Қайран Нәркен қария…

…Атқан оқтай зулаған шіркін уақыт-ай дейміз осындайда. 16 қазан күні қазақ атбегілерінің атасы Қалыбеков Нәркен қария қайтыс болды. Асылдың сынығы, ескінің көзі Нәркен атамыздың жаны жәннатта болғай деп тілейміз. Бірер күн ілгеріде ғана Нәркен ақсақалдың әңгімелерінің бір үзігін жариялаған едік. Ол кезде ақсақал өмірде бар еді. Енді міне  білікті атбегінің жылқы жайлы, жүйрікті баптау мен аламанда оздыру әдістері туралы айтқан әңгімесінің жалғасын ол кісі дүниеден озған соң назарға ұсынып отырмыз. Қайран Нәркен қариядан қалған бір жүйелі  әңгіме осы.       

           – Бұл халықаралық бәйгелерде немесе облыс аралық аламандарда қолдануға болатын әдіс. Мысалы өзің бәйгеге қосып отырған аттардың ішінде алымдысы, жүйрігі қайсы дегенді жақсы білесің. Сол дәмелі деген атты арттағы топтарға қалдырып қоясың. Әп дегенде жібере салсаң қандай жақсы, талмай шабатын аттың өзінен тер шықпай, тығылып қалады. Сондықтан ауыздықпен демеп, жәйлап терін шығарып, денесін қыздырып, ептеп жіберу керек. Ал ат таза тері алынып, бабына келгенде ақ көбік болып терлемейді. Сонымен артқы топта дәмелі деген атың болады да, алдыңғы топқа ұшқыр, тыз етпе аттарды салып қоясың. Сол кезде алдыңғы топқа шығамын деп таласқан басқа аттар болдырып, шаршап қалғанда, мәреге бір-бір жарым айналым қалғанда артқы топтағы атты жібересің. Командалық шабыстың бір ерекшелігі осы. Бұл әдісті қазіргі уақытта велосипедшілер қолданып жүр» — дейді кәнігі бапкер.

         Бапкермен әңгімелесіп отырып, ат баптау туралы сұрамау мүмкін емес. Нәркен ақсақал өзінің ат баптаудағы ерекшелігімен бөлісті. Дегенмен ол кісінің айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Бірақ, өзіндік бір ұстанымы бар.

            «Бәйге атының жаманы болмайды. Ешкім де шаппайтын атын бәйгеге қоспайды. Тек бабы келмейді. Ал бабын келтірем деген адам аттың тамағын қадағалау керек. Жемін мөлшермен беріп, тұрақты ұстау керек. Бәйге аты да әскерлер немесе спортшылар секілді. Спортшылар үнемі жаттығу үстінде жүреді ғой. Ат та сол секілді. Үнемі жаттығуда болғаны дұрыс. Бірақ жаттығудың жөні осы екен деп, қуа берсе, ол да болмайды. Қанша мықты, жүйрік дегеніңізбен жылқы да жан иесі. Дұрыстап баға білу керек. Жерінің алыс-жақынына орай суыту керек. Қазір әркіммен сөйлессең әр түрлі айтады. Көбі аттың жілігін толтырамыз деп, бордақыға соғым бордақылағандай байлайды. Ал ондай ат денесін босатып жібереді. Бәйге атын мініп жүріп ет алдыру керек. Қатты семіз атты арытамын деп қызылмай қылып жібереді, болмаса аяғынан қалдырады. Аттың денсаулығын бұзады. Атты қалай қалыптастырсаң, солай жетіледі. Жылқыда тіл жоқ демесең, адамнан есті» — дейді бапкер атамыз. Өзінің бапкерлік әдісімен бөліскен атбегі қазіргі кезде өтіп жүрген бәйгелерге де тоқталды.

               «Астанада дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Алтын тұлпар» аламан бәйгесін 51 шақырымға ұзартқан мен. Алғашқы жылы 43 шақырыммен шапты. Сол кезде мен «Қазір халық жылқыға қарағанды қойды. Қаржы босқа рәсуә болып жатыр. Шет елдерден түрлі тұқымдағы жылқыларды алып келеді. Ол жаққа үйренген жүйрік бізге келгенде жарамай қалады. Себебі табиғаты сай емес. Соның салдарынан қазір бәйге атына допинг пайдалану өршіді. Әр атбегінің қалтасында шпириц жүретін болды. Дәрі салудың пайдасынан зияны көп. Бие болса тууына, айғыр болса тұқымсыздыққа әкеп соқтырады» — дегенді айттым. Ел шулады, аттың бәрі қырылады деп. Ешқандай қырылмайды. Ал оның сыртында бәйгеге қатысу үшін жарна төлеу керек болды. Бұл да аламанды ақшаға сатудың бір түрі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қонаевтың 100 жылдығына ат апардық. Қатысу жарнасы 40 мың теңгеден төмені жоқ. Енді ойлаңыз, атты апару үшін бір машина жалдайсыз, балаңыз бар, өзіңіз бар бір машинамен барасыз. Оның сыртында атқа қараған адамның, шабандоздың күнделікті тамағы бар, бұл да шығынға айналды. Ал осыны ескеріп жатқан ешкім жоқ, шет елден ат сатып алған өңшең қалталылар бәсекелестікпен атты бәйгеге қосу бағасын қымбаттатып жіберді» — деп қынжылады бапкер.

          «Енді бірнеше жылдан соң ат мінетін, атқа шабатын бала табылмайды. Қазіргі күннің өзінде атқа шабатын балаға ақшасын төлеп шаптырамыз. Ал осы жылқыны, атбегілікті, бәйгені шаруашылық ретінде ұйымдастырып, баяғы ата-бабамыз секілді жалпыға ортақ игілікке айналдыратын кез жетті. Біз керісінше шет елдерден сатып алып келеміз де, оны осы жердің топырағына жерсіндірместен бәйгеге қосқанымызға мәзбіз. Тіпті кейбіреулердің аттары жерден шөп жұлып жеуді де білмей тұрады. Үнемі ақырда тұрғандықтан. Жылқы жоқ дегенде күніне 5-6 шақырым жер басып, өз аузымен жайылып жүруі керек. Қазіргі бәйге аттары асфальтта өскен қаланың баласы секілді» — дейді қария. Қария қазіргі кезде берілетін бәйгелерге де көңілі толмайтынын айтады.

      «Ақыры бәйгеге қатысу ақылы екен. Ол ақшаны жинап алады. Қанша ат шапса да беретін бәйгесінің саны оннан аспайды. Кей жерлерде үш-ақ атқа бәйге береді. Бірінші атқа – джип, екінші атқа – кір жуатын машина, үшіншісіне – шаңсорғыш береді. Сонда бағанағы жинап алған ақша қайда, қалған аттарға беретін бәйге қайда? Оның сыртында ұзаққа, аламанға шабатын жүйріктерден, жақын қашықтыққа шабатындардың жүлдесі үлкен. Бұл да қазақы жылқының, алысқа шабар қас жүйріктердің терін, соны баптаған бапкердің еңбегін бағаламаудың бір түрі» — дейді қарт бапкер.

          Қазіргі уақытта жылқыны асылдандыру мәселесімен түрлі будан жасаушылар көбейді. Осындайда нақты таза қанды жылқы қайсы екенін ажырата алмайтындар көп. Ал Нәркен ақсақал жылқының ішінде ең мықтысы қайсы екенін тап басып айтып берді.

             «Жылқының сұлтаны – ағылшын тұқымы. Оның ерекшелігі өкпесі – кең, жүрегі – үлкен болады өзге тұқымдарға қарағанда. Бір олқылығы аяғы нашар. Бір сөзбен айтқанда анадай күшті моторға баллондары сай келмейді. Ал ақалтеке тұқымының аяғы мықты. Құмда өскендіктен сирақтары сіңірлі келеді. Адамға өте үйір, тілмаш болады. Сонымен қатар, қазақ тұқымы мен моңғол жылқысы табиғи жаратылыс. Тіпті моңғол жылқысына таға да керек емес. Қысы-жазы тебінде болады. Осының барлығын зерделей келе бір-бірімен будандастыру арқылы мықты жылқы алуға болады» — дейді ұзақ жыл жылқымен айналысқан қария.

            Әңгімені жылқы жайлы жалғай берсек шет-шегіне жетіп болмасымыз анық. Дегенмен қазіргі қоғамда көзіміз көріп, көңіліміз қалып жүрген біраз олқылықтың басын шалғандай болдық. Нәркен ақсақал әңгіме соңында бүгінгі пенделерден ынсаптың кетіп қалғанына қынжылатынын айтты.

         «Қазір қазақ халқының бір көңіл қоңылтақсытар жері – ынсаптан айырылып барады. Тойынғанды көтере алмай жүрміз. Ел естіп, есіне түсіре алмаған «жемқорлық» деген бәле шықты. Ел-жұрттан ұят тірлік көбейді. Халықтың сенімін ақтай алмайтын, ақтауға тырыспайтын басшы көбейді. Елбасы барлық мүмкіндікті жасап беріп отыр, бірақ соны дұрыс пайдалана алмай жүрміз» — деді қария сөз соңында. Арқаға айшықты Астана тұрғызған Алаш баласының бүгінгі өміріне шүкіршілік айтқан қарт жылқышы Елбасының атқарып жатқан қызметіне алғыс айтқан еді.

Баспасөз қызметі

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.