Көкпардан І Ашық Азия чемпионаты басталды

Бүгін Астанада көкпардан І Ашық Азия чемпионаты басталды. Азияның 9 елінен жиналған 108 көкпаршы 4 күн бойы тартысты бәсеге түсетін болады.

Сырнайлатып, кернейлетіп ашылған дода теңге алу, қыз қуу, аударыспақ сынды ұлттық ойын түрлерімен басталды. Одан әрі таласты тартыс Қазақстан мен Тәжікстан құрама командаларының ойынымен қызды. Себелеген жауынға қарамай, ұлттық құрамаға жанкүйер болам деушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналыпты.

Қуаныш Кәрібаев, Астана қаласының тұрғыны:

Көкпар қазақтың әу бастағы ойыны. Тақымымызды қысып, «Қазақстан жеңсе» деп жанкүйер болып отырмыз.

Марат Қойшин, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Алғашқы Азия чемпионатын өткізіп жатқанда ауа райы бұзылып кетті. Бірақ, оған қарамай, біз тамашалап отырмыз. Қазақстан мен Тәжікстан ойнап жатыр. Естуімізше, Тәжікстаннан келген команда өте мықты. Болашақта әлемдік деңгейге жетейік.

Балжан Сәрсенбиева, Астана қаласның тұрғыны:

Ойынның аты — ойын, жарыстың аты — жарыс. Жүрегіміз қазақ деп соғады. Әр олжа сайын бір қала салғандай қуанып отырмыз.

Астанаға ат басын бұрған командалардың бірі Қырғызстаннан келген. Дәрігерлер мен жанкүйерлерді қосқанда айыр қалпақты ағайындар елінен 20 шақты адам келген. Екі күн жол жүріп, Қазақстанға жетуге асыққан көкпаршылар додаға қатысуға 14 атты баптап, өздерімен алып келіпті.

Бақтияр Талаайбек, Қырғызстан шабандозы:

Дайындықтарымыз жақсы, өзіміз шабандоздар 12 адам келдік. Ал, жанкүйерлер, дәрігерлер, барлығын қосқанда 20 адам келдік. Өзіміздің аттарымызды алып келдік. Жақсы дайындалып келдік. Құдай бұйыртса жеңеміз деген ойымыз бар. Аттарымызды камазбен алып келдік. 14 ат алып келдік. Жолда бір нәрсе бола, қосармыз деген оймен 2 атты артығымен ала келдік.

Ат құлағында ойнаған көкпаршылар тартысының нәтижесі 15 қыркүйекте белгілі болады. Азаматтарымызды батылдыққа, ержүректiлiкке баулитын ұлттық ойыннан чемпионатты 2 жылда бір рет өткізу жоспарланып отыр.

Кез келген пайдаланған материалға Астана қаласының ресми сайтына http://astana.kz сілтеме жасалғанда рұқсат етіледі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*