға жалғасып, елімізге танымал өнер жұлдыздары өз өнерлерін паш етті.

      Тағаның дауымен  алғашқы ойынға шықпаған қырғызстандықтар І Әлем чемпионатының ашылу салтанатты ашылуынан соң Моңғолия командасымен кездесіп, ойын 4:0 есебімен аяқталды.

      Алғашқы күннің қорытындысы осы. Бұйыртса, чемпионаттың ойын барысын кеңейтіп жазу алдағы күндердің еншісінде.

      Астана төрінде өтіп жатқан өз ұлтыңның ұлттық ойынына жанкүйер бол, ағайын! Ертеңгі күннің кестесіне көз салыңыз. Бұл көкпардан ұйымдастырылған тұңғыш Әлем чемпионаты!


22 тамыз күнгі бәсекелер

 

9:00 – 10:00

Монғол Халық Республикасы – Америка Құрама Штаты

 

10:00 – 11:00

Тәжікстан Республикасы – Түркия Республикасы

 

11:00 – 12:00

Қырғызстан Республикасы – Өзбекстан Республикасы

 

12:00 –14:00  — ТҮСКІ ҮЗІЛІС

 

14:00 – 15:00

Ауғанстан Республикасы – Венгрия Республикасы

 

15:00 – 16:00

Қытай Халық Республикасы – Ресей Федерациясы

 

16:00 – 17:00

Қазақстан Республикасы – Әзербайжан Республикасы    

 

Төлеген Жәкітайұлы      

      

   

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.