МИХАЙ мен АННА

 

Жамбы атудан Астанада өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирінде шетелдік ерлі-зайыпты мергендер Михай Козмей мен Анна Катаринамен тілдескен едік.  Қысқа да болса өздерінің ойлы пікірлерін жасырмаған осы әңгімеде біздің елге, халыққа деген ризалық, жас мергендерімізге деген құрмет, садақшыларымыз ойға түйе жүретін пайдалы кеңестер молынан айтылған еді. Сол әңгімелерді ықшамдап оқырман назарына ұсындық.      

             

          Михай Козмей – Ұлттық садақ атудың әлемдік жарыстарында даңқы жайылған мерген. 2014 жылы Сеул қаласындағы ат үстінде садақ ату дүниежүзілік жарысында чемпион атанған.

            Михай Козмей – 16 жасынан әскери жекпе-жек өнерімен шұғылданған. 1993-2004 жылдар аралығында Румынияның Варта Дорней қаласында Айки-до спортынан ұстаз болған. 2004 жылдан бастап «Жебе сапары» атты мектептің негізін қалап,  ат үстінен садақ атудан дәріс бере бастаған. 2013 жылдан  әлемдік жарыстарға қатысып, Түркия, Корея, Малайзия, Венгрия мемлекеттерінде өзінің теңдессіз мергендігін дәлелдеген.

        2017 жылы Астанада өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирінің бас жүлдесін иеленді.

 

        Анна Катарина Козмей – Дәстүрлі садақ атудан аты әйгілі болған Фин елінің мерген қызы. Анна – нағыз қолмерген садақшы. Садақты ат үстінен көздемей атып, нысанаға дәл тигізуден даңқы шыққан. Көптеген шет мемлекеттерде өткен дүниежүзілік жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері атанған.

       2015 жылы маусым айында Иранда өткен парсылардың ат үстінен садақ ату турнирінде атақты мергендер қатарында сайысып, қола жүлдені жеңіп алған.

         2017 жылы Астанада өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирінде құйғыта шапқан ат үстіненен садақ атып, жанкүйер қошаметіне бөленген екі-ақ бұрымды мерген болды. Бірі – моңғолиялық Баатарчулуунқызы Гэрэлчулуун, бірі – осы Анна Катарина.

 

 

          Михай Козмей айтады: «Алтын жебе» біз ойлағаннан да артық деңгейде өте жақсы ұйымдастырылды. Нысана ату түрлері тіпті керемет болды. Үш түрлі нысананы да қызығып аттық. Бұл жарыста мергендер арасында шынайы бәсекелестік, әділетті төрешілік болды. «Алтын жебе» турнирінің чемпионы атанып, бас жүлдесін алғаныма ризамын. Жамбы ату турнирін Қазақстанның Президенті шетелдік меймандарымен бірге келіп тамашалап отырғаны — бұл елде ұлттық садақ ату өнеріне үлкен құрметтің бар екендігін байқатады.  

        ..Ең алдымен барлық жетістіктерім үшін Құдайға шүкірлік деймін. Әрине, мен керемет діндар адам емеспін. Бірақ, неге Құдайға ризашылығымды білдірумен сөз бастағанымның себебін анықтап, түсіндіріп  айтайын.

           Тыңдап, ойланып көріңіздер. Өздеріңіз көрдіңіздер, мен алғашқы мүмкіндікте мүлде ұпай ала алмадым. Шапшаң атуға әбден машықтанғандықтан жылдамдығыма ешкім ілесе алған жоқ. Он секундта басқалар үш-төрт оқ қана атса, мен сегіз-тоғыз оқ атып үлгердім. Бірақ, біреуі де нысанаға дарымай кетті. Неге? Себебі, мен пенделік әдетпен тек өзімнің дайындығыма, шеберлігіме сеніп, алғаш нысана көздеген сәтте Құдайдан сәттілік тілеуді естен шығарып алыппын. Зуылдатып атып-атып болған соң нысанаға анықтап қарасам – барлығы нөл. Тиюге тиіс-ақ болатын. Бірақ, біреуі де тимей қойды. Таң қалдым. Сол сәтте маған Құдайдан айқын бір белгі жетіп тұрғандай күй кештім. Дереу дұға тілеп атып едім, екінші мүмкіндікте жебелерім нысанаға сарт-сарт қадалып жатыр. Содан бастап мен Құдайдан «Алтын жебеде» жеңімпаз атануымды шын ниетіммен жалбарынып сұрай бастадым. Бір қызығы, дұғамның қабыл болғанын да алдын-ала сезіп жүрдім.  Қалай дейсіз бе? Мен «Алтын жебе» турнирінің алдында Түркияда өткен жарысқа қатысып, жеңімпаз болғанмын. Сол сәт есіме түсе берді.  Онда да осындағыға ұқсас жағдай болған. Негізінде, менің пайымдауымша ұқсас жарыс, ұқсас өмір, сәттілік де қайталана береді.

       Румынияда ұлттық спортқа құштарлық қатты емес. Бірақ, мен Венгрияны  көп      мекендедім. Ал, бұл елде ұлттық садақ ату керемет дамыған. Сондай-ақ, Финлияндияда осы спорт түрі жақсы дамып келеді.

             Негізгі мамандығым – инженер. Бірақ, ол салада мүлде жұмыс істеген жоқпын. Жас кезімде дзюдо, айкидо спорттарымен шұғылдандым. Кейін осы салада бірталай жыл дәріс жүргіздім. Адам өзін өзі тануға, өзінің мүмкіншіліктерін толық білуге тиісті. Жоғарыда айтқан спорт түрлерінен мен соны үйрендім. Содан соң ат үстінен садақ атуға машықтандым.  Аттың үстінен садақ ату – ол тек қана нысанаға дәл тигізу емес. Ол барлығына дайын болу.

        Ат үстінен садақ ату жарысына өте көп қатыстым. Алғашқыда менің нәтижелерім нөл болатын. Ылғи ұтылам. Ұтылыстан көз ашпадым. Соңынан барып себебін түсіндім. Содан бастап нақты дайындықтарға кірістім.

          Ұтылыстардың да көмегі бар екен. Неге ұтылдым? Себебі не? Өзіңен өзің сұрайсың. Ойланасың, зерттейсің, қателігіңді табасың. Рас, ұзақ жаттығу, шебер техникалық дайындықсыз нәтиже жоқ. Онымен бірге сенімге арқа сүйеуді, жаратушының қолдауын сұрауды естен шығармауға тиіссің. Талай рет бастан өтті. Мінсіз даярлықпен барып тұрып дәл жарыс үстінде соның бәрінен жұрдай адам сияқты болып қаласың. Құдай қаламаса сондай да болады. Егер түсіне білсек, осындай спорттың түрімен қызыға шұғылданып, жарыстарға қатысып жүргеніміздің өзі үлкен сыйлық болып табылады.

         Сонымен бірге, жастарға айтарым, нысана атар кезде ғана емес, жалпы жарыс жолына шыққаннан бастап  қажетсіз нәрселердің бәрін ойдан шығару керек. Ешқайда көз тігіп қарама, ештеңені ойлап алаңдама. Саған керегі жоғары нәтиже. Сен мыңдаған адамның алдында шауып келе жатқаныңды ұмыт. Жаттығу кезінде  көздегеніңе қалай дәл тигізуші едің? Соны еске түсір. Артық еш қимыл жасама. Сонда шапшаңдық та, дәлдік те арта түседі. Керек еместің барлығын қысқартсаң соның есебінен жылдамдық көбейеді.

          Мерген болу – үлкен еңбекті талап етеді. Мысалы үшін айтсам, мен жаттығуды күн сайын жасаймын. Садақ атпай жүретін кезім сирек. Үнемі ат үстінен садақ атуға әдеттену керек. Атқа тез үйренуге, аттың шабыстағы қозғалысына тез бейімделіп атуға машықтану қажет. Көрдіңіздер, біз турнирге еш дайындықсыз қатыстық. Атты да, Жамбы ату нысаналарын да сол жарыс басталатын күні ғана көрдік. Бірақ, міне, бас жүлдені ұтып алдық. Бұл, бұған дейінгі төгілген өлшеусіз тердің, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сіздердің садақшы жастарыңыз осы айтқандарды  естерінде ұстаса болашақта қазіргіден де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізер еді.     

    

       Анна Катарина  айтады: «…Қазақстанға келу менің арманым болатын. Себебі, бұл елде ат спорты ойындарының жақсы дамып жатқанын бұрыннан білетінбіз. Соны көрсек дегенбіз. Бірақ, мен бұрын Алматы қаласы туралы мол мағлұматтар оқып, сол ескі қаланы көруді қалап едім. Алайда, бізге жаңа қаланы, жаңа астананы көру бақыты бұйырып тұр екен. Барлығы тамаша, бәрі де керемет. Астананың сәні, «EXPO-2017» көрмесі, «Алтын жебе» турнирі бізді шынымен де рахаттандырды. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес сияқты. Халықтың керемет қонақжайлылығы таңдандырды. Қазақтың ұлттық дәмді тағамдар түрі өте көп екен. Барлығына да алғысымыз шексіз. Егер Қазақстанда осындай ұлттық садақ ату жарысы тағы да ұйымдастырылса біздер қуана-қуана келіп қатысуға уәде береміз.

       

       «Алтын жебеде» жүлдегер атанбадым деп еш өкінбеймін. Мен үшін осындай жарысқа қатысып, әлем мергендері қатарында бақ сынап, шеберлік жинағанымның өзі аз олжа емес. Есесіне, жұбайым Михай  турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды ғой. Біздерді табыстырған, шаңырақ құруымызға себеп болған осы ұлттық садақ. Біз бірнеше жыл бұрын Түркияда өткен ұлттық садақ ату жарысында танысып едік. Сол таныстықтан біз достасып кеттік. Кейін достығымыз махаббатқа ұласып, шаңырақ көтердік.

          Біз қазіргі кезде Финляндияның Турку қаласында тұрамыз. Сонда өзіміздің жекеменшік фермамыз бар. Оншақты жыл бұрын оқушыларға дәріс беретін мектебімді ашқанмын. Бұл да бизнес. Михай екеуіміз сол мектепте сабақ береміз. Біздің үйрететініміз – тек атқа міну ғана емес. Атты қалай баптау, күту. Балаларды жылқымен достық қарым-қатынас жасай білуге дағдыландырамыз. Біз жылқы психологиясын жақсы меңгерген психолог саналамыз. Жылқы өте ақылды жануар. Біздің мектептен  өз жекеменшік жылқылары бар адамдардың  балалары да сабақ оқиды. Қазіргі кезде мектебімізде 150 оқушы бар.

         

       Мен бес жасымда алғаш рет пони мініп көргеннен бастап атқа мінуге қатты құмар болдым. Кішкентай кезімнен велосипед теуіп өссем де, анама «мен өскенде атқа мініп шабатын боламын» деп жиі айтады екенмін. Расында, он жасымнан бастап, міне отыз жыл болды, мен атқа мініп шабудың қызығынан бір сәт те жалыққан жоқпын.  Менің өмірім жылқыдан алыс болған емес.

         Ат үстінен садақ атуды  Михай екеуіміз өте ұнатамыз, сондықтан үнемі жаттығу жасаймыз. Осы керемет өнердің арқасында дүниежүзінің көптеген елдерінде ұйымдастырылған жарыстарға қатыстық. Міне, биыл «Алтын жебе» турниріне арнайы шақырту алып, өзім үшін көп жыл арман болған Қазақстанға да келдім. Жарыс өте жақсы ұйымдастырылыпты. Ризамыз.

        Сіздердің жастарыңыз өте талантты, дарынды екен. Турнирде екінші, үшінші орын алған жігіттерді айтамын (күміс жүлдегер Айтбек Сарыбай мен қола жүлдегер Ералхан Айкөзді айтады.Т.Ж.). Олардың мұндай ірі жарысқа қатысқан тәжірибесі жоқ, жаттығып-шыныққандарына да аса көп уақыт болмаған. Ал, ат үстінен садақ атудағы шеберліктері қатты таң қалдырады. Бұл олардың бойындағы туа бітті табиғи таланттың барын аңғартады. Егер    сол жастарды ұлттық садақ атуға жақсылап дайындаса, олар әлемдік жарыстардың бас жүлдесін әлі оп-оңай ұтып алатын болады».

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.