ЖАСӨСПІРІМДЕР ЧЕМПИОНАТЫ ӨТУДЕ

 

 

         Қазіргі күні ұлттық спорт түрлерінен Шымкент  қаласында 1999-2001 туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Жасөспірімдердің биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған елішілік бәсекесінде 11 команда бақ сынауда.

     

        Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының 2017 жылға арналған бұқаралық-спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесіне сәйкес жоспарланған аталмыш дүбірлі додаға Шығыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Алматы облыстары мен Астана қаласының жасөспірімдері ғана қатыса алмаған.  

       Ұлттық спорттың көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату түрлерінен  өтетін жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылуда.      Бұйыртса, енді бірер жылда жастар мен ересектер құрама командасының сапын толықтырып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғауға талап қылатын бүгінгі балғындар арасында болашағынан зор үміт күттірген  кімдер бар? Көкпар мен аударыспақтың тақымы тастай, білегі темірдей жүректі өрендері қай өңірде жақсы шыңдалуда? Атқан оғын жүзіктің көзінен өткізер жамбы атушы мергендеріміз бен шеберлігіне таңдай қақтырар теңге ілуші жасөспірімдер қатары мол ма? Міне, республикалық жасөспірімдер чемпионатын жыл сайын тұрақты ұйымдастырудағы басты мақсаттың бірі осы.

      Көкпар, аударыспақ, теңге ілуден VI рет, ал, жамбы атудан ІІІ рет өткізіліп отырған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионаты 27 қазанда аяқталады. Әзірге жас көкпаршылардың бәсекесі ақтық мәреге таяу қалды. Өз топтарындағы қарсыластарын қирата жеңген Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облысының командалары 27 қазанда бірінші, екінші орынды сарапқа салады. Ал, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысының командалары сол күні үшінші орын үшін сынға түспек. Жарыстың толық қорытынды нәтижелері алдағы күндерде жарияланады. 

Баспасөз қызметі

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.