«ДАРАБОЗ-2017» АЯҚТАЛДЫ

 

 

Өткен жексенбіде Атырауда «Дарабоз-2017» республикалық жаппай көкпар турнирін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ұлттық спорт ойындары федерациясы бірлесіп ұйымдастырды. Республикалық турнирдің салтанатты ашылуы мен жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР «Ұлттық спорт түрлері» қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов қатысты.

 

Республикамыздың батыс өңірінде тұңғыш рет өткен шараның шеңберінде көкпардан бөлек тоқ бәйге, аламан бәйге, қазақ күресі, жамбы ату, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша  жарыстар да бағдарламаға енгізілген. Турнирдің жалпы жүлде қоры 15 млн.теңгені құрады. Ал, жеңімпазға «Алтын қамшы» сыйға берілген бәйгеге Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Батыс Қазақстан Маңғыстау және Атырау облыстарынан 200-ден астам ат қатысты.

 

Топтан озған «Мерседес»

Махамбет ауданына қарасты Алмалы ауылы маңындағы ипподромда таңертеңгі сағат 10:30-да әр қазақтың арқасын қыздырып, делебесін қоздырар дүбірлі дода басталып кетті. Оған сол күнгі ауа райының қолайсыздығы да кедергі бола алмады. Жарыс жолына алдымен тоқ бәйгеге қатысатын сәйгүліктер шықты. Жалпы қашықтығы 15 шақырымды құрайтын, бес айналымнан тұратын бұл бәйгеге тоғыз ат қатыстырылды. Тұяғымен жер тарпыған тұлпарлар бірінен бірі кейде оза шауып, кейде кейін қалып жатты.

Тоқ бәйгеде мәре сызығына алғашқы болып маңғыстаулық «Мерседес» (шабандозы Бақытжан Жеткізген, атбегі Әбдіғали Таңатаров) келді. Одан соң  Ресей Федерациясынан (Астрахан облысы) келген «Мунира» атты сәйгүлік кесті. Айекен Қоңырбаев баптаған жүйрігімен Әли Асарбек  атты жігіт шапты. Ал, Маңғыстау облысынан қатысқан тағы бір тұлпар – «Ақтабан» (Рауан Арыстанбаев, Ақаман Өтемұратов) үшінші орынға тұрақтады. Жеңімпаздарға 1 млн, 700 және 300 мың теңге көлемінде байрақ берілді.

 

Аламанның бәйгесі – «Аймаңдайда»

Ал, 31 шақырымдық, 10 айналымнан тұратын  аламан бәйгеге де тоғыз тұлпар қатысты.  Сөреден солай өткенмен, мұнда да бәрі бірдей мәреге жете алмады. Лайсаң мен балшықты елең қылмай, ауыздығымен алысып, тұяғымен жер тарпыған тұлпарлардың арасынан желмен жарысқан шын жүйріктері танылды. Он айналым шалдырмай шапқан Батыс Қазақстан облысынан келген «Аймаңдай» ( Батыр Әминханов, Берік Есенғалиев)  мен ақтөбелік «Қыран» (Жанат Бигелді, Жұмаш Ізбасаров) мәреге бірінші, екінші боп жетсе, үшінші орынды атыраулық «Айқоңыр» (Айдос Амангелді, Жандарбек Жанбалаев) қанжығасына байлады. Бірінші орынға 2 млн.теңге, екіншісіне 1 млн. теңге және үшіншісіне 750 мың теңге қаржылай сыйақы ұсынылды.

 

Көкпардың «Алтын қамшысын» кім алды?       

   Тартысқа толы сайыстың ең қызықтысы – «Дарабоз-2017» атты жаппай көкпар жарысы. Ұлан байтақ еліміздің әр өңірінен келген көкпаршылар салмағы 60 келі тартатын көк серкені жерден көтеріп алып, әрқайсысы қазанға олжа салуға тырысты. Тіпті мұнда кімнің ең көп салым салғанын, жеңімпаз атанғанын анықтау да оңайға түспеді. Алтай мен Атыраудың арасын жалғаған ұланғайыр жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған кешегі «Көк бөрінің» ұрпақтары Ақ Жайықтың бойында ұлттық ойындардың төресі саналатын, оңтүстік өңірлерде игі дәстүрге айналған көкпардың көрігін қыздырды. Нәтижесінде, жамбылдық Қуанышбек Құрамаев жеңімпаз деп танылып, «Алтын қамшы» мен 1 млн.теңге ақшалай сыйлықты ұтып алды.

             Бұлардан бөлек қазақ күресі, жамбы ату тәрізді ойындар да өзіндік өрнегін тапты. Алматылық «Номад» каскадерлер клубының мүшелері ат құлағында ойнап, өнерлерін көрсетсе, Махамбет атындағы облыстық драма театрының әртістері де сахналық қойылымдарымен шараның шырайын кіргізді. Жарыстарға «Астана» көкпар клубының президенті Аманжол Қасенов пен  Атыраудағы ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушы, белгілі кәсіпкер Өнербек Жанбала төрешілік етті.

 

Ақпарат «Атырау» газетінің сайтынан алынды

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.