ШЕҢБЕРДІ  «ОТАУ» ДЕГЕН ДҰРЫС СИЯҚТЫ

 

Көкпар ережесі уақыт озған сайын түрлі өзгерістер арқылы толықтырылып, жетілдіру үстінде. Ережеге өткен жылы да үлкен өзгеріс енгізілді. Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының 2016 жылы ұйымдастырған халықаралық семинар-кеңесінде көкпар командалары бар Венгрия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей, Қытай, Моңғолия  елдерінің ұлттық федерациялары басшыларының ұсынысымен ережеден «қазандық» алынып тасталды. Оның орны да шеңбермен алмастырылды. Серке бұрыңғыдай қарсылас жаққа емес, өз алаңы жағындағы шеңберге салынатын болды.

Сөйтіп, көкпар алаңында қазір «шеңбер» атауы көбейіп кетті. Бұрыннан ортада жекпе-жекке арналған үш үлкен шеңбер бар. Ойын басталарда серке тасталатын «кіші шеңбер» бар. Енді бұлардың қатарына алаңның екі басындағы «қазандықтың» орнына   жасалған тағы қос шеңбер қосылды. Мұны да «шеңбер» деп атай бастадық. Сондықтан осы шеңберлерге арнайы атау берген қолайлы сияқты.

        Тақырыпқа шығарған біздің ұсыныс кеңес одағы тұсындағы ереже туралы айтылған жазбаны оқыған соң туындады. Алдымен соны оқиық. «Қазақстанда»  1949 жылы Көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Осыған сәйкес Көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал, 1958 жылдан Көкпар ойыны бәйге алаңдарында (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 метр, ені 100 метр, 10 адам болса – 500х200 метр, 15 адамнан болса – 700х300 метр, 20 адамнан болса – 1000х500 метр болады. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал, оның екі жағына “отау” (диаметрі 10 метрлік шеңбер) сызылады.

        Алаң ортасында диаметрі 6 метрлік шеңбердің дәл ортасына серке қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8 – 15 минут аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан Көкпарды өз командасының отауына жеткізу. Көкпар “отауға” жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда Көкпарды өз отауына көп жеткізсе, сол команда жеңіске жетеді».

          Бұдан байқағанымыздай, бұл командалық көкпар ережесінде дәстүрлі көкпардағыдай серкені өз шаңырағына, өз ауылына алып қашу тәртібі сақталған. Жарты ғасыр ілгеріде жасалған ережеде  серкені қарсыластың қазандығына салу сияқты өрескелдік жоқ. «Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан Көкпарды өз командасының отауына жеткізу» деп айқын айтылып тұр. Бұл ережедегі тағы бір көкейге қонар сөз «отау».

         Әр команданың өз жалауы тігілген жағында орналасқан шеңберді  «отау» деп аталған бізге қай жағынан алып қарасақ та қолайлы көрінеді.  Ең алдымен, ежелгі көкпар ойынында көкпаршының серкені өз ауылына, өз шаңырағына алып барып тастағанындай, жарыс үстінде спортшылардың өз отауына қарай серкені алып қашқаны, өз отауына серке тастағаны өте үйлесімді. Одан соң «отаудың» айтылуы, дыбысталуы қолайлы. Басқа тілдерде айтылғанда да дыбысталуы аса бұзыла қоймайды.

         Жоғарыда айттық, көкпар алаңында шеңбер көп. Әрбіріне қолайлы атау қажет. Ортадағы жекпе-жектің үш шеңбері мен серке тасталатын кіші шеңбердің қайсысына «дода», «майдан» атаулары лайық? Басқа қандай қолайлы атауларды ұсынар едіңіз? Ұлттық ойынымыздың мәртебесін көтеріп, деңгейін биіктете түсу мақсатындағы ортақ шаруаға Сіз де үлес қосыңыз, қадірлі ағайын!

Төлеген Жәкітайұлы

  

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.