ҚҰСБЕГІЛЕР БӘСЕКЕСІ ТАЯУ ҚАЛДЫ

28-29 қазан күндері әйгілі құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлын еске алуға арналған бүркітшілердің Республикалық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі Елорда іргесіндегі Қоянды ауылының аумағында өтеді. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілетін аталмыш турнир биылғы жылы үшінші мәрте ту көтермекші.

 

          Құсбегілер күз бен көктем аралығында бәсеке думаныy қыздырады.  Биылғы жыл басында бүркітшілеріміз наурызға дейін бірнеше республикалық сайыста бақ сынады. Еске салып өтсек, алдымен Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында құсбегілер ХІ рет ұйымдастырылған ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының жүлделерін сарапқа салды. Іле-шала Алматы облысында 9-11 ақпанда сол өңірдің атақты бүркітшілері Әбен Тоқтасынұлы мен Сейітжан Байжүнісұлын еске алуға арналған республикалық турнир,  одан соң 17-19 ақпанда Атырау өңірінде «Қансонар-2017», 21-23 ақпанда Ақтауда «Сонар-2017» атты саятшылардың республикалық жарыстары ұйымдастырылды. Бұл жарыстардың барлығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілді.

           Күнтізбелік жоспарға сәйкес ұйымдастырылатын бүркітшілердің биылғы жылғы  жалғасты бәсекелері қазан-желтоқсан айларына белгіленген. ҚР Спорт және денешынықтыру істері комитетіне қарасты ұлттық спорт басқармасының саятшылықтан бас жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлының айтуынша 28-29 қазан күндері өтетін турнирде, бұйыртса, оннан астам облыстың бүркітшілері бақ сынамақшы.

        Әйгілі құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлын еске алуға арналған турнирден кейін де бірнеше бүркітшілер жарысы бар. Солардың ішінде шоқтығы биігі, қараша айының соңында  ту көтеретін атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлы атындағы республикалық турнирі.

 Баспасөз қызметі

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.