ҚАЗАҚ КОМАНДАСЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

Суретте: І Әлем чемпионатының жеңімпазы атанған, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев баптаған  Қазақстан құрама командасы осы.

 

Бүгін І Әлем чемпионаты аяқталды. «Қазанат» атшабарында алма түсер бос орын қалдырмаған қалың жанкүйер көкпар ойынындағы тағы бір тарихи сәтті тағатсыздана тосуда. Әлем чемпионатының ең соңғы екі бәсекесі.

Қытай құрама командасы мен Тәжікстан құрама командалары қола медаль үшін қырық минуттық алапат айқасқа түспек. Әлем чемпионатының қола жүлдегері атану қай командаға бұйырады? Қазақстан мен Қырғызстан көкпаршылары Әлем чемпионатының алтын жүлдесін сарапқа салмақ. Кім чемпион атанады?

2013 жылы Астанада дәл осы «Қазанат» атшабарында өткен І ашық Азия чемпионатында қазақ көкпаршылары бас бәйгені талассыз алған. Ал, 2016 жылы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қырғыз көкпаршыларының мерейі үстем болды. Сондықтан да біздің жанкүйердің көңілі алаң.

          Сонымен қола жүлдені қанжығаларына байламақ үшін Қытай мен Тәжікстан көкпаршылары бесін ауа бәсекені бастап кетті. Қытай командасының құрамында ойнап жүрген ШҰАР Іле-Қазақ облысындағы Қорғас өңірінде тұратын қандастарымыз. Бапкерлері Қорғас өлкесіндегі сайыста бас бәйгені бермей тұрған «Қазанат» көкпар командасының бас жаттықтырушысы  Ермек Тоқтарбек. Бұл команда өткен жылы А.Асқаров атындағы халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанған. Ойынның алғашқы кезеңінде Ермектің шәкірті, команданың бас шабуылшысы Мұхат Қуанышұлы салған салым шеңбердің шаңын бұрқ еткізді. Сөйтіп, бәсекені қарқынды бастаған Қытай командасының екінші кезеңде шабуылы да, қорғанысы да қиыспай қойды. Екінші салған салымды төрешілер есепке  алмай тастады. Себебі, ереже бойынша серке шеңбер ішіне түскенімен, оның еш жері шеңбер сызығына тиіп жатпауы тиіс.

      Керісінше  алғашқы кезеңді сылбырлау бастағандай көрінген Махамад Хакимовтың шәкірттері екінші кезеңде ойын тізгінін қолға алып,  Ходжиакбар Достиев пен Рузикул Караевтар бір-бір салыммен есе қайтарып, таразы басын аударып әкетті. Сөйтіп, кезінде І Азия чемпионатының қола жүлдесін ұтқан Тәжікстан командасы тұңғыш өткен Әлем чемпионатының да қола жүлдегері атанды. 

Суретте: І Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Тәжікстан көкпаршылары.

       Ал, Қазақстан мен Қырғызстанның финалдық ойыны жанкүйерге нағыз  көкпардың қандай болатынын аңғартқандай. Алаңда сегіз емес, сексен ойыншы құйғытып жүргендей. Қос команда бір-бірінің айла-тәсілін жатқа біледі. Ілгіш те, қорғаушы да бір секундты қалт жіберер емес. Бірақ,   біздің атақты көкпаршымыз Темірхан Айтбаев қапысын тауып, бесінші минутта алғашқы салымды бұрқ еткізді. Іле-шала команда капитаны  Бақтыбай Шырынқұлов есепті 2:0-ге жеткізді. Он минуттан енді асқанда Абылай Нышанбек салымды еселегенде қырғыздардың тау қопарардай екпіні бәсеңдей сәл бастады. Сонда да алғашқы кезең аяқталар тұста қырғызстандық Рустам Тыналиев бір салымды салып үлгерді.  Сөйтіп, алғашқы кезең 3:1 есебімен аяқталды. Сайыстың екінші кезеңінде біздің көкпаршылар шабуылдан гөрі  қорғанысты күшейтті. Тас-түйін қорғаныстан таза әдіспен өте алмаған қырғыздың 12 нөмірлі ойыншысы  Сейітбекұлы Анарбек ережені өрескел бұзып, бес минутқа «қара нарға» отырды. Артынша қырғызстандықтың арандатуына тап болған біздің Темірхан Айтбаев та бес минуттық айып алаңына шығарылды. Сөйтіп, ойын бес минут бойы алты ойыншының арасында жалғасты.  Ойыншылар азайғанымен айқас саябырлаған жоқ. Ақыры астаналық атақты көкпаршы Александр Пупенко жан алып, жан беріскендей алапат айқаспен төртінші салымды шеңберге дөп түсірді.  Сөйтіп, 4:1 есебімен Қазақстан көкпаршылары Әлем чемпионы атанды!

        Сол сәтте ел намысын бермей, әлем жұрты алдында қазақтың абыройын асқақтатқан көкпаршыларға деген жанкүйер қошаметінен «Қазанат» атшабарының түндігі тым ұзақ желпілдеп тұрды.  Бұл қалың жанкүйердің шын қуанышы, шын қошаметі! Қазақ командасы ұлттық ойыннан өткен тұңғыш Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды! Бұл қазақ ұлтының жеңісі! Жеңістеріңіз құтты болсын, спортсүйер қауым!  

 

Tөлеген Жәкітайұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*