«АЛТЫН ТҰЛПАРДА» «САМАЛ» ЖЕЛДЕЙ ЕСТІ

Бүгін «Алтын тұлпардың» шын тұлпары анықталды. Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған 51 шақырымдық аламан бәйгеде Жамбыл өңірінің жүйрігі «Самал» желдей есіп бірінші келді. Иә, сол «Шамал». 2015 жылғы «Алтын тұлпарда» қара үзіп келген ағылшын-арабы тұқымдас сәйгүлік 2017 жылдың да «Алтын тұлпары» атанды.

       «Нұр Отан» партиясының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Астана қаласы әкімдігі, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен бұл жолғы «Алтын тұлпарда» бас-аяғы 39 жүйрік бақ сынады. Сол жүйріктердің ішінде бағы жанғаны алтау. 51шақырымға  шыдағаны алты сәйгүлік қана.

Суретте: «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде оза шауып екінші мәрте бас жүлде алған қас жүйрік «САМАЛ»  мәреден осылай шауып өтті. 

      Соңғы айналымға дейін үзеңгі қағысып келген «Самал» мен Жетісу өңірінің жүйрігі «Қоянқасқа» мәреге таяғанда бауырын жаза шапты.  Қалың жұрттың қиқуы қуат берді ме, дәл мәре тұсына жеткенде «Самал» арқан бойы ұзап үлгерді. Қос жүйріктің қарқынына басқа сәйгүліктер шыдас бермеді. Үшінші орын алған жетісулық Батыржан Үкебаевтың қара қасқа айғыры мәреге оқ бойы қалғанда шабыстан қалып, қалың көпшіліктің алдынан ілбіп басып зорға өтті. Көпшілік қара айғырдың аяңына дем беріп, дуылдап тұрған кезде төртінші, бесінші орынды иеленген қос «Алтын тұлпар» әлі шауып келе жатқан. Иә, бұл екі жүйрікті де иелері «Алтын тұлпар» атапты. Төртінші орын алған «Алтын тұлпардың» иесі қарағандылық Ердос Науанов. Ал, бесінші орын алған «Алтын тұлпардың» иесі, Қарағанды облысының Шет ауданынан ат қосқан Ғалымжан Бекетов.

     Алғашқыда осы бес жүйрік қана мәреден өткен-ді. Бірақ, жеті шақырымдық айналымның арғы басында және бір жүйріктің желе-шауып жеткені кейіннен белгілі болды. Бұл алғашқы бес айналымда дара шапқан «Ақжайдақ» екен. Астаналық Мақсат Төкенов баптаған бұл сәйгүлікті жұрт биылғы жылдың «Алтын тұлпары» атанар деп де үміттенген. Себебі, «Ақжайдақ» жүйрік сөреден шыққаннан алдына қара салмады. Тіпті, бесінші айналымда алдыңғы топтан шақырымға жуық озып, шығандап шапты. Бірақ, соңғы айналымда болдырып қалып, желе-жортаққа түскенін экраннан көзіміз шалып қалған-ды. «Алтын тұлпар» республикалық турниріне тігілген бәйгенің  алтыншысы осы «Ақжайдақтың» қанжығасына байланды.

      Сөйтіп, 2017 жылдың «Алтын тұлпары» тағы да «Самал» сәйгүлік болды. Иесі де, бапкері де жамбылдық Есбол Жаппасов. Шабандоз бала да сол ана жылғы Жұматай Ақжол.

     Екінші болып мәреден өткен «Қоянқасқаның» иесі – Қайрат Маханов, атсейісі —  Мұрат Досбергенов.

   Үшінші бәйгені алған «Қара айғырдың» иесі – Батыржан Үкебаев, атсейісі – Ноқатай Нұрәділет.

 

Төлеген Жәкітайұлы     

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*