ҚАЗАҚ ТҰЛПАРЫНЫҢ ҚАДІРІНЕ ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?

             150 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастыру жөнінде ҚР Парламент мәжілісі депутаттарының ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына депутаттық сауал жолдағанына аса көп уақыт өткен жоқ. Бүгін еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» жоғарыдағыдай тақырыппен Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновтің мақаласы жарияланыпты.

           Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып, дәстүрлі аламан жарыс ретінде елімізге танылған «Алтын тұлпар» бәйгесінің қашықтығы 51 шақырым.  Әрине, ұзақ қашықтықтағы аламан бәйгенің көп болғаны құптарлық. Сондықтан, келер жылы қолға алынуы мүмкін 150 шақырымдық бәйге туралы мақаланы оқырман назарына ұсындық.

 

           «Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мәдени қазына­ ларымызды, ұлттық дәстүрімізді әлем жұртшылығына таныс­ тырудың жаңа тәсілдерін ойлас­ тыру керек. Оған ауқымды мемле­ кеттік қолдау жасалуы қажет», деп шегелеп айтқан. Алаш ұлы Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасын жалғап, Ұлы Далаға иелік еткен кездегі талмас қанаты, бабалары­мыздың елін, жерін қорғап ата жаумен алысқандағы серігі, бол­дырмас көлігі болған, жеті қазынаның біріне баланған қазақтың қазанат жылқысы біздің ұлттық қазынамыз емес пе? Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналған. «Қазақ жылқы мінезді» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Өркениетті мемлекеттер өздерінің өткендерін ұмытпай, ұлттың әлеуетін, құдіретін ашатын осындай асыл қазыналарын, спорт түрлерін ұлттық брендке айналдырып, әлемдік деңгейге көтеріп отыр. Мысалы, кешегі түйенің қомында көшіп-қонып жүрген арабтар бүгінде түйе жарысын мыңдаған туристер тамашалайтын жарысқа, ұлттық мейрамға айналдырған.

       Ал Моңғолия «Шыңғыс ханның ізімен» атты 10 күнде өтетін мың шақырымдық «Моңғолия дербиін» ұйымдастырған. Биыл, оған әлемнің 15 елінен 400-ге жуық шабандоз қатысты. Сондай-ақ Австралияда «Мельбурн кубогы» бар болса, Америкада «Кен­туки дербиі» өткізіледі. Ұлыбри­танияда «Королевский Аскот», Біріккен Араб Әмірліктерінде «Дубай әлем кубогы» және т.т. өтеді. Көршіміз Түрікменстан атақты ақалтекесін насихаттау мақсатында арнайы министрлік те құрып тастады.

           Ал бізде ше? Бүгінде үлкен жарыстарда топ жарып бәйге алып жүрген тұлпарларымыз­ дың түгелге жуығы ағылшынның асыл тұқымды немесе басқа да шетелдің жылқысы екені жасырын емес. Сонда ұзаққа шабуға шыдамды, күндік жер­ден алқынбай жететін қазақтың асыл тұқымды тұлпарлары қайда қалды? Шынтуайтына келген­ де қазақы жылқы біздің ұлттық брендіміз болуы тиіс еді ғой. Бізде өз жылқымыздың абыройын асқақтатуға, тұқымын сақтап қалуға не кедергі? Әлде қазақтың қасиетті жылқысы қара қазанда қайнататын қазы мен қарта үшін ғана қажет пе?

       Осы ретте өзіміздің қазақы жылқының жоғарыда аталған әлемдік брендтер қатарынан лайықты орын алуы үшін не істеу керек деген сауал туа­ ды. Біздіңше, бүгінде әлемдік деңгейге көтерілген қазақ күресінің «Қазақстан барысы» жо­ басы секілді, тұлпарларымыздың артықшылығы мен ерекшелігін, шыдамдылығын әлемге та­нытатын күндік бәйге ұйымдастырылуы керек! Ол ұзақ қашықтыққа, тек қазақы жылқы ғана шыдай алатын 100-150 шақырымға дейінгі шабыс болуы тиіс.

         Бұл жарысты «Қазақстан аламаны», «Алаш аламаны» не­месе «Құлагер кубогы» деп те атауға болады. Кешегі Құлагер құлаған Ерейментаудан Астанаға дейінгі қашықтық дәл осы 150 шақырымды құрайды. Қазақ тұлпарының символы болған Құлагердің атын қайта жаңғыртып Ерейменнен шыққан бәйгелер ел ордасы Астанаға ат басын тіресе керемет емес пе? Және де бұл бәйге жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрса «Ұлы дала Аламанына» алыс-жақын шетелдік шабандоздардың өздері-ақ қатысуға ниет білдірер еді. Ал, ақпараттық қолдау мәселесі жоғары деңгейде болса, бұл жарыс жоғарыда аталған «Дубай кубогы», «Моңғолия дербиі» сияқты әлемдік ат жарыстарының ешқайсынан да кем түспесі анық. Сонымен бірге қазіргі бәйгелерге аттарын қоса алмай, мыңдаған доллар тұратын асыл тұқымды ағылшын аттарының көлеңкесінде қалып жүрген қазақ атбегілері мен шабандоздары үшін бұл үлкен мүмкіндік болар еді. Дүбірлі дода – Ұлы Дала елінің, көшпенділер ұрпағының рухын көтеретін, рухани жаңғыруға сай болатын, еліміздің сыртқы имиджін әлемге танытатын үлкен жоба болары­на сеніміміз мол. Тағдырдың талай тар жолы мен тайғағынан иесін аман алып шыққан қазақ тұлпары бүгінде де еліміздің абырой атағы үшін қызмет ете алатынына күмәніміз жоқ».

Баспасөз қызметі

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.