АҚШ ҚАЗАҚ КӨКПАРШЫЛАРЫН ШАҚЫРАДЫ

Биылғы жылғы тамыз айында Елорда төрінде көкпардан тұңғыш рет  І Әлем чемпионаты ұйымдастырылып, оған Венгрия, Түркия, Қытай, Ресей, тіпті мұхит асып АҚШ көкпар  құрама командасының қатысуы осы ұлттық ойын өрісінің кең қанат жайғанын айқын аңғартса керек. Көкпардан өткен Әлем чемпионаты төрткүл дүниенің назарын аудармай қоймады. «Қазспорт» телеарнасының мәлімдеуінше телекөрермендердің спорт жарыстарын тамашалау рейтингісі бойынша көкпар чемпионаты ең жоғары көрсеткішті көрсеткен. Ұлттық спорт саласындағы азаматтардың көңілін көтерерлік тағы бір жаңалық, жуырда ҚР Ұлттық спорт  түрлері қауымдастығына Қазақстандағы АҚШ елшілігінен ұсыныс-хат келді. Бұл ұсыныс-хатта Қазақстанның көкпаршылары мен көкпар мамандарына АҚШ-қа келіп командалық көкпар ойынының қыр-сырын егежей-тегжейлі үйрету өтініші айтылған.

           Негізінде, мұндай ұсыныс АҚШ көкпар құрамасы тарапынан Елордадағы Әлем чемпионаты кезінде де айтылған. АҚШ құрама командасы әлемдік чемпионатқа екі апта бұрын келіп, Астана іргесіндегі Қараөткел елдімекенінде оқу-жаттығу жиынын өткізді. Америкалық көкпаршыларды жаттықтырған Ақмола облыстық көкпар командасының бас бапкері Ерғали Тоқабаев. Жарыс үстінде АҚШ команда капитаны  Крид Гарникпен тілдескенімізде көкпардың майталман бапкері Ерғали Тоқабаевқа ризалығын қайта-қайта айтқан-тын. Крид Гарниктің айтуынша америкалықтар көкпар ойыны үшін Қырғыстанға бұған дейін екі мәрте келген. Бірақ, көкпардың қыр-сырын Қазақстанға келіп жаттыққанда ғана терең түсіне бастапты.

        Чемпионат барысында америкалық көкпаршылардың әр кездесу сайын шеберліктерін ұштай түсіп, тіпті, соңғы қарсыластарымен табан тіресе ойнап, ең азулы деген Қырғызстан көкпаршыларымен жағаласа жүріп, ұпай санын алтыға жеткізгені біздерді қатты таңдандырған. Осы тұста Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының президенті  Бекболат Тілеуханның шетелдік командаларды қарсы алу жиынында ҚР Ұлттық спорт  түрлері қауымдастығының бір жыл бұрын жолдаған арнайы шақыртуын қабыл алып, америкалық спортшылардың көкпардан өтетін Әлем чемпионатына қатысуына ықпал жасаған Қазақстандағы АҚШ елшілігіне ризашылығын білдіре келіп: «Қай салаға кіріссе де соны жандандырып, сол салада озып шығып, әлемді таңдандыратын Американың енді көкпар ойынына көңіл аударғаны бізді қатты қуантты. АҚШ азаматтарының көкпар ойнай бастауы – көкпар бағының жанғаны деп түсінеміз. Көкпар ойыны енді жандауға тиіс» дегені есімізге түседі. Сол кездесуде болашақта екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты, серіктестікті дамытатын шараларды қолға алу қажеттігі де айтып еді.

Суретте: АҚШ көкпар құрама командасының капитаны Крид Гарниктің серкені тақымға басып жекпе-жекке бет алған сәті.

         Расында да, айдан аса уақыт өткенде америкалықтардың көкпар үйренуге бел шеше кіріскені анық болды. Бірақ, бұған қарап АҚШ-тың барлық өңірі көкпарға құлшына қалды деген ой тумаса керек. Негізінде, мұхиттың арғы жағында дүбірлетіп көкпар тартып, Астанада өткен І Әлем чемпионатына команда жинап келгендер АҚШ-тың Вайоминг штатының Бозмен, Джексон атты қалаларында тұратын азаматтар. Өз айтуларынша, Вайоминг штаты  қаршадайынан родэумен (шу асау атқа, бұқаға мініп өнер көрсету) шұғылданып, ат құлағында ойнап өскен нағыз америкалық ковбойлардың ең көп  тұратын өлкесі екен. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің ҚР Ұлттық спорт  түрлері қауымдастығына жолдаған ұсыныс-хатында қазақтың көкпаршы-мамандары, жаттықтырушылары сол  Вайоминг штатына барып командалық көкпар ойынын үйретуді өтінген. Егер неше маманның баратыны, жаттықтыруға  қанша  уақыттың жұмсалатыны анықталса, олардың барлық қаражат шығынын шақырушы жақтың көтеріп алатыны айтылған. Сондай-ақ, алдағы чемпионаттың қашан ұйымдастырылатыны туралы сұралған.

          Айта кетсек, ілгеріде мұндай ұсынысты ҚР Ұлттық спорт  түрлері қауымдастығына Тәжікстанның «Бузкаши» федерациясының басшылары да жасаған болатын. Көкпардан өткен Азия чемпионатының және Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген Тәжікстан көкпар құрама командасының жетекшілері білікті мамандар арқылы      көкпаршыларының шеберлігін тағы да шыңдағысы келеді. «Душанбе қаласында өтетін республикалық чемпионатқа қазақтың білікті бапкерлері қатысса, кемшілігімізді түзеп, көкпаршыларымызды шыңдап берсе» деген өтініштерін «Бузкаши» федерациясының өкілдері Астанаға арнайы келіп айтқан болатын.

           Міне, енді бұйыртса, жуырда біздің елдің бірнеше тәжірибелі көкпар мамандары АҚШ-тың көкпар командасын жаттықтыруға аттанып кетуі мүмкін. Қазіргі кезде америкалық көкпаршыларды жаттықтыруға кімдердің жіберілетіні,  жалпы сапардың барысы анықталу үстінде. 

 

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

 

 

 

   

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.