ЖАПОНДАР КӨРСЕТКЕН ҮЛГІ

 

          Сөзімізді «Осы жазда жапондық «Ябусамэ» мергендері үйреткен үлгіні біздің бапкерлер байқай алды ма?» деп бастасақ, ұлттық спорттан Қазақстан құрама командасының бапкері болып жүрген азаматтар  «Жапондар бізді үйрету үшін емес, өздерінің ұлттық садақ ату өнерін көрсету үшін келді ғой» деп уәж айтары анық. Рас, Астанада өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирі қарсаңында  жапондар ежелгі садақ ату өнерлерін Елордада жарты ай насихаттады. 900 жылдық тарихы бар дәстүрлі «Ябусамэ» атты ат үстінен ұлттық садақ ату жапонның дәстүрлі өнерінің бірі. Түркі халықтарының дәстүрлі спорт  түрлері халықаралық қауымдастығы «Ябусамэ» өнерін дамытушыларды  «Алтын жебе»  халықаралық турниріне қатысуға арнайы шақырған.

         Біз сол тұста Астанадағы «Қазанат» атшабарында жаттығып жатқан жапондық мергендерге арнайы барып, мергендер жетекшісі Тоиодо Сигэюкимен аудармашы арқылы аз-кем тілдескен едік. Біз барғанда жапон мергендері «Қазанат» атшабарының қорасында төрт атты ерттеуге кірісіпті.

               Ертоқымды өмілдірік-құйысқанымен, жүгенімен бірге өздері алып келген. Көрер көзге сүйкімді, жеп-жеңіл жапондық ердің тұрпаты да өзгеше. Жапон елінде өсетін сирек тұқымды ағаштан ойылып жасалған көрінеді. Әсіресе, бізді қатты таңдандырғаны да, қызықтырғаны да – үзеңгі (Суретте). Жапонның талай озық техникасын білетін басымыз, осы елдің өзгеге ұқсамайтын ұлттық үзеңгісі  бар екенін білмеппіз. «Көрмегенге көсеу таң» дегендей, пішіні етіктің жарты басына ұқсайтын темір үзеңгіні қайта-қайта айналдырып қараймыз. Ортасына аяқтың бақайы мен башпайлары арасына кіретін кедергісі бар жапон үзеңгісіне арнайы аяқ киімсіз табан тірей алу қиын.  «Көне жапон үзеңгісі осы» дейді   Тоиодо мерген жымиып.

     Жапондықтардың садақтары да ерекше. Өте ұзын, шамамен екі метрден астам. Оқтарының жебесі орнында сәбидің жұдырығындай жұмыр ағаш.

                Біз жолыққан «Ябусамэ» мергендерінің бәрінің жасы егде көрінген соң аудармашы Рэйко қыздан сұрағанбыз. Шынында да топ жетекшісі Тоиодо Сигэюки мен Такахасидің жасы —  70-те екен. Ал, Хасимото 60 жаста. Тек Мясаки мергеннің ғана жасы 45-те екен. Ширақ қимылдаған сергек жүріс-тұрыстарына, әжім түспеген жүздеріне қарап оларды алпыс-жетпіс жастағы адамдар деп ешкім де айта алмастай. Ал, атпен құйғыта шапқанда ту сыртынан қарасаңыз жас жігіттерден айырмашылығы аз.

             Тоиодо Сигэюкидің айтуынша Жапонияда ат үстінен дәстүрлі садақ атушыларды тәрбиелейтін «Такэда» және «Огасавара» атты қос мектеп бар. Бұлардан өзге садақ атумен «хобби» ретінде айналысатындар қатары да аз емес. Мысалы, Тоиодоның өзі «Ябусамэ» өнерімен 18 жасынан бастап айналысыпты. Елу жылдан астам ат үстінде өнер көрсетумен келеді. Ұстазы – Канэко Иурин.  Бұрын мектеп Токионың іргесіндегі Камакура атты көне қалада болған. Қазір Токионың өзінде жаттығады.   Бірталай шәкірттері бар.

           Негізінде, «Ябусамэ» спорттық ойын түрі емес, жапонның ежелгі садақ ату өнерін насихаттайды. Жапонияда жылына екі мәрте ірі көрсетілім және шеберлік дәрістерін жұртшылық назарына жиі ұсынып тұру дәстүрге айналған. Бұрын шет мемлекеттерде мұндай өнер көрсету болмаған.  «Ябусамэ» өз тарихында шекара асып тұңғыш рет тек Қазақстанға шыққан көрінеді.

           Бірнеше күннен соң «Алтын жебе» турнирінде «Ябусамэ» мергендерінің өнерін тамашаладық. Қағаз, ағаш, соңынан шыны нысананы ат үстінен кезек-кезек атқан сегіз жапондық садақшының өнері жанкүйерді бей-жай қалдырған жоқ. Әскери садақ ату өнерін діни жоралғымен астастырып көрсеткен «Ябусамэ» көрсетілімі шынында да сүйсініп тамашалайтын қойылым болып шықты. Ат үстінен құйғыта шапқан бетте ең соңында алақандай шыны нысанаға жебесін дәл дарытқан жетпістегі жапондық мергеннің шеберлігіне шын мәнінде риза болдық.

           Хош, енді айтпақ ойымызға келейік. Бұған дейін Қытай елінде аударыспақтан ІІ Азия чемпионаты, көкпардан халықаралық турнир өткізілді. Қырғызстанда екі рет Дүниежүзілік көшпелілер ойындары ұйымдастырылды. Бұйыртса, алдағы жылдарда шет елдерде көкпар, аударыспақ, жамбы атудан халықаралық жарыстар бұдан да көбейе бастайды.

          Біз жапон садақшыларына неге сонша сүйсіндік? Фото-суреттерін неге  молынан ұсындық? Олар Қазақстанға жапон аттарын әкелген жоқ. Бірақ, көріп отырғандарыңыздай, үзеңгісі ерекше ұлттық ертоқымдарын, қып-қызыл түйіншектермен безендірген аппақ жүгендерін, жарқыраған ұлттық өмілдірік-құйысқандарымен біздің аттарға мініп ортаға шыға келгендерінде жапондықтардың атсыз келгені мүлде білінбей қалды. Міне, жапондықтардың бізге көрсеткен үлгісі осы!

            Ат-әбзелдің әркімнің өзінікі болғанының тиімді жағын айталық. Биылғы жамбы атудан өткен «Алтын жебе» халықаралық турниріне қатысқан шетелдік мергендердің бірнешеуі өздеріне қазақстандық ертоқымның қолайсыздық келтіргенін айтты. Мысалы, малайзиялық мерген М.Дакалан, поляк Радослав Козучтың айтуынша үзеңгі таралғысын қанша ұзартқанымен олар үшін қысқалық қылып, тіктеліп көздеуге көп кедергі жасапты. Ал, барлық ат-әбзелдерін өздерімен бірге ала келген жапондықтар құйғыта шапқан ат үстінен алақандай шыны нысанаға дәл тигізіп жатты. Өйткені, бөтен ат мінгенімен ер-тұрмандары өздерінікі. Тақымы үйренбеген ертоқыммен сайысудың  өте қиын екенін атақты аударыспақшымыз Б.Қосалиевтен естігеніміз бар.

          Сондықтан, біздің ойымызша алдағы уақытта Қазақстан құрама командалары ұлттық сипаты ерекше байқалып тұратын ат-әбзелдерімен жабдықталуы тиіс. Әсіресе, «мынау қазақтың жүгені» дегізерлік ұлттық жүген түрі жасалып, көбейтілуі керек. Көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуде аттар тек осындай біркелкі қазақы жүгенмен жүгенделе қалғанның өзінде, біздің ұлттық құрама командамыз қандай шетелде жүрсе де көзге бірден танылар еді ғой.

Төлеген Жәкітайұлы

 

       

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.