СҰРМЕРГЕН АЙТБЕК

 

Ұлттық садақ атудың сұрмергені – Айтбек Сарыбай.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданында 1998 жылы туған.

Жамбы атудан жастар мен ересектер арасындағы елішілік чемпионаттарда бас жүлдені иеленіп, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы болды. Спорт шебері. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының белді мүшесі.

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері (2017 жыл, Астана).

Төрт жылда бір өткізілетін «Ақбидай» ауыл спорты ойындары спартакиадасының чемпионы (2017 жыл, Ақтөбе).

Венгрияда өткен халықаралық ұлттық садақ ату фестиваліне қатысушы (2017 жыл).

            ҚР  Ұлттық құрама командасының белді мүшесі, садақ атудан он алты жасында Оралда өткен кадеттер арасындағы чемпионаттың жеңімпазы, он тоғыз жасында еліміздің сұрмергені атанып, осы күні үздіктер қатарынан орын алған Айтбек мергеннің өнерін тамыздың 12-13 жұлдызында Астанада өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирінде көзімізбен көрдік. Турнирдің ашылу салтанатынан соң-ақ садақшылардың мергендік сайысы басталып кетті.

          Кілең мықты ат үстінде, бір орында тұрып нысана атып жатыр. Бізге шетелдік мергендер көздегенін құр жібермес, жебесі жерге түспес сайыпқырандай көріне береді.

     Бәрінің де атақтары зор. Қараңыз, Малайзияның әйгілі сұрмергені Мұхаммед Дакалан халықаралық жарыстың бірнеше дүркін жүлдегері.

       Түркияның тарланы Мұрат Бунчукку басқа атағын айтпағанда 2015 жылы «Алтын оқ» халықаралық турнирінде 1-ші орын иеленген.

       Мажарстанның мергені Немати Арпад Еуропада ұйымдастырылған көптеген садақ ату фестивальдері мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Мажарстан ұлттық садақ ату құрама командасының мүшесі.

       Румыниялық Михай Кузми де ат үстінен садақ атудан даңқы жайылған мерген. 2014 жылы Сеул қаласындағы ат үстінде садақ ату дүниежүзілік жарысында чемпион атанған.

      Финнің мерген қызы Анна Катарина болса көптеген шет мемлекеттерде өткен дүниежүзілік жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері атанған. 2015 жылы маусым айында Иранда өткен парсылардың ат үстінен садақ ату турнирінде атақты мергендер қатарында сайысып, қола жүлдені иеленген.

     Поляк мергені Радослав Козуч болса 2014-2015-2016 жылдары Польша құрама команда құрамында  Еуропа Гран-при бәсекесінде 1-ші орынды жеңіп алған.  2017 жылы Мажарстанның Помаз қаласында өткен Еуропа Гран-при бәсекесінде корей стилінде атудан 2-ші орын иеленген.

       Моңғолиялықтар Баатарчулуун Гэрэлчулуун мен  Дунчиг Отгонбямба да мұндай халықаралық жарыстың  додасына сан түскен саңлақтар. Ал, бар қазақтың намысын қорғайды деп үкілеп қосқан біздің бес садақшымыздың арасында cол кезге дейін дүниежүзілік мергендер сайысына қатысқан жамбылдық жалғыз Елдос Бадашев қана еді. Ал, Айтбек Сарыбай, оңтүстіктің оғланы Ералхан Айкөз, қызылордалық Бекқали Өзденбаев,  тараздық Абзал Тулыбековтің мұндай ірі халықаралық бәсекеде бақ сынауы бірінші рет. Жарыс басталарда көңілімізді күпті қылғаны осы жағдай еді. Спорттың кәнігі мамандарынан естуімізше елішілік додада топ жарып жүрген спортшылардың дені дүниежүзілік ірі бәсекелерге алғаш қатысқанда абдырап, сасқалақтап, білгенінен жаңылып жатады екен. Спортшыны ірі халықаралық жарыстардың мысы  басып кетеді дейді.

Жоқ, біздің садақшыларымыз ондай осалдық танытпады. Әсіресе, сайыстың алғашқы күнгі нәтижесінде біздің Айтбек Сарыбайдан асқан садақшы болмады. «Шапшаң ату» мен «Қалқан ату» бәсекесінде біздің Айтбек Сарыбайдың алдына түскен мергенді көрмедік. Отыз ұпайды қатарынан олжалап, Айтбек мерген топ бастап тұрды.

        Екінші күнгі «Жамбы ату» сайысы жанкүйер біткенді тіпті ширықтырып жібергендей. Садақшыларға берілген алғашқы мүмкіндікте қатарынан он ойыншының оғы далаға кетті. Аянып қалған ешкім жоқ. Мергендер барын салды. Бірақ, осылар қапы кетпес-ақ деген поляк мергені Радослав Козуч пен Малайзияның мықтысы Мұхаммед Дакаланның да, түріктің тарланы Мұрат Бунчукку де, мажарстанның мергені Немати Арпадтың да жебесі құм қауып қалды. Елдос пен Бекқалидың да оқтары айдалаға ұшты.

           Қалың қазақ жанкүйерінің екінші күні де еңсесін көтерген тағы біздің Айтбек мерген болды. Он бірінші болып жарыс жолына құйғытып шыққан Айтбектің екінші оғы күміс жамбыға дәл қадалғанда қалың жанкүйердің қошаметінен  құлақ тұнды.

          «Жамбы ату» барлық садақшы үшін оңай сынақ болған жоқ. Өйткені, «Шапшаң ату» сайысында мергендер он қадам жерден ат үстінен бір орнында тұрып атты. Мұндағы шарт – он секундта үлгергенінше оқ атып, барынша мол ұпай жинау. Бұл сайыста өзгелер екі-үш жебе атуға зорға үлгергенде,  румындық Михай Кузми он секундта оншақты жебе атып жұртты таң қалдырды.

       «Қалқан ату» бәсекесінің шарты – арасы 30-35 қадамнан орнатылған үш нысананы құйғыта шапқан ат үстінен үлгергенінше ату. Мұнда нысанадағы ұпаймен қатар аттың 150 метрді шауып өткен уақыты да есепке алынады.

         «Шапшаң ату» мен «Қалқан ату» бәсекесінің екеуінде де нысана бір орнында тұрады.  Ал, «Жамбы атуда» диаметрі отыз сантиметрлік алтын, күміс, қола жамбылар биіктігі үш метрлік бағанада қылдай жіпке ілініп, жел соқса шыр айналып тұрады. Мергеннің мергеніне сын болар нысана. Алайда, осы шыр айналып тұрған жамбыларды тағы да румындық Михай Кузми бұйым құрлы көрмеді. Айтбектің соңынан іле-шала жұлдыздай зымырап шыққан Михай Кузмидің қос жебесі қолаға дарымағанымен күміс пен алтынға кезек-кезек қадалды. 10+15 ұпай. Екі оқпен 25 ұпайды жұлып түсті. Қаршығадай қағылез румындық мергеннің шапшаңдығына еріксіз таң қаламыз. Кәнігі мерген әр нысана тұсында үнемі екі жебені атып үлгереді. Атпен құйғыта шапқан қалпы алты оқты қатар атқан Михай Кузмиден өзге садақшы болған жоқ. Сөйтіп, румын мергені алғашқы күнгі «Шапшаң ату» мен «Қалқан ату»дан 27 ұпай, екінші күнгі «Жамбы атудан» 25 ұпай, жиыны елу ұпаймен «Алтын жебе»  мергендерінің көшін бастап шыға келді.

         Екінші орын үш кезеңде 40 ұпай жинаған Айтбек Сарыбайға бұйырды. Үшінші орынға барлығы 39 ұпаймен Ералхан Айкөз табан тіреді. Төртінші орынды 29 ұпай алған венгриялық Немоти Кристоф Арпад, ал, бесінші орынды малайзиялық Мұхаммед Акмал бин Мұхаммед Дахалан алды.

            Міне, ұлттық садақ ату сайысында ел намысын қолдан бермеген Айтбек бауырымыздың біз куә болған бір өнері осы еді. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінде күміс жүлдені жеңіп алған тұңғыш қазақ ұланы – Айтбек. Осы дүбірлі бәсекеде қола жүлдені иеленген Ералхан Айкөздің мергендігі туралы сөз қозғауды алдағы күндердің еншісіне қалдырдық.

          Содан бергі уақытта Айтбек Венгрияда өткен дүниежүзілік садақшы жастар фестиваліне қатысып қайтты. Жуырда Ақтөбеде өткен «Ақбидай-2017» ауыл спорты спартакиадасында чемпион атанды. Бабамыздан мұраға қалған «Жамбы ату» сынды асыл өнердің шыңынан көрінуге бел буған сұрмерген бауырымызға тек сәттілік тілейік. Бұйыртса, Айтбек мергеннің ұлттық садақ атудың әлемдік сайысында жұлдызы жарқырар күндер алыс емес…

 

Төлеген Жәкітайұлы  

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.