ОРАЛДАҒЫ  «ҚАНСОНАР-2018»

 

Кеше Орал қаласының маңындағы  «Жайық қалашығы» іргесінде өткен «Қансонар-2018» республикалық турнирі аяқталды. Ақпанның 24-жұлдызында басталып, үш тәулік Желтаудың бөктерінде тұңғыш рет қырандарын өрлете ұшырған бүркітшілер бәсекесінде атыраулық құсбегі Арман Қошқаров бас жүлдені жеңіп алды.

 

 

 

Ұлттық спорттың биылғы дүрмекті жарыстарын тағы да бүркітшілеріміз бастап кетті. Оралдағы бәсеке бүркітшілеріміздің ақпан айында ұйымдастырылған үшінші жарысы. Шығыс өңірде басталған бүркітшілер сайысы Жетісуда жалғасып, іле-шала құсбегілер Батыс Қазақстан облысына жол тартты. Нақтырақ айтқанда,  ақпан айының алғашқы күндері Семей өңіріндегі Үржар ауданының Бестерек ауылында Астана қаласының 20 жылдығына орай ересектер арасындағы бүркітшілердің ХІІ республикалық чемпионаты өтті.
ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының  ұйымдастыруымен, Үржар ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен биылғы жылдың елішілік бас жарысында  39 бүркітші бақ сынады.

Арада апта өткенде құсбегілеріміз Жетісуда бас қосты. Ақпанның 8-10 күндері Алматы қаласының ипподромында «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қыран-2018» атты құсбегілердің республикалық турнирінде Қазақстанның 10 аймағынан келген 60-қа жуық бүркітшілер үш күн бойы өзара «кім мықтыны» анықтады.

Ал, «Қансонар-2018» турнирі Батыс Қазақстан облысында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бұл өңірде алғаш өткізілген жарысқа Қазақстанның әр өңірінен – Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан, Астана мен Алматы қаласынан отыздан астам құсбегі қатысты. Бір қызығы, іргеде өтіп жатқан думаннан қалғысы келмей, Ресейдің көршілес Самара, Тольятти, Ульяновск қалаларынан қаршыға мен ителгі баптап жүрген құсбегілер де жолға шыққан екен. Қызыл кітапқа енген құстарын шекарадан өткізбей, тек өздері келуге мәжбүр болған. Шетелдік қонақтар Оралдағы құсбегілер сайысының ұйымдастырылуына, ел-жұрттың ықыласына ерекше қызығушылық танытты.

Аталмыш жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов «Өткен жылдан бері еліміздің батыс өңірінде бүркітшілеріміздің республикалық сайыстарын ұйымдастыруды бастадық. Дәл осындай жарыстар былтырғы жылы  Маңғыстау мен Атырау облысында өтті. Биылғы шара Батыс Қазақстан облысы басшылығының қолдауымен өтіп отыр. Мұны құсбегілік дәстүрдің еліміздің батыс өңірінде қайта жандануы деп айтуға болады. Алдағы уақытта Оралдағы Ұлттық спорт мектебі жанынан құсбегілік бөлімі ашылады деп сенеміз.

Негізінде, біздің мақсат еліміздің барлық өңірінде құсбегілер қатарын көбейте түсу. Қазіргі кезде республикамызда жетпістен астам құсбегілер бар. Ата-бабамыздан мұра болған дәстүрлі өнер жыл өткен сайын жандана түсуде» деді.

Батыс Қазақстан облысында алғаш ұйымдастырылған «Қансонар-2018» республикалық турнирінің бас жүлдесі атыраулық Арман Қошқаровқа бұйырды. Екінші орынды Жамбыл облысының бүркітшісі Бағдәулет Бабажан иеленді. Үшінші орынды Ақмола облысынан барған Бергенбай Тастанбек пен астаналық Серікбек Күнтуған еншіледі.

Баспасөз қызметі

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.