1949 жылы бекітілген көкпар ережесі

Командалық көкпар ойыны туралы қызықты деректер молая түсуде. Далалық көкпар ойынын қалалық тұрғындарға тамашалату бастамасы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін-ақ қолға  алынған екен. Сөйтіп, бірнеше жыл Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикаларында командалық көкпарды жүйелі ереже бойынша ойнау басталады. Ал, 1949 жылы спорттық ойын ретінде көкпардың жаңа ережесі бекітіліпті. Көп ұзамай командалық көкпардың алғашқы бәсекесін Мәскеу жұрты тамашалап, бұл ойын Бүкілодақтық ат спорты ойындарының қатарына  қосылған.

Сонда алғашқы командалық көкпар ережесі қандай болған? Байыптап қарасақ, көкпар ережесі 1949 жылы бекітілгенімен, кейінгі жылдары көп өзгерістерге түскенге ұқсайды. Алғашқы ережеде тіпті көкпар ойынына арналған алаңның көлемі де, көкпаршылардың саны да тұрақты емес. Қызығы сол, алаң көлемі қатысушылар санына байланысты өзгеретін болған.

Мысалы, әрқайсысы 5 ойыншыдан тұратын екі командаға арналған алаңның  ұзындығы 300 метр, ені 100 метр. Егер әр командада 10 адам болса алаң да екі есеге таяу үлкейеді, яғни – 500х200 метр. Ал, бір командада 20 адамнан болса – 1000х500 метр болады. Алаңның көлемі әр жерге тігілген қызыл жалаушалармен белгіленеді.  Екі жақта әр команданың өз шеңбері бар (диаметрі 10 метр).

Алаң ортасындағы шеңбердің диаметрі 6 метр.  Ойын осы орталық шеңберден басталады. Серке шеңбердің ішінде, ойыншылар шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс төрешінің ысқырық шалуымен басталады. Қазіргідей жекпе-жек жоқ. Төреші ысқырығынан соң барлығы бірдей серкеге ұмтылады.

Ойын уақыты да қатысушылардың санына байланысты. Негізінен, 8 бен 15 минут аралығында шектеліпті. Өз шеңберіне серкені көп тастаған команда жеңіске жетеді.

Суретте: Ресейдің Краснодар қаласында көкпардан өткен КСРО чемпионатында жеңімпаз атанған Қазақ көкпаршылары.

Міне, ең алғашқы жазылған командалық көкпар ережесі осылай түзіліпті. Оған да жетпіс жылға жуық уақыт өткен. Атақты көкпаршы, командалық көкпардан КСРО-ның ІХ дүркін чемпионы Дауылбаев Әбілхан ақсақалдың айтуынша 1980 жылдан 1991 жылға дейін де командалық көкпар ойынының ережесі бірнеше өзгерген. Ардагер көкпаршы айтады: «КСРО чемпионатындағы көкпарда біз алғашқы жылдарда серкені шеңберге тастап та әуре болмайтынбыз. Алаңның үлкендігін айтсам, ұзындығы асса 60-70 метрдей, ені 20 метрдей ғана еді ғой. Ойын ортадағы шеңберден басталатын. Басымызға «каска» киіп алатынбыз. Арасы онша алыс емес алаңның екі шетінде екі бағанада жалау тұрады.  Серкені тақымға басып, соның арғы жағына өтіп кетсең болғаны, ұпай жазылады. Кейіннен ғой арнайы шеңбер жасап, серкені сол шеңберге тастайтын болдық».

Төлеген Жәкітай

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.