ҚАЙ ҰЛТ СЕРКЕНІ ТАҚЫМҒА ҚАЛАЙ БАСҚАН?

 

…Көкпар Түркі халықтарына ортақ ойын дедік. Оған дау жоқ. Кезінде тәжік, ауған, өзбек, қырғыз, қазақтың көкпарқұмарлығына талай жұрт таңдай қақты. Бірақ, көкпар осынша ұлтқа ортақ ойын болғанымен, бұл ойынның әр халық өзінше қалыптастырған жазылмаған заңы, өзіндік ережесі бар. Көкпардың түрлері сан алуан. Біздің білетініміз, жаппай тарту, ұтысып тарту, дода көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар. Зерделей қарасақ,  көкпаршыларының әдіс-тәсілдерінің өзі әр қилы. Осыған орай, біз қай ұлттың серкені тақымға қалай басатыны туралы тақырыпты ортаға ұсындық. Ілгерідегі жазбалардан оқығанымыз, көнекөз көкпаршылардан естуіміз төмендегідей. Олқы тұсын толықтырып, кемшілігін түзеткен оқырмандарымызға алғыстан өзге айтарымыз жоқ.

            Қазақ халқы қашаннан серкені тақымға басады. Көкпарды өңгеріп шабу біздің халық ойынында ешқашан болмаған. Себебі, серкені өңгеріп алған адам өзін қуып жеткен көкпаршыға  қатты қарсылық көрсете алмайды. Сондықтан қарт көкпаршылар: «Өңгергенді қуып жетсең болды, серкені жұлып алудан  оңай шаруа жоқ» дейді екен.

           Қазақ серкенің кеудесін төмен қаратып, тақымға тура жіңішке белден басады. Белден басылған көкпар тақымға өте берік орнығады. Себебі, алдыңғы сирақпен салыстырғанда, ешкінің артқы сирағы қолға өте жақсы ұсталады.  Оның үстіне серке тек тақымға қысылып қана қоймайды, аяқтың басымен демей, көтеріле ұсталып, негізгі салмағы таралғыға түсіп тұрады. Бұлайша басылған  серкені бірден жұлып әкету екінің бірінің қолынан келмейді. Сондай-ақ, серкені таралғы мен балтырдың арасына қысып басу әдісін де көкпаршыларымыз осы күнге дейін қолданады екен.

         Қырғыз халқы ежелгі көкпар ойындарында серкені  өңгеріп шабуды әдет қылған. Ал, қазіргі командалық ойында да, жаппай көкпарында да қырғыздар қазақ ағайындары сияқты серкені тақымға басып шабу әдісін қолайлы көреді.

           Өзбекстан көкпаршылары арасында осы әдістің екі түрін де қолданатыны кездеседі. Қазақтармен іргелес отырған өңір көкпаршылары серкені тақымға аш белден басуға әдеттенген. Ал, тана, торпақ тартуды әдеттенген өлке көкпаршылары серкені өңгеріп шабуды осы күнге дейін жалғастырып келеді.

          Серкені тақымға бір сирақтан басу — тәжік көкпаршылары арасында ғана кездесетін әдіс. Сонымен қатар, серкенің алдыңғы сирақтарын ғана кесіп, артқы сирақтарын бүтін қалдырып тарту да осы тәжік ұлтына тән.

        Ауғанстан көкпаршылары серкенің кеудесін жоғары қаратып, алдыңғы қос сирақты ер үстінен асырып,  тақымға төстен басып шабады. Артқы сирақтардың қолға берік ұсталатынын ескерсек, бұлайша басылған серке қарулы көкпаршы үшін тез жұлып әкетуге қолайлы. Бірақ, серкені тақымға төстен басу әдісі жалғыз сирақты ұстаған және өңгеріп шабу әдісімен   салыстырғанда беріктеу. Алайда, тақымда  ең мығым тұратыны – серкені жіңішке белден басу.

      Қазақтың дода көкпарында көкпаршылар қарама-қайшы тұрып, серкені екеуі де тақымға басып тарту бар. Мұндай тартысты ауызекі тілде «аяқ айқастырып тарту» деп те атап кеткен. Күштері шамалас өте қарулы көкпаршылардың мұндай жекпе-жегінде көбінесе мінген аттары шөгіп кеткен. Кейде айыл-тартпалары шарт үзілген. Дода үстіндегі  «Аяқ айқастырып тарту» сәтінде серкені қақ бөліп айырып  әкету оқиғалары да аз кездеспеген.

   «Қай ұлт серкені тақымға қалай басқан?» тақырыбына Сіздің алып-қосарыңыз қандай?

 

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

 

   

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.