КӨКПАР ЧЕМПИОНАТТАРЫНЫҢ ЖЫЛНАМАСЫ

Ұлттық спортымыздың өткені туралы айтылатын бұл жазбада жаңсақ кеткен  мәліметтер болуы мүмкін. Көкпар тарихын түгендеу мақсатында жасалған бұл игі бастамаға Сіздердің де үлес қосуларыңызды өтінеміз. Жарияланған деректер мерзімдік баспасөз беттерінен және көкпар ардагерлері берген мәліметтер негізінде жазылды.  

 

Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда командалық көкпар ойындары сирек те болса өтіп тұрды. Әсіресе, көктем мерекесі саналған Наурыз тойында көкпар додасын ұйымдастыру барлық өңірде үрдіске енді. Ұлттың төл өнерін жандандыруға күш салған ұлтжанды азаматтардың қатары қалыңдай түсті.

1991-1992 жылдары командалық көкпардың алғашқы ережелері жазылып, ойынды белгілі бір тәртіппен, бекітілген жүйемен  өткізу қалыптаса бастады. Арада ширек ғасыр өткенде командалық көкпар ойыны дүниежүзіне танылды. Бұл бөлімде әлем назарын аударған осы ат спорты ойын түрінің Тәуелсіздік тұсындағы тарихын назарға ұсынамыз.

1991 жыл мен 2000 жыл аралығында командалық көкпардың дамуы өте баяу жүрді. Оның түрлі себептері бар. Ең алдымен бұл ұлттық спорт түрін ұйымдастыру өте көлемді қаражатты талап етеді. Аса үлкен кедергі қаражаттың тапшылығы еді. Ол жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында көкпардың насихаты жоққа тән болды. Сондықтан бұл спорт түріне қызығушылық танытатын жас көкпаршылар азайып, тіпті, көкпар ойынын тамашалау үшін алаңға баратын көрермен қатары сиреп кетті.

Бірнеше команда қатысатын республикалық жарыс ұйымдастырудың қиындығы зор болды. Ол кезеңде қазіргі кездегідей заманауи талапқа сай көкпар аттарын тасымалдайтын автокөліктер жоқ еді. Республикалық бір турнирге қатысуы үшін облыстық командалардың тек көкпаршыларын уақытында жеткізуге қажетті жол қаражаты тапшы болды. Ардагер көкпаршыларымыз сол тұстағы республикалық жарысқа талай мәрте атсыз барып қатысып, мезгілімен тамақтанбай, жатын орын таппай, салқын киіз үйлерде төсек-орынсыз апталап түнегендері туралы өз естеліктерінде жиі айтады. Бір облыс ойыншыларының екінші бір облыс командасының атынан жарысқа қатысу да сол тұста жиі қайталанатын. Барлық көкпар бәсекелері жекелеген демеушілердің көмегімен атқарылған. Осындай қиындық-кедергілерге қарамастан командалық көкпар жарыстарын ұйымдастыру жалғаса берді. Әсіресе, еліміздің Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда  өңірлерінде өте қызу қолға алынды. Алғашқы ірі жарыстар да оңтүстік өлкеде ту көтерді.

Тұңғыш ұйымдастырылған ең ірі командалық көкпар бәсекесінің бірі – 1993 жылы Шымкент қаласында өткен «Көкпар тойы – Тайбуырыл». «Қазақстан» теле-радио корпорациясының сол кездегі төрағасы, жазушы Шерхан Мұртазаның және көптеген көкпар жанашырларының тікелей ұйытқы болуымен ту көтерген. Алғашқы республикалық көкпар жарысында бақ сынаған командалар қатары да санаулы  болды.

«Көкпар тойы – Тайбуырыл» атты  бәсеке жаңадан жазылған көкпар Ережесіндегі ойын қағидалары бойынша жүргізілді. Ойын барысында қазіргі кездегі көкпар Ережесінде жазылғандай серке кіші шеңберге тасталған. Жарыстың ақтық бәсекелері  «Сырдария» (Оңтүстік Қазақстан облысы), «Тайбуырыл» (Оңтүстік Қазақстан облысы), «Әулиеата» (Жамбыл облысы), «Тайлақ» (Алматыдағы республикалық спортшылар даярлау жоғары мектебінің командасы) командалары арасында өтіпті. Алғашқы республикалық көкпар жарысында жүлделі орын иеленген командалар ойыншыларының аты-жөні төмендегідей:

«Тайбурыл» командасының көкпаршылары –  Үсен Сариев, Лашкер Әбдәлиев, Мадияр Имашев,Тұрнияз Әлібеков, т.б. Бұл команда ойыншылары арасында кезінде көкпардан КСРО чемпионы атанған тәжірибелі көкпаршылар бар.

«Сырдария» командасы – Нақып Сейданов, Ерғали Сүлеев, Әлиакбар Үсіпбеков, Оспан Әбішев, Темірхан Ділдәбеков, Әбілқасым Құдайбергенов, Орынбай Дүйсенов, Бақтияр Үсіпбеков сол тұста Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан көкпаршыларына есімдері мәлім  кіл мықтылардан құралған.

«Әулие Ата» командасы Ағабек Момынов, Бахыт Сейітбеков, Бақыт Рықбаев, Иса Рахимов, Ақылбек Сейітов, Қалман Нәлібеков, Күліпбай Момынов, Әнуар Жұмағұлов, Бақыт Ақбаев, Нұрлыбек Сейтов, Асқат Момынов, Әліхан Мұратов, Темірхан Тұрсынбаев сынды қазақ-қырғыз көкпарының танымал балуандарынан жасақталған.

«Тайлақ» командасы 1993 жылы Алматыдағы республикалық спортшылар даярлау жоғары мектебі жанынан құрылған.  Жетекшісі –  көкпардан КСРО чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Саттархан Абдалиев. Команда құрамында Халықбаев Нұрлан, Маханбет Шалабаев, Саттар Салыбаев, Бақытжан Сламбаев, Болат Медеуов, Раушанбек Ақбердиев, Берікбай Досқұлов, Әбдіқаһар Қиянтаев сынды жас көкпаршылар өнер көрсеткен.

1993 жылы алғаш өткен бұл республикалық «Көкпар тойы – Тайбуырыл» бәсекесінің ақтық сайысында бас жүлдені «Сырдария» командасы мен «Тайлақ» командасы сарапқа салған. Нәтижесінде, бірінші орынды «Сырдария» командасы, екінші орынды «Тайлақ» командасы, үшінші орынды «Тайбурыл» командасы, төртінші орынды «Әулиеата» командасы иеленіпті.

1996 жылы Алматы қаласында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған ірі көкпар бәсекесі ұйымдастырылған. Бұл көкпар додасын Қазақстанда өткізілген алғашқы халықаралық жарыстың бастауы десек жаңылмаймыз. Аталмыш бәсекеге еліміздің Жамбыл облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы командаларымен бірге көрші Қырғызстан республикасының көкпаршылары да қатысқан. Осы жылы қазақ көкпаршылары Қырғызстанның Талас өңірінде  өткен «Манас»  халықаралық  көкпар жарысына қатысты.

1996 жылы Қазақстанның көкпаршылары мен аударыспақшылары, қыз қуу мен теңге ілудің үздіктері Венгрияда өткен Бүкілдүниежүзілік шабандоздар фестивалінде өнер көрсетті. Мажарстанның Кешкемет қаласында ұйымдастырылған бұл фестивальде Қазақтың ұлттық ат спорты өнері үздік деп танылып, бас жүлде қазақстандықтарға бұйырыпты.

1996 жылы Алматы қаласында елімжан азаматтардың ұйымдастыруымен «Республикалық Ат спорты федерациясы» құрылды. 1999 жылдан бастап  «Республикалық Ат спорты федерациясын басқаруды қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалды қолына алды. Командалық көкпардың халықаралық, республикалық ойындарының ресми ұйымдастырылуы да осы уақыттан бастау алады.

2000 жылы Қырғызстанда «Көкбөрі»  халықаралық федерациясы құрылып, командалық көкпарды әлемге танытудың алғашқы қадамдары жасала бастады. Бірнеше елдер қатарында Қазақстанның республикалық ат спорты федерациясы да осы халықаралық федерацияның мүшесі атанды.

2001 жылы Өскемен қаласында тұңғыш рет көкпардан Қазақстан чемпионаты өткізілді. Қыркүйектің 25-27 күндері өткен бірінші республикалық чемпионаттан Батыс өңірден басқа облыстардан тыс қалғаны некен-саяқ. Алғашқы көкпар чемпионаты онға жуық бірінші республикалық чемпионаттан команда арасында өтті. Ол кезде де оңтүстіктегі «Құлагер», Тараздағы «Әулиеата», т.б. осы күнгі аты әйгілі көкпар командаларының бар кезі.

2001 жылы Қазақстанның ұлттық спорт түрлерінен Ересектер арасында өткен І республикалық чемпионатының бас жүлдесін  Жамбыл облысының көкпар командасы, екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының көкпар командасы, үшінші орынды Қостанай облысының көкпар командасы иеленіпті. 2017 жылы еліміздің  он төрт көкпар командасы республикалық чемпионаттың жүлделерін XVII мәрте сарапқа салды.

2003 жылға дейін Қазақстанның көкпар құрама командасын қазақтың атақты көкпаршысы, Жамбыл облысының «Әулиеата» көкпар командасының негізін қалаушы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Құрметті спорт қайраткері Нәби Рүстемұлы Момынов жаттықтырып келді.  Бұл күнде әйгілі көкпаршыны еске алуға арналған республикалық көкпар турнирі дәстүрлі түрде ұйымдастырылумен келеді.

 

Суретте: Қазақтың атақты көкпаршысы, Жамбыл облысының «Әулиеата» көкпар командасының негізін қалаушы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Құрметті спорт қайраткері Нәби Рүстемұлы Момынов 

2003 жылдан бастап қазіргі кезге дейін Қазақстанның көкпар құрама командасын ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуанышбек Мәшірұлы Құрамаев жаттықтырып келеді.

 

Суретте:  Кезінде командалық көкпар бәсекелерінде және жаппай көкпарда сан мәрте топ жарған, 15 жылдан бері Қазақстанның көкпар құрама командасының бас бапкері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы  Қуанышбек Мәшірұлы Құрамаев

2004 жылы  Қуанышбек Құрамаев баптаған Қазақстанның көкпар құрама командасы тұңғыш рет халықаралық көкпар жарысының бас жүлдесін иеленді. Сол жылы Қырғызстан президентінің Кубогы үшін  Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және Қырғызстанның екі командасы қатысқан халықаралық жарыста Қазақстан көкпар құрама командасы жеңімпаз атанды. Бас жүлде – 25 мың АҚШ доллары болған. Содан бергі уақытта Қазақстанның көкпар құрама командасы  І Азия ашық чемпионатының (Астана, 2013 жыл), көкпардан Халықаралық бәсекенің (ҚХР Іле-Қазақ автономиялы облысы, 2015 жыл), І Әлем чемпионатының (Астана, 2017 жыл) бас жүлделерін жеңіп алды. Дүниежүзілік ІІ көшпелілер ойындарының (Қырғызстан, 2016 жыл) күміс жүлдесін иеленді.

2005 жылдан 21 жасқа дейінгі Жастар арасындағы республикалық көкпар чемпионатын өткізу басталды. 1984 жылы туған балалар арасында өткен алғашқы жастар чемпионаты Қостанай қаласында ұйымдастырылды. 2017 жылы Жастар арасындағы республикалық көкпар  чемпионаты ХІІ рет өтті.

2012 жылы 18 жасқа дейінгі Жасөспірімдер арасындағы  республикалық І чемпионат Павлодар қаласында өтті. 2017 жылы Жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты VI мәрте  ұйымдастырылды. (жалғасы бар)

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.