БЕСІНШІ КҮНГІ КӨКПАР ДОДАСЫ

 

Сонымен, бүгінгі күнмен Әлем чемпионатының іріктеу ойындары аяқталды. Қазақстан мен Қырғызстан командалары екі топтан жеңіліссіз шықты. Жартылай финалда ойнау мүмкіндіктері зор болған Моңғолия мен Тәжікстан командалары арасындағы ойын бүгінгі күннің ең тартысты кездесуі болды. Ойынның алғашқы кезеңін 6 : 3 есебімен аяқтаған моңғолиялықтардың екпіні екінші кезеңде мүлде басылып қалды. Сірә, аттарын тез шаршатып алса керек. Ал, керісінше екінші кезеңде тәжікстандықтардың құйғыта шауып келіп серке іліп әкетуі де, жекпе-жектегі қарымы да үдеп кетті. Нәтижесінде бұл командалар кездесуінде 10 : 9 есебімен Тәжікстан командасы басым түсті.

           Алдыңғы күндердегі ойындарына қарағанда бүгінгі бәсекеде  АҚШ командасының шабуылы ширақ болды. Азиядағы атақты командамен кездестік деп жасқанбай, қырғыз жігіттерімен тайталасып-ақ бақты. Ілгіштері де, қорғаушылары да көкпардың қыр-сырын меңгеріп қалғандай. Ойын аяқталғанша алты салымды  қатарынан салып, америкалықтар айды аспанға  шығарғандай болды.

Жартылай финалда ойнаудан  үмітті болған Ауғанстан мен Қытай командалары арасындағы тартысты ойында Ермек Тоқтарбай баптап әкелген Қытай командасы 4:2 есебімен жеңіске жетті.

              Сөйтіп, 27 тамыз күні жартылай финал, яғни, қола жүлде үшін тартыс Қытай мен Тәжікстан командалары арасында өтетіні анықталды.

             Сонымен, көкпардан ұйымдастырылған І Әлем  чемпионатының да мәреге  жетер кезі таяп қалды. Көкпардан тұңғыш әлем чемпионы кімдер болмақ? Қазақстан ба, әлде Қырғызстан ба?

              Әлем чемпионатының қола жүлдесі Тәжікстанға немесе Қытай командасына бұйыра ма? Оны 27 тамыз күнгі финалдық бәсеке айқындайды.

              Әлем чемпионатының ақтық сайыстарынан қапы қалмаңыз, ағайын!  Басталуы сағат 16:00-де.

 

25 күнгі ойын қорытындысы төмендегідей:

 

Моңғолия – Тәжікстан. Есеп – 10 : 9.

Өзбекстан – Түркия. Есеп – 14 : 3.

Қырғызстан – АҚШ. Есеп – 11 : 6.

Қытай – Ауғанстан. Есеп – 4 : 2.

Қазақстан – Мажарстан. Есеп – 12 : 3.

Төлеген Жәкітайұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.