Рахимжон Ходжиматов:   «ӨЗБЕК ҰЛТТЫҚ СПОРТЫ ЕНДІ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ»

 

 

        

Суретте:Өзбекстан «Лақ-көкпары» федерациясының бас жаттықтырушысы Рахимжон Ходжиматов пен аударыспақтан Халықаралық жарыстардың бірнеше  дүркін жүлдегері Захиджон Букобаев. 

Өзбекстан «Лақ-көкпары» федерациясының бас жаттықтырушысы Рахимжон Ходжиматовпен жүзтаныс болғанымызға бірнеше жыл. Ғұмырын ұлттық спортқа арнаған, әсіресе, көкпардың, аударыспақтың дамуына шама-шарқынша үлес қосып жүрген Рахимжон Ходжиматовтың соңғы жылдарда ұйымдастырылған халықаралық жарыстардың ешбірінен қалыс қалмағанын да жақсы білеміз. Тамыз айында Астанада өткен Аударыспақтан  халықаралық турнирге және Көкпардан І Әлем чемпионатына да Рахимжон бапкер Өзбекстан құрама командасын өзі бастап келді. Өзбек көкпаршылары да, аударыспақшылары да биылғы халықаралық жарыста намысты қолдан бермей, Өзбекстан байрағын бірнеше мәрте жоғары көтерді.  Кеңес одағы тұсында Өзбекстан көкпар командасының мүшесі   атанып, күні бүгінге дейін ұлттық спорттың төңірегінен ұзамай жүрген Рахимжон әкадан Өзбекстандағы көкпар жайлы, өзі білетін көкпаршылары туралы айтып беруін өтінген едік. Рахимжон бапкердің әңгімесін қаз-қалпында оқырман назарына ұсындық. Бұл әңгімеде тұтас Өзбекстан болмағанымен, көрші елдің Ферғана өңіріндегі көкпар жайлы бірталай мағлұмат бар.      

 

Құрбанмұрат балуанды қырғыздар құрметтеген

            …Біздің ата-бабаларымыз да көкпар, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлерімен ертеден шұғылданған. Кеңес одағы тұсында да бұл ойындар еш тоқтап қалмаған. Мысал үшін айтсам, қарт көкпаршы, аударыспақшылардың бірқатарының көзі тірі. Сапаров Құрбанмұрат есімді аударыспақшы (өзбектер шабоган дейді) қарияны білемін.  Құрбанмұрат қария 1963 жылдан 1973 жылға дейін Бүкілодақтық ат спорты ойындарында аударыспақтан жеңімпаз атанған адам. Бір қызығы, осы Сапаров Құрбанмұраттың ат үстіндегі мықтылығын қырғыз ағайындарымыз қатты құрметтеп, сол құрметтің белгісі ретінде бір кездері, жаңылмасам Тоқмақ қаласында Сапаров Құрбанмұраттың ескерткіш бюсті орнатылған көрінеді. Мұны әлі де анықтап, сұрастыруымыз керек. Егер рас болса, бұл дегеніңіз сол тұстағы өзбек-қырғыз балуандарының сыйластық-татулығының керемет үлгісі ғой.  

      Сапаров Құрбанмұрат қария әлі бар. Жасы  сексеннен асты. Мекен еткен жері – Сурхандария уалаятының Байсын кенті. Жуықта өзім барып, сәлем беріп, әңгімелесіп қайттым. Ұрпағы өскен адам екен. Бірнеше немерелері мен жиендерінің көкпаршы, аударыспақшы аты шығып жүр. Мәселен, кешегі халықаралық турнирде 80 келі салмақта Өзбекстан атынан аударыспаққа шығып, қырғыздың мықты спортшысын ұтқан Жураев Бабаназар  осы  Құрбанмұрат аударыспақшының немересі.

 

Көкпар атын ұшақпен жеткізген

       Кезінде Басым балуанның да аты дүркіреп шыққан. Жызақ шаһарында тұрған кісі. Мұқым өзбек халқы оны атақты көкпаршы деп таниды. Басым балуан 1977 жылы Бішкекте (ол кезде Фрунзе қаласы деп аталады) өткен Бүкілодақтық ат спорты ойындарында Өзбекстан көкпар командасының басты ойыншысы әрі жетекшісі ретінде қатысыпты.

         Естуімізше, өзбек көкпаршыларына Кеңес одағы тұсындағы Өзбекстан республикасының басшысы Шараф Рашидовтың өзі қатты көңіл бөлген. Шараф Рашидов 1977 жылы Бішкекте өткен Бүкілодақтық чемпионаттың дәл басталар қарсаңында Басым балуанды телефонға шақыртып, «Команда жеңу үшін не жетіспейді?» деп сұрапты. Басым: «Ең мықты атымызды әкеле алмадық. Сол ат болса жеңетін едік» дейді. Сонда  Шараф Рашидовтың әмірімен әлгі атты сол күні Бішкекке ұшақпен жеткізіпті. Осы оқиғаны көкпардың айналасында жүрген қариялар әлі күнге аңыздай қылып айтады. Сол жолы өзбек командасы КСРО чемпионатынан жеңімпаз болып оралған. Басым балуаннан тараған үрім-бұтақ та аз емес. Шухрат есімді көкпаршы ұрпағының барын білемін. Кездесіп сөйлескенім бар. Кезінде Басым балуан туралы кітап та жарық көрген.

      Басым балуанның командалас досы, ол да мықты көкпаршы Сұлтанхан Ишан есімді кісіні білемін. Қазір жасы 78-де. Жызақта әлі күнге дейін көкпар шабады. Сұлтанхан қария немерелерімен тізе қосып шауып, бір-екі мәре көрмей аттан түспейтін әдетін әлі доғармаған.

 

Аударыспақ – «Ер еңіш»

                 Өзбекстанда аударыспақ ойыны жақсы дамып, спортшыларымыз халықаралық жарыстың жүлдегері атана бастады. Мысалы, Зохиджон Букабоев Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында, Азия чемпионатында жүлдегер болды. Астанадағы аударыспақтан өткен халықаралық турнирде Нарботаев Мұса мен Жураев Бабаназар   қырғыздың чемпион атанып жүрген балуандарын ұтып, жақсы өнер көрсетті. Себебі, бұл да ата-бабаларымыздан қалған, қанымызда бар ойын түрі ғой. Өзбектер бұл ойынды  «Ер еңіш» деп атайды. Яғни, оның мағынасы «Жеңіс ері» дегенге келеді. «Ер еңіштің» көне ережесінің өзі қазіргі аударыспақтан алыс емес. «Ер еңіште» де балуандар жекпе-жекке белбеу буынып шығады. Қолдануға болмайтын, тыйым салынған әдістер онда да бар. Тек өзбек сайысы балуандардың бірі аттан жығылғанша жалғасады.

 

Ұлттық спорт Президент назарында

             Негізінде, Өзбекстан құрама командасында негізінен Ташкент пен Ферғана өңірінің көкпаршылары ойнайды. Күнтізбелік жоспар, өзбекше тәртіп-ережесі бойынша бір жылда сегіз рет командалық жарыс өткізу жоспарланған. Мұның арасында бірнеше турнирлер бар. Соның бірі – мемлекет қайраткері Шараф Рашидов атындағы турнир. Кеңес одағы тұсында ұзақ жыл Өзбекстан республикасының басшысы болған Шараф Рашидовтың биыл 100 жылдық мерейтойы. Күнтізбелік жоспарға енгізілген осы  мемлекет қайраткері атындағы турнирді қараша айында көкпардан Халықаралық ашық турнир ретінде өткізу жоспарлануда.

Суретте: 1977 жылы Бішкекте өткен Бүкілодақтық ат спорты ойындарына қатысушы Рахимжон Ходжиматов ортада  ат үстінде.

             Өзім туралы айтсам, 2005 жылдан «Улақ-купкары» федерациясының (мурабисі) маманы,  жаттықтырушысы болдым. Қазіргі кезде Өзбекстан республикалық көкпар командасының бас бапкерімін. Жасымыз елуге аяқ басты. Тұрғылықты жерім, Ферғана уалаяты. Біздің «Улақ-купкары» федерациясы көкпар, аударыспақ, теңге ілу ұлттық спорты түрлерін дамытумен айналысады.

           Қазіргі кезде командалық көкпар ойындары Ферғана, Андижан, Номанган уалаяттарында Жызақта және Ташкент қаласында ұйымдастырыла бастады. Осы өңірлерде бір-бір көкпар командалары бар. Хорезм өңірінде мүлде улақ-купкари шабылмайды. Жуырда біздің Президентіміз барлық ұлттық ойындарды дамыту, техникалық базаларын қалыптастыру туралы, Қарабайыр жылқы тұқымын асылдандыру туралы жаңа қарар-қаулыны жариялады. Алла бұйыртса, енді алдағы уақытта әр облыста, әр шаһарда көкпар командалары құрылады деген үміттеміз.

Төлеген Жәкітайұлы

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.