Қазақстан командасы КСРО-ның ІХ дүркін чемпионы

 Суретте: 1987 жылы Грузия астанасы Тбилисиде өткен Бүкілодақтық ат спорты ойындарында КСРО чемпионы атанған Қазақстан көкпаршылары. Аттылы адамдардың оң жақтан үшіншісі КСРО-ның ІХ дүркін чемпионы, қазақтың атақты көкпаршысы Әбілхан Дауылбаев.

      КСРО кезеңіндегі қазақ көкпар командасының тарихы. Түркі халықтарына ортақ көкпар ойынының терең тарихы мен қазақтың жаппай көкпары жайлы бұған дейін аз айтылып, аз жазылған жоқ. Сондықтан  бүгін оқырман назарына еліміздің командалық көкпарының өткені  туралы деректерді ұсынбақпыз.

Командалық көкпар ойынының түп-төркіні серкені – топталып, бөлініп тарту. Ал, далалық жаппай көкпарда да кезінде ауыл-ауылға бөлініп көкпар ойнаудың, қазақ пен өзбек, қазақ пен тәжік, қазақ пен қырғыз болып топтасып, көршілес елдермен бәсекелесіп көкпар тартудың аз болмағаны анық. Оның атауы – дода тартыс. Сол дода тартыс өз заманының командалық бәсекесі.

Бірақ, дәл қазіргі кездегідей команда-командаға бөлініп, арнайы атшабарда немесе  стадионда, қалың көрермен алдында көкпар ойнау Кеңес одағы тұсында қалыптасты. КСРО спорт министрлігінің бастамасымен елуінші жылдардың соңында командалық көкпар ойынын ұйымдастыру басталған. Сөйтіп, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркменстан, Әзербайжан сияқты одақтас республикалар арасындағы көкпар бәсекесі отыз жылдан астам уақыт КСРО чемпионатында тамашаланды.

Деректерге қарағанда, көкпардан КСРО чемпионаты алғашқы кезде жыл сайын, кейде екі жылда бір рет, ал, кейде төрт жылда бір рет өткен. Ілгерідегі КСРО чемпионаттарында Тәжікстан көкпар командасы онға жуық, ал, Өзбекстан көкпар командасы жеті-сегіз мәрте жеңімпаз болған. Ал, Қазақстан көкпар командасы қатарынан ІХ рет КСРО чемпионатының чемпионы атаныпты.

1958 жылдан бастап КСРО чемпионатында ұйымдастырылған көкпар ойынының ережелері әр кезде өзгеріп, жетілдіріліп отырған. Алғашқы чемпионаттарда ойын алаңы ортасында жалғыз шеңбер болған. Көкпар ойыны алаңының көлемі –  ұзындығы 70 метр,  ені 25 метр шамасында. Бәсеке ортадағы шеңберден басталады. Алаңның екі шетінде жалау бекітілген екі бағана тұрады.  Ортадағы шеңберден серкені жұлып алған көкпаршылар, өз жағындағы бағананың ту сыртына өтіп кетсе бір ұпай жазылады. Бірнеше чемпионаттан кейін алаңдағы жалау бекітілген бағаналар алынып тасталып, оның орнына екі шетке қазіргі көкпар алаңындағы шеңберге ұқсас екі шеңбер сызылады. Сол шеңберге серкені ең көп тастаған команда  жеңіске жетеді.

КСРО чемпионатында көкпаршылар ойынға шыққанда бастарына хоккейшілерге арналған «каска» киетін болған. Бәсекеге әр командадан бес ойыншы қатысады. Ойын басында ортадағы шеңберде жатқан серкеге төрешінің ысқырығынан кейін екі көкпаршы таласады.  Екеуінің бірі серкені қарсыласынан тартып алып, тақымға басқан соң төреші тағы ысқырық шалады. Екінші ысқырықтан соң қалған көкпаршылар ойынға қосылады.

Суретте: 1980 жылы Алматыда өткен Бүкілодақтық ат спорты ойындарында түңғыш рет КСРО чемпионы атанған қазақ көкпаршылары. Оңнан солға қарай: Үсен Сариев, Тойлақ Бижанов, Оразқожа Сейдахметов, Төлеш Шырынқұлов, Әбілхан Дауылбаев, Саттархан Абдалиев. Қазақтың  көкпар командасы осы 1980 жылдан бастап Кеңес одағы ыдырағанға дейін КСРО чемпионатында еш жеңіліс тауып көрген жоқ. 

Көкпардан өткізілген КСРО чемпионаттарының хаттамалық, құжаттық нақты деректерінің баспасөз бетінде жарияланғаны жоққа тән. Бұл бәсекенің ресми атауы – Бүкілодақтық ат спорты ойындарынан КСРО чемпионаты. Архив деректеріне сүйенсек, көкпардан Бүкілодақтық ат спорты ойындары Алматы қаласында 1980 жылы ұйымдастырылған. Бұл кеңес одағының ХХІІІ біріншілігі.

Сондай-ақ, баспасөз беттерінде көкпардан КСРО чемпионаты Ресейдің Пятигорск қаласында екі рет (1962 жылы және 1985 жылы), Краснодар қаласында  төрт рет (1982, 1983, 1984, 1986 жылдары), Қырғызстанның астанасы Бішкекте (1977 жылы),   Грузия астанасы Тбилисиде (1987 жылы), Украинаның астанасы Киевте (1988 жылы) өткізілгені туралы мәліметтер бар. Қазақстанда Бүкілодақтық ат спорты ойындарынан басқа Алматы қаласының атшабарында 1965 жылдан бастап колхоз, совхоз шабандоздары және жылқы зауыдтары арасындағы Бүкілодақтық жарыс бірнеше мәрте өткізілген. Одақтың он бес республикаларының таңдаулы 500-ден астам шабандоз спортшылары қатысатын бұл айтулы бәсекеде қысқа, алыс қашықтықтағы бәйгелер, кедергілерден ат секірту, қосарлап жегілген ат-арбамен жарысу, сондай-ақ, қазақтың және ортаазия, кавказ халықтарының көптеген ұлттық ат спорты ойындары тамашаланған. Кезінде ат спорты ойындарынан жүзден астам Одақтық рекордтар тіркелген осы Бүкілодақтық жарыс Алматы ипподромында 1965, 1968, 1970, 1974, 1980, 1982 жылдары өткізіліпті.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

1 комментарий

  1. Альберт

    Жарайсың Төке! Тамаша деректер тауып Ұлттық спорт тарихын жаңғыртып жатырсыз! Еңбегіңіз өрге бассын.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.