КӨКПАР ТАРЛАНЫ  (Даңқты көкпаршы Әбілхан Дауылбаевтан естігендеріміз)

 

 

Әбілхан Дауылбаев – 1949  жылы Оңтүстік  Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының Иірсу ауылында дүниеге келген. 1966-1969 жылдары аудан орталығындағы гидромелиоративтік техникумда оқып, электрші мамандығын   меңгерген. Бозбала шағында баскетбол спортымен де біршама әуестеніпті.

Сол өңірге есімі әйгілі Дауылбай көкпаршының ұлы Әбілхан да жастайынан көкпарқұмар болыпты. Ауыл, аудан арасында көкпар тартып  шыңдалып өскен  Әбілхан Дауылбайұлы 1979 жылы Шымкент қаласында өткен іріктеу жарысына қатысып, Қазақстанның көкпар құрама командасына қабылданады. Көп жыл одақтас республикалар арасындағы көкпар бәсекесінде ел намысын қорғаған,  Қазақстан командасының капитаны атанған. 1980-1991 жылдар аралығында Краснодар, Киев, Пятигорск, Бішкек, Мәскеу қалаларында өткен Бүкілодақтық ат спорты ойындарына үздіксіз қатысып,   КСРО чемпионатының ІХ дүркін жеңімпазы атанған әйгілі көкпаршы.

 

ӘКЕМНЕН ҮЙРЕНГЕН АЙЛА…

Ұлттық спорттың саласында жүргелі Әбілхан ағамызбен сан мәрте жүздестік. Қарт көкпаршы әр кездесіп, әңгімелесе қалғанымызда бір қызық оқиғаны елеусіздеу айта салады, біз түрте қоямыз. Байқап қарасақ, қоржынымызға аз  олжа түспепті. Соның бір парасын қырнап-жонып жұрт назарына ұсындық.   

…Жастайымнан көкпар тартуға құмар болдым. Мамандығым электрші болғанымен өз ауылым былай тұрсын, Түлкібас, Леңгір, Сайрам аудандарының шабандоздары мені жас кезімнен көкпаршы деп танитын. Біздің өңірде көкпар үзілген жоқ. Қазіргідей жиі болмаса да ауыл-ауылда көкпар берушілер шығып тұрды. Сейітмұхан, Медетбек деген достарым бар, қай ауылда көкпар бар дегенді естісек болды, бар шаруаны жиып қойып, сонда таратамыз. Көкпаршы атымыздың ерте шыққаны да содан шығар.

Көкпарда бастан кешкен оқиғалар көп қой. Қайсыбірін айтайын. Қайнап жатқан додаға қорықпай кірген жігіт – жүрегінің түгі бар жігіт. Жаппай көкпардың додасынан серкені жұлып шығу оңай-оспақ шаруа емес. Біз намыс үшін шабатынбыз. Тақымыңдағы серкеден айырылып қалу – намыс. Көкпарға барып тұрып салым салмай қайту – намыс. Әйтпесе, біздің жас кезіміздегі көкпардың бәйгесі – кебіс-мәсі, алаша-текмет, самауырын, шәйнек сияқты ұсақ-түйек болатын.  Мұнда сол кездің өзінде салымға құнды дүние тігетін қырғыз ағайындар еді ғой. Сонау сексенінші жылдары көкпардың қызығымен қырғыз асып кеткен кезіміз болды. Сонда бір барғанымызда салымды бірінен соң бірін салып, қатарынан бес жылқы ұтып кеткенім бар. Қазақ көкпаршыларының мықтылығына қырғыз ағайындар  риза, олардың дархандығына біз риза болысып, үлкендерінен бата алып тарқағанбыз.

Дода үстінде біреуді біреу аяу жоқ. Аты осал болған көкпаршы  серкенің қарасын да көре алмайды. Атың мықты болса ортаға бұзып-жарып кіресің. Ортада кілең тақымы тастай, ұстаған жеріне кенедей жабысатын мықтылар жүреді. Серкені жерден көтерсең де оңайлықпен тақымға бастыртпай, кергіге түсіреді. Атыңа қарсы ат салып, адымыңды аштырмайды.

Аман көкемнің сары айғыры мықты еді. Бірде қалың додаға сол айғырмен кіріп,  сағаттап айқасып жүріп серкені шетке алып шыққанмын. Бірақ, атақты Біліс балуан серкеге қос қолдап жабысып, алысқа жіберер болмады. Қатарласа шауып келеміз. Небір әдіске салып тартып көріп едім, сабазың былқ етер емес. Бір кезде есіме әкемнен естіген айла түсе кеткені. Дереу сары айғырдың басын доланалы сайға бұрып кеп жібердім. Шеңгелді бұтасы тұтасып өсетін бұл сайға аты мен өзіне  жаны ашымаған адам ғана шауып кіреді. Айлам іске асты. Таяп қалғанда атын жарақаттаудан сескенген Біліс балуанның серке сирағын босата салғаны. Мен болсам доланалы сайды жанай шауып кете бардым. Осы оқиға сол тұста жұрттың аузында көпке дейін айтылып жүрді. Жарықтық кезінде әкем Дауылбай да қысылған шақта осындай айла жасау арқылы салым салған екен. Жаппай көкпарда қара күш, әдіс-тәсілмен бірге осындай кішігірім айла-шарғы да қолданыла береді ғой.    

 

СЕРКЕ ТАСТАЙТЫН ШЕҢБЕР ДЕ ЖОҚ БОЛАТЫН

 

КСРО чемпионатындағы көкпарда біз алғашқыда серкені шеңберге тастап та әуре болмайтынбыз. Алаңның үлкендігін айтсам, ұзындығы асса 60-70 метрдей, ені 20 метрдей ғана еді ғой. Ойын ортадағы шеңберден басталатын. Басымызға «каска» киіп алатынбыз. Арасы онша алыс емес алаңның екі шетінде екі бағанада жалау тұрады.  Серкені тақымға басып, соның арғы жағына өтіп кетсең болғаны, ұпай жазылады. Кейіннен ғой арнайы шеңбер жасап, серкені сол шеңберге тастайтын болдық.

Төрешілердің өзі көкпардың иісі мұрнына бармайтын бір орыс пен өзбек болатын. Әйтеуір, төреші деген аты бар. Жұмыстары ұпай санаудан аспайтын еді.

Серке ортаға тасталып, дода басталғанда тәжіктер «тайла-тайла» деп айғайға басатын. Сірә, «ұмтыл-ұмтыл», «жабыл-жабыл» деген сөздері болса керек. Қазақстан командасы көкпарға қатыспай тұрғанда тәжік, өзбек, қырғыз көкпаршылары кезек-кезегімен бірнеше реттен чемпион атанған. Негізінде бұл Бүкіл­одақтық ат спорты ойындары Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Түрікменстан, Әзер­байжан және Солтүстік Кавказ халықтары арасында сонау 70-жылдардан бастап, 1984 жылға дейін екі жылда бір рет, одан соң 1991 жылға дейін төрт жылда бір дүркін ұйымдастырылып тұрды. Біздің команда сексенінші жылдан бастап бас жүлдені ешкімге бермей, көкпардан КСРО-ның ІХ дүркін чемпионы атандық. Командада әр жылдары Әбдіғаппар, Зұлпықар, Рахметолла, Тілеубек, Медетбек, Үсен, Төлеш, Сат­тар­хан, Шымырбай, Ораз көкпаршылардың болғаны есімде. Бұлардың кейбіреуі бірнеше рет чемпион атанды. Бірақ, аталмыш жарысқа үзбей қатысқан менен басқа қазақ жоқ. Басқа көкпаршылар жыл сайын түрлі себеппен алмасып отырды.

  

 

             

 

Төлеген Жәкітайұлы

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.