Аламанда ат оздырған Нәркен ақсақал

 

Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің батагөй ақсақалы Қалыбеков Нәркен қарияны бәйге төңірегінде жүрген жандардың танымайтыны некен-саяқ. Алматы облысында дүниеге келіп, өмірін Қазақ елінің ұлттық болмысының қалыптасуына, атбегілік өнердің, ат баптау өнерінің дамуына арнаған Нәркен ақсақал осы жылы да «Алтын тұлпарда» бақ сынаған атбегілер мен шабандоздарға ақ батасын берді. Сол аламан бәйге үстінде қарт атбегі қайратты шағынан тартып, бүгінгі ат жарыстары туралы біршама әңгіме айтқан еді. Бүгін оқырмандарымызға сол әңгімелердің бір үзігін ұсындық.  

            «Қазір жастардың көбі қалаға қашады, дейді Нәркен ақсақал.Арба айдап, біреудің қорасын тазалап жүрсе де, қалада жүргілері келеді. Біздің кезімізде керісінше ауылға қашатын едік. Әкем де малшы болды, оның жолын біз жалғастырдық. 1951 жылдан бастап қой бақтым. 9 жыл бойы осы қой соңында жүрдім. Ата-бабамыздан бері көргеніміз осы мал шаруашылығы болған соң, қойды өте жақсы бақтым. 1963 жылы менің қолыма тәжірибе жасау мақсатында 5 отар қой берді. Екі отары тоқты, үш отары саулық қой еді. Бұл тірлікті де абыроймен атқарып, тәжірибеден сәтті өткіздім. Осы жылы маған Ленин орденін берді. Содан 1965 жылы бастығым келіп, «Мен сені ферма бастығының орынбасары етіп сайлаймын» деді. Мен бас тарттым. Себебі, шынына келсек, менде 4-ақ кластық білім бар еді. Орныма малдәргерлік оқуын бітірген інімді ұсындым» — дейді қария.

           Өзі жастайынан атқұмар, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын Нәркеннің өмірі 1965 жылдан бастап басқа арнаға бұрылады. Бұрын қойға мінер ат таппай жүрген малшы жігіт, енді жылқышылыққа ауысады.

         «Бір күні қойға мініп жүрген жаман шолағыммен бір қасқыр соғып алудың сәті түсті. Соны алып келгенде бастығым бірден мені жылқыға бар деп үгіттей бастады. Мен келістім. Басында қой мен жылқыны қатар алып жүруіме тура келді. Ат та бар, жеке өзіме берілген машина да бар, екі ортада жүрдім. Бірақ көп ұзамай маған жылқыны ғана жауаптандырды да, мен осы салада 31 жылдан астам уақыт еңбек еттім. 1993 жылы зейнет демалысына шықтым» -дейді өткен шағына көз жіберген қария.

           Жылқыны қолға алған соң Нәркен Қалыбеков осы түлікке түбегейлі бет бұрады. Әуелі жер-жерден жақсы, асыл тұқымды жылқыларды іздеп, оны өз ауылында өсіруді қолға алады. Осы мақсатта ол тіпті Мәскеудің Жылқы зауытына дейін барады. Ал Дегерес жылқы зауытына өз кезінде Дінмұхамед Қонаев үш рет ат басын бұрған екен.

         «Екі-үш жыл жылқы бағып, өзімше тәжірибе жинақтаған соң 1968-1972 жылдар аралығында ауылда жылқы зауытын ашуды ойластырдым. Бұрын Дегерес деген жылқы фермасы бар еді. Министрліктегі жігіттермен байланысып, Мәскеудің жылқы зауытымен бірлесіп, ауылда жылқы зауытын аштық. Зауыт ашылған соң біз бірден Мәскеудің қарамағына өттік. Селекция арқылы жылқының 10 тұқымын өсірдік. 2000 жылқы болды. Осы зауытымызға Қонаев үш рет ат басын бұрды. Алғаш рет 1980 жылы келіп, жылқыны көрді. 16 айғырды үйірімен алдынан айдап өттім. Астыма англотеке сарықасқа ат міндім. Қонаев жылқымызға жақсы деген баға берді. Төрімізде қонақ болып, дәм татты. Біз қазақтың салтымен құрметті қонағымызға сарықасқа атты мінгіздік. Жануардың түр тұрпаты бөлек, өзі сұлу еді. Дінмұхамед Ахметұлы рахмет айтып: «Өзімнің мінетін екі атым бар. Бірақ сарықасқа аттай әдемі, сұлу емес» деді. Атты Алматыға апарып бердік. Екінші рет 1981 жылы тағы келіп, жылқыны тағы аралады. Еңбегімізді ерекше атап, маған волга мінгізді. Үшінші рет 1984 жылы келді. Ол жолы ат шаптырып, қарсы алдық. Зауыттағы бір жылы туған 16 құнанды шығарып, қатар-қатар қойып, шабандоз балаларды бірдей киіндіріп атшабардың басында қарсы алдық. Келіп, амандық-саулық сұрағаннан кейін, «Сіздің келу құрметіңізге ат шаптырамыз» дедім. Қалтасын қарап, «алдын ала айтпадындар ма, балаларға сыйлық ала келетін» деп бізге бір қарады. Біз бәрін дайындап қойғанымызды ескерттік.«Ал олай болса, бұл қызықты бірге көрейік» деп жылы шырай танытты. Атты шаптырып жіберіп, бірге тамашаладық. Бәйге көріп, бірінші келген балалардың бетінен сүйіп, жүлде тапсырды.

          1993 жылы өзім зейнетке шыққан соң, 1994 жылы зауыт тарады. Басшыларға таратпай алып қалайық деп қанша айтсам да болмады. Техникамыз да, малымыз да толық тұр еді. Бізді тыңдайтын бастық қайда, ақыры сол зауыт тарап кетті» — деп қынжылады ақсақал.

         Жоғарыда да айттық, Нәркен ақсақалдың жылқышылықпен емес, атбегілікпен аты шыққанын. Астанада дәстүрге айналған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінде бапкердің сынынан өткен сәйгүліктердің жүлдесіз қалғаны жоқ. Бұл жолға да оны алып келген атқұмарлығы. Және сол кездегі кәріқұлақ қариялар мен атсейістерден үйренгені.

             «1965 жылы жылқы бағуды бастағаннан-ақ қолға бір жақсы ат ұстауды әдет қылдым. Жылқы үшін және оны өсіру үшін көп жерді араладым. Қырғызстанның, Ресейдің, өзіміздің елдің мен араламаған жылқы зауыты жоқ десем болады. Министрліктің бұйырығы қолға тиген соң, Жамбылдың Луговойынан барып 80 жылқыны айдап келдім. Соларды жерсіндіріп, үйретіп, жақсы аттарды шығардым. Сол кезде Луговойда бір орыс азаматы бар екен зоотехник, қазақшаға судай ағады. Соны мен Молдаш деген ат бағушы қария бар екен. Сол екі кісіден көп нәрсе үйрендім. Қазір көп жастар өз білмегенін сұрауға намыстанада немесе ұялады. Ал мен өз білмегенімді сұраудан намыстанған емеспін. Соның арқасында атбегі болдым. Және баптаған атым тізгіннен қалған емес.

           Ол кезде СССР құрамындағы 16 мемлекеттің жылда біреуінде аламан бәйге өтетін еді. Ол кәдімгідей 1,5-2 айға созылған үлкен дүбірлі дода еді. 1976 жылы Ташкентте өтті кезекті бір аламан. Сол аламанда менің атым екінші келді. Бірінші Ресейден келген жүйрік болды. Келесі 77 жылы аламан Қырғызстанда болатын болды. Ресейден келіп ат оздырған жігіттерге айттым, «Келесі жылғы бәйге менікі, мен аламын» деп. Олар мазақ етіп күлді. Сонымен тарқастық» — дейді бапкер.

            Расымен Нәркен Қалыбеков айтқан сөзінде тұрды. 1977 жылғы Қырғызстанда өткен аламанда Нәкеңнің қосқан жүйрігі бас бәйгені жеңіп алады. Жарыстың қалай болғаны жайлы қарияның өзі айтты.

         «Қасыма үш бәйге баланы, үш жаттықтырушыны ертіп аламанға қосылатын атты қыстай дайындадық. Бәйге дүрілдеп өтеді. Тек бәйге ғана емес, көкпар, қызқуар, шөген қатарлы ұлттық ойындардан да сайыс өтеді. Баратын адам көп. 34 қой, 6 ешкі әкелдік сойысқа. 6 ешкіні көкпардың дайындығына пайдаландық. Бір келінді киіз үйімен әкеп атшабарға тігіп тастадық. Ойынның ашылу салтанаты күні басқа елдерден келген ойыншыларды тас-талқан етіп жеңдік. Қандай ойын болса, соның барлығынан біз ұттық. Біздің команда — бірінші орын, Ресей — екі, қырғыздар – үшінші орын алды. Енді алда аламан бәйге бар. Құдай сәтін салғанда, аламанда да менің қосқан атым бірінші орын болды. Орыстардың аузына құм құйдым» — дейді ақсақал.

            Айтқан сертінде тұрып, аламаннан ат оздырған ақсақал орыстарды жер соқтырып кеткен өз құпиясын да айтты.  «Орыстар атты қатты айдамайды біз секілді. Тамақ көп беріп, атты жаратқанның өзінде етін қашырмай, семіз күйінде ұстайды. Менің ұтқан жерім осы болды. Себебі мен атты атам қазақтың ат баптау әдісімен жаратып едім. Үнемі бір қалыпты ұстап, тамағын уақытылы беріп, алысқа шабатындарын, жақынға шабатындарын, ұшқырларды жеке-жеке баптаймын. Сол әдіспен олардың талай атын аяқтан қалдырдым. Әуелі бір атты ерегеске салып, создырып тартамындағы, келесі атты қайта салып, ұтылап отырып орыстардың дәмелі деген атын болдыртамын. Солай командалық топпен қатысып, ат оздырып жүрдім» — дейді қарт бапкер(жалғасы бар)

 Баспасөз қызметі

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.